
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Осы кітаптың қалай жазылғанын да білетін едім. Екі, әлде үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Туған жер туралы толғаныс, ауылдың алғашқы қазығын қаққаннан бері өсіп-өркендеу жолы. Ел байлығын еселеген еңбекқор адамдар, Екінші дүниежүзілік соғыста жат жерде қалған боздақтар, соғыстан аман келіп, туған жердің түтінін түзу ұшыруға үлес қосқандар. Ел ішіндегі береке-бірлікке ұйытқы болған жақсы мен жайсаң, көпбалалы аналар. Кім жоқ дейсіз тәйірі, осы топырақта кіндік қаны тамған қаншама жұрт. Түгелге жуық болар.
Апта аралатып, ай аралатып ақсақал кабинетімнің табалдырығынан аттап келер еді. Жаңа бір дерек тауып әкеліпті, жаңа бір әңгіме естіпті. Соны жинағына қосып, мазмұнын байытпақ, мағынасын үстемек. Қолқасы да бар. Айтары «Мен жазушы емеспін ғой, мына бір сөйлемдердің мұртын басып берші». Үлкеннің сөзін далаға тастауға болмайды. Білгенімізше көмек көрсеттік. Мұндай дүниелерге мұқият болу керек. Шынында солай-ау, ертең осы ауыл туралы мағлұмат іздер жан болса, керек дүниесінің бәрін осы жинақтан табары сөзсіз.
«Мен де ауылым туралы кітап жазып едім, – деді қасымда отырған көпшілікке танымал көшелі кісі. – Тәп-тәуір жинақ болып шықты. Кейін ауылдастарыма екі мың теңгеден сатып алыңдар десем, ешқайсысы алғысы келмейді. Ішінде өздерінің әкелері мен аталары туралы деректер бар».
Әлден уақытта сырты әдемі безендірілген, қап-қалың жинақтың тұсауы кесіліп, шашу шашылды. Әдеттегідей сөз сөйленген. Баспаханадан жаңа шыққан, сиясы әлі кеппеген жинақты оқымаса да, көдедей көп шешен қиялай тартқан. Бірінен бірі асырып мақтап жатыр. Сөз соңында ел мұрасына өз үлесін қосқан ақсақал бүгінгі шаруасының мәні туралы қысқаша айтып өтті. Ойын түйіндей келе, кітапхананың іргесіндегі дәмханада дастарқанның жаюлы тұрғандығын айтып, тұсаукесерге қатысқан тілектес, ниеттес ағайынды сонда шақырды. Дәл осы сөзді тосып отырғандай ошарылған топ дүрк етіп көтерілген. Көптің соңын ала біз де шықтық. Шығып бара жатып қарасам, алдыңғы орындықтарда жаңа ғана ақсақал сыйлаған он шақты кітап қалып барады екен. Қап...
Көкшетау