Аймақтар • Кеше

Үкімет ШҚО-дағы дәрігерлік амбулаторияға 67 млн теңге бөлді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданы, Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория салу жұмыстарын аяқтауға қаржы Арнаулы мемлекеттік қордан берілді, деп жазады Egemen.kz.

Үкімет ШҚО-дағы  дәрігерлік амбулаторияға 67 млн теңге бөлді

Фото: egemen.kz/ Қырмызы Жұмағалиқызы

Бүгінгі таңда нысанның құрылысы 65%-ға орындалған. Жалпы құны 419 млн теңгені құрайтын жобаға бұрын Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазір инженерлік желілер: сумен жабдықтау, электр энергиясы және коммуникацияларды жүргізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.  Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылысты толық аяқтап тапсыру 2025 жылдың мамырына жоспарланған.

Қазақстанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 нысан, соның ішінде медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулатория  салу жоспарланған. Бүгінде 467 нысанның құрылысы аяқталды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қордан да жүргізіледі. Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдікке қалған 188 медициналық нысанның құрылысына және ауруханалардың қайта құрылуына апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырып отыр.