
Сурет: proarticles.org
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, қазір өңір ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту жоспарын орындау жөнінен елімізде ең алдыңғы орынға шығып отыр. Бүгіннің өзінде облыс Ауыл шаруашылығы министрлігінің аймаққа белгілеген жоспарының төрттен бірін орындаған. Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дәурен Тоқушынов алдағы уақытта да осы қарқыннан түспейтіндіктерін айтты.
Өнеркәсіп саласында алынған жалпы өнім көлемі 162,3 млрд теңге болып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,2% төмендеді. Алайда тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 27,5%-ға артты. Өнеркәсіптің шамамен 80%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл саладағы өнім 129,6 млрд теңге болып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,1 пайыз ғана өсім байқалды. Сондай-ақ электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен, кондиционерленген ауамен жабдықтау 9%-ға төмендеді.
Құрылыс жұмыстары жылдың алғашқы тоқсанында өсім қарқынынан айрылған жоқ. Үш айда сала белгіленген межені 28,8% артық орындады. Күрделі жөндеулер көлемі былтырғыдан 1,6 есе артық болып, 2,2 млрд теңге болды. Ағымдағы жөндеулер де былтырғы жылдың сәйкес мерзімінен 18,0%-ға асып түсті.
Үш айда облыс бойынша 30,6 мың шаршы метрдің тұрғын үйі пайдалануға берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 7,3%-ға артық. Жетістіктің негізгі бөлігі жекеменшік тұрғын үй құрылысының есебінен болып отыр. Пайдалануға берілген барлық тұрғын үйдің 97%-ы солардың үлесі. Бұл көрсеткіш бойынша аудандар арасында Есіл, Мамлют, Айыртау аудандары көш бастап тұр. Тек Тимирязев ауданы ғана артқа тартып, былтырғыдан 4,5% төмен болды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан облыстың ішкі, сыртқы саудасы жылдың алғашқы тоқсанында 206,7 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 10,8% артық болды. Бөлшек саудада үш айда 89,3 млрд теңгенің тауары сатылған.
Көлік саласындағы табыс мардымды емес. Жыл басынан бері саланың көрсеткіші 63,4 млрд теңге болып, былтырғыдан сәл төмендеп кетті. Облыстың экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов «мұның басты себебі статистика органдарының есептеудің дұрыс тәсілін қолданбауында» дейді. Не де болса бұл сала облыстың көрсеткіштерін артқа тартып тұр.
Байланыс саласы үш айда 3,0 млрд теңгенің жұмысын атқарып, 3,4% өсім көрсеткен. Бұл – облыстың 138 мектебіне «Starlink» жарақтарын қойдырып, «Транстелеком» АҚ-мен арадағы мәселелерді шешудің арқасында қол жеткізілген табыс.
«Облыс Үкіметтің экономикалық өсімге байланысты тапсырмаларын бұлжытпай орындау жолында қала, аудан әкімдері ай сайын 7 пайыздық өсімге қол жеткізуді, барлық инфрақұрылымдық жобалардың толық, уақтылы орындалуын қамтамасыз етулері керек, экономиканың өсуіне септесетін қосымша резервтер табуы қажет», дейді Экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Солтүстік Қазақстан облысы