Әдебиет • Бүгін, 17:44

Букер-2025: Давид Салаидың «Тән» романы туралы не білеміз?

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2025 жылғы Букер сыйлығының лауреаты британ-венгр жазушысы Дэвид Солой атанды. Жазушы беделді марапатқа «Тән» яки «Flesh» романы үшін ие болды. Қазылар алқасы «айрықша құбылыс» деп бағалаған туындыны біз де зерделеп көрдік, деп жазады Egemen.kz.

Букер-2025: Давид Салаидың «Тән» романы туралы не білеміз?

Әдебиет саласындағы ең беделді марапаттардың бірі – Букер сыйлығын табыстау рәсімі Лондонда дүйсенбіге қараған түні өтті. Биылғы қазылар алқасына ирландиялық драматург Родди Дойл төрағалық етті. Айтуынша, қысқа тізімге енген алты кітапты қазылар алты сағат талқылаған.

Родди

«Тәнге» қайта-қайта тәнті болдық. Өйткені бұл – бөгенайы бөлек шығарма. Бұған дейін мұндай кітапты ешқашан оқыған емеспіз. Мазмұны мұңлы, салмағы ауыр роман болса-дағы, оны оқу – нағыз ләззат», деді Родди Дойл.

Қазылар алқасының төрағасы осынша көкке көтерген шығарманың сюжетіне назар аударайық. Басты кейіпкер – Иштван есімді ер адам. Оның өмірі Венгрияда басталып, Ұлыбританияда аяқталады. Жадағай өмір, жұпыны тұрмыс суреттеледі. Алайда жазушы Дэвид Солой һәм оның кейіпкері де екі ел арасындағы кеңістікті бұрынғы мен бүгінгінің,  болмыс пен сананың арасындағы шекара ретінде пайдаланады. Бұл шығарма миграция туралы хикаядан гөрі адамның шектеулі уақыт ішіндегі тарамыс тағдырын сөз етеді. Романның өзегінде – дене мен жадының байланысы жатыр. Мұнда дене адамның өткенін сақтайтын құты ретінде көрініс табады. Жазу стиліне келсек, Солой баяндаудан әдейі бас тартады. Ол оқырманға кейіпкердің ішкі жай-күйін түсіндірмейді, өзі сезінсін деп емеурін жасайды.

Дэвид Салей деген кім?

Британдық әрі венгр текті жазушы Дэвид Солой – Букер сыйлығын жеңіп алған алғашқы венгр ұлтының өкілі. Ол Канадада дүниеге келген, кейін Ливанда, Ұлыбританияда, Венгрияда тұрып, бүгінде Венада өмір сүріп жатыр.

Солойдың қаламынан туған алты көркем туынды жиырмадан астам тілге аударылған. Сондай-ақ ол BBC радиосына арналған бірнеше радиопьесаның авторы.

Дэвид

Жазушының алғашқы романы «Лондон және Оңтүстік-Шығыс» (2008) Бетти Трэск және Джеффри Фейбер атындағы әдеби сыйлықтарға ие болған. Ал «Адамдағының бәрі» атты шығармасы Гордон Бёрн және Плимптон атындағы марапаттарға лайық көрініп, 2016 жылғы Букер сыйлығының қысқа тізіміне енген. Кейін ол «Турбуленттілік» атты әңгімелер жинағы үшін 2019 жылы Эдж-Хилл сыйлығын алған. Жазушының соңғы еңбегі – «Тән» романы – оның алтыншы кітабы.

2010 жылы The Telegraph газеті Солойды «қырық жасқа дейінгі ең үздік жиырма британ жазушысының» қатарына енгізсе, 2013 жылы Granta журналы оны «Ұлыбританияның ең талантты жас романистерінің бірі» деп атаған.

«Тәннің» өзі не дейді?

Романның алғашқы абзацы былай басталады:

«Он бес жасқа толғанда шешесі екеуі басқа қалаға қоныс аударып, жаңа мектепте оқи бастады. Бұл жас оның күрделі кезеңі. Мектепте сірескен тәртіп орнаған. Дос таба қою оңай емес. Әйтсе де күндердің күнінде жанына жақын жолдас табады. Ол да жалғыз. Арагідік сабақтан шыққан соң екеуі бірге уақыт өткізеді. Батыс стиліндегі сауда орталығын аралайды.

–Сен әлгіні қылып көріп пе едің?
–Жоқ, – дейді Иштван.
–Мен де, – дейді оның досы және бұл оның емін-еркін ақтарылған әңгімесі еді. Ол жыныстық қатынасты меңзеген еді. Ол Иштванға сыныптағы қай қыздарға аңсары ауатынын айтады...»

Тән

Әрі қарай бозбаланың бошалаң ойы тым ашық суреттеліп кетеді. Алғашқы абзацынан романның қай бағытта өрбитіні аңғарылады. «Тәннің таңғажайып һәм беймәлім құбылыстарын сезіндіреді» деген қазылар алқасының сөзіне қарағанда, шығарма нәпсі қалауларының қатпарларын аршып көрсетеді.

Бұндай үрдіске қарсы шыққан әдебиет сыншылары да аз емес. Оның ішінде шығыс елдері ғана емес, батыс елдеріндегі гуманистік идеяны жақтаушылар баршылық. Олар Нобель яки Букер сияқты халықаралық бәйгелердің тым саясиланып кеткенін, адамзаттық құндылықтардан алыс шығармаларға ғана жүлде беріп жатқанын мәлімдеген еді.

Алайда байқаудың ұйымдастырушылары бұл сынға келіспейді. Онысы белгілі де.