Маман • Кеше

Білікті маманға ұсыныс көп

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылы жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулып, біліктілігін арттыруға жол ашады. Кәсіби деңгейі жоғары маман қай салада да сұраныссыз қалмайды. Сыр бойында атаулы жыл аясында бірқатар игі бастама жүзеге асты.

Білікті маманға ұсыныс көп

Сурет: kp.ru

Қорқыт ата атындағы Қызылор­да университеті инже­нер­лік, ауыл шаруашы­лығы, құрылыс, IT және өндірістік технология­лар салалары бойынша сту­денттерді тәжірибелік оқы­туға басымдық беріп отыр. Оқу орнында жұ­мыс­шы ма­­мандықтарының маңыз­ды­­лығы кеңінен насихатта­лып, жастардың қызығушылы­ғын арттыру мақсатында түрлі көр­мелер, семинарлар мен форумдар ұйымдастырылады.

Облыста жұмысшы маман­дықтарын игерген жастарға «Жұмыспен қамту жол картасы», «Даму» мемлекеттік бағдар­ламалары аясында түрлі гранттар ұсынылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңей­­тілді. Алда құрылыс саласын жандандыратын бірнеше іс-шара жос­парда тұр. Оқу орны студент­тердің құрылыс жасағын қайта жаңғыртып, жастарды осы іске жұмылдырды. Аймақтағы жұмыс күшін көп талап ететін саладан студенттер  қаржы тауып, тәжі­рибе жинақтайды.

Облыста орта буын мамандар даярлайтын оқу орны­ның бірі – И.Әбдікәрімов атын­да­ғы Қызылорда аграрлық-тех­ни­калық жоғары колледжі.  Кәсіптік-техникалық білім сапа­­­сын жетілдіру бағытында оқу орны өндірісшілермен тығыз байланыс орнатып, олардың талаптарына сәйкес мамандар даярлауға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесін дамыту арқылы түлектердің тәжірибелік дағдыларын артты­руға ерекше көңіл бөлінген. Кол­ледж директорының оқу-өн­ді­рістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова бүгінде оқу орны 34 мамандық, 35 біліктілік бойынша орта буын техникалық мамандарын даярлап, ел экономикасының сұранысына сай маман даярлайтынын айтады. 

«Колледж өңірге инвес­тиция салған Германияның «Seven Rivers» компаниясымен әріп­тес­тік орнатып, шыны зауытын салу жобасына қажетті техникалық мамандарды даярлау мақсатында арнайы білім бағдарламасын әзірледі. Бұл аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, түлек­тер­дің жұмысқа орналасу мүм­кіндіктерін де кеңейтеді. Колледж халықаралық тәжірибе алмасу бағытында да белсенді. Былтыр желтоқсан айында оқу орны АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан NSSER біліктілікті бағалау орталығының халық­аралық аккредитациясынан сәтті өтті. Аккредитация аясын­да колледждің 11 білім алушы­сы «Электрмонтаждаушы» құзы­реттілігі бойынша халық­аралық сертификатқа ие болды», деді Мағрипа Махмұтқызы.

Қаладағы «Оrda» жоғары колледжінде де студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту­ға қатысты бірнеше жоба жа­салған. Колледж дирек­торы­ның орынбасары Арайлым Қонақ­баева 2023 жылы шеберлікті шыңдау мақсатында Германия мен Швейцариядан білікті тә­лімгерлер шақы­рылға­нын айтады. Германиялық маман студенттерге өз елінде автокөлікті жөндеу, техникалық қызмет көрсету саласында көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман ретінде дәріс берді, швейцариялық маман IT саласындағы бағдарламалау негіздерінен бастап, кәсіби деңгейге дейінгі оқыту жүйесін енгізді.

«Колледжде газ құбырларын орнату бойынша білім алып жатқан жастар өңірге аса қа­жет. Олардың дені колледжді бітір­мей жатып, тәжірибеден өту кезінде жұмыс тауып алады. Кәсіпорындармен келісім жасасу маман сапасына да серпін беріп отыр. Бұрыннан да бар осы дәстүр Жұмысшы мамандықтары жылында жаңғыра түсті», – дейді А.Қонақбаева.

Мамандардың айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жақсы. Әсіресе дәнекерлеуші мамандығын бітіргендер далада қалмайды, жалақылары да жоғары. Электрик мамандығын бітіргендердің көпшілігі айлықтың аздығынан салаға бара бермейді. Колледж оқытушылары осы мәселені аймақтағы өндіріс орны жетек­шілерімен «Атамекен» кәсіпкер­лер палатасы алаңындағы кездесулерде жиі көтеріп келеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА