Ғылым • Кеше

Ғалымдар 3D карта арқылы тышқан миының мүмкіндігін зерттеді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғалымдар сүтқоректілер миының бұрын-соңды жасалмаған ең үлкен картасын ұсынды. Бұл – нейроғылымдағы ерекше жетістік. Зерттеу нәтижесінде тышқан миының көрумен байланысты кішкентай бөлігінен 200 мыңнан астам жасуша анықталып, олардың орналасуы мен байланыс желісі 3D картада бейнеленді, деп жазады Egemen.kz.

Ғалымдар 3D карта арқылы тышқан миының мүмкіндігін зерттеді

Картада 82 мың нейрон, 500 миллионнан астам синапс (нейрондар арасындағы байланыс нүктесі) және 4 шақырымға жуық нейрон сымдары көрсетілген. Бұл мәліметтердің бәрі – тышқан миының тек 1 мм³ көлеміндегі бөлігінен алынған. Мұндай дәлдік пен ауқым бұған дейін адам миының текше миллиметрлік картасында ғана кездескен еді. Бірақ онда небәрі 16 мың нейрон мен 150 миллион синапс болған. 

Зерттеушілер алдымен тышқанның көру қыртысындағы 76 мыңға жуық нейронның белсенділігін тіркеген. Тышқан екі сағат бойы экраннан түрлі видеоларды, соның ішінде «Матрица» фильмінен үзінділерді көрген. Осы кезде ми жасушалары қалай жұмыс істейтіні, бір-бірімен қалай байланысатыны жазылып алынған. Кейін тышқан миының сол бөлігін өте жұқа мыңдаған тілікке бөліп, әрқайсысын микроскоппен суретке түсірген. Суреттердің бәрі арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы біріктіріліп, 3D карта жасалған. Жасанды интеллект пен машиналық оқыту арқылы нейрондар мен олардың тармақтары, синапстары анықталып, картаға түсірілген. Зерттеу нәтижесінде ми нейрондарының арасындағы байланыс заңдылықтары да анықталды. Мысалы, ұқсас көріністерге жауап беретін нейрондар – бірдей бағыттағы қозғалыс немесе белгілі бір пішін – бір-бірімен жиі байланысады екен. Бұл олардың арақашықтығына қарамастан жүзеге аса береді. 

Зерттеуге 150-ден астам ғалым қатысқан. Жоба «Кортекстік желілерден машиналық интеллект» (MICrONS) деп аталады. Ғалымдар жинаған деректерді барша зерттеушілерге ашық түрде ұсынып отыр. Қазір карта тышқан миының тек 0,2%-ын ғана қамтиды. Дегенмен, зерттеу тобы болашақта бұл технологияны бүкіл ми көлемін картаға түсіруге пайдаланбақ. Ғалымдардың айтуынша, зерттеу мидың көру, есте сақтау, ақпаратты өңдеу сияқты күрделі қызметтерін тереңірек түсінуге жол ашады.