
Округ орталықтарында мемлекеттік мекеме түгел, әлеуметтік мәселе барынша шешілген. Ауыл әкімі, әкімдік аппараты бар, басқару тетігі әбден қалыптасқан. Дегенмен округ орталығынан бөлек жатқан шағын елді мекендерде жағдай қандай? Көбіне бұрынғы кеңшар бөлімшесі, мал фермасы болған ауылдардың қазір бас иесі кім?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз сапалы мемлекеттік басқарудың берік негізін қалыптастыру үшін Үкімет пен қоғамның моральдық стандарттарын жақсартуымыз керек» деген сөзі бар. Жалпы, қазақ халқының басқару жүйесі ғасырлар бойы өзгеріп, әр кезеңнің талаптарына сай бейімделіп отырды. Дәстүрлі билік құрылымы көшпелі қоғамның ерекшеліктеріне негізделді. Халық қажетін ескеретін басқару жүйесі қалыптасты. Бір кездері осындай жүйенің ең басында ауылнай деген лауазым болған екен. Біз соны қалпына келтірдік, – дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Елдегі билік реформасына сәйкес 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін халық тікелей өзі сайлайтын болды. Қазталов ауданында да 2021 жылы – 4 әкім, 2022 жылы – 3, 2023 жылы – 7, 2024 жылы 4 әкім сайланды. 2025 жылдың басынан бері тағы бір ауыл өз әкімін таңдап алды. «Бұл реформа халықтың жергілікті билікке деген сенімін арттырып, олардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына жол ашты», дейді аудан басшылары. Осы ауылдық округ әкімдерінің жұмысын жеңілдету, ауыл халқының мұң-мұқтажын жедел шешу мақсатында округ орталықтарынан бөлек елді мекенде ауылнай тағайындалып, бірнеше жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Биыл да аталған шағын ауылдарда жиналыс өтіп, 31 елді мекеннің ауылнайы анықталған.
Бір қызығы, халық арасынан шыққан бұл ауылнайлар жалақы алмайды. Рас, жыл соңында жұмыс нәтижесіне қарай марапат алып, мақтау естуі мүмкін. Бірақ өзі тұратын шағын ауылдың шаруасы, тұрғындардың мұң-мұқтажы үшін алдымен шыр-пыры шығатын – дәл осы ауылнай.
– Ауылнайдың мақсаты – елді мекенде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдесу, тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруге көмектесу, ең бастысы елді мекен тұрғындарының өзекті мәселелерін аудан, ауыл әкімінің назарына ұсынып, шешілу жолына атсалысу, елді мекенді дамытуға үлес қосу, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.
Шағын ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылға алдымен инфрақұрылым – жол, су, жарық, байланыс керек. Тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу басты орында. Ауылнай қал-қадерінше барлық салаға араласады. Баланың оқуы, науқастың денсаулығы, ауылдың экологиясы, халықтың тыныштығы, тіпті төтенше жағдай кезінде халықты ұйымдастыру, хабардар етуге де сол қауымның өз ортасынан шыққан басшы болғаны дұрыс-ақ.
Ауылнай өзі тұрған ауылдың бүкіл отбасын жақсы таниды. Әр шаңырақта, әр отбасында болып жатқан жағдайды одан жақсы білетін адам табу қиын. Араздасқанды татуластыру, телі-тентекті тию ең алдымен қауымның өз ішінде жүреді. Қазір біраз ауыл ішімдіктен бас тартты, алкоголь сатылмайды. Бұл істе де ауылнайдың ықпалы зор. Бүлдіргі діни ағымдардың алдын алуға, ұлттық дәстүрге қайшы әдет-әрекетке де алдымен қарсы шығып, бұл туралы әкімдікке, учаскелік полицияға, аудандық ішкі саясат бөліміне хабарлауды да ауылнай өз міндетіне алған. Әр округтегі ресурстық орталық мамандарымен бірлесіп, түрлі мәдени-спорттық, патриоттық іс-шараларды ұйымдастырады. Жасы толған жігіттердің әскерге баруы, ауылдың санитарлық тазалығы, тіпті халықты газет-журналға жаздырып, олардың ақпараттық сауатын арттыру ісіне де араласады.
Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қазір Қазталов ауданында қарапайым еңбек адамының, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған жұмыс көбейді. Әр ауылда, халық арасында жүрген еңбек ардагерлерінің ісі дәріптеліп, насихатталып жатыр.
Жақында ауылнайлардың басын қосқан «Ауыл – береке мен бірліктің қайнар көзі» атты бірінші форум өтті. Форумда ауылнайлардың жұмысын жетілдіру, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар, елді мекендердің әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі А.Сарқұлов ауқымды іс-шараның Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен ұштасып отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі форум азаматтық қоғам қалыптастырудың айқын көрінісі. Ауылнайлар жергілікті әкімдікпен, депутаттармен, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның қызметі ауылдық жерлердің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Форум аясында елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында «Үздік ауыл», «Үздік ауылнай» сынды жобаларды жүзеге асырып, ауылнайлар арасында тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру семинарларын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Жиын соңында былтыр «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша үздік нәтиже көрсеткен Болашақ, Талдыапан ауылдық округтерінің әкімдіктеріне су жаңа автокөлік берілді.
Батыс Қазақстан облысы