Аймақтар • Кеше

Сағы сынған саябақ

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Макинск қаласының тұр­ғындары екінші жыл қа­тарынан саябақ­та­рының жайын айтып дабыл қағып келеді. Спор­тив­ный көшесінің бойындағы ша­ғын парктің бір бүйірі адам көргісіз. Ағаштары шіріп, батпаққа айналған.

Сағы сынған саябақ

Тұрғындардың айтуына қарағанда, шақпақ тас төселіп, табиғи суағар­ларды жауып тастаған.

– Осыдан екі жыл бұрын құрылысшылар іске кіріскенде төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалды, – дейді қала тұр­ғы­ны Жасұлан Кәрібаев. – Әуелгі жоспар бойынша орман шоқ­та­рының етегін кәдімгі сая­бақ­қа айналдырмақ еді. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жайлы орындықтар қойылмақ. Сам жамы­рағанда аспалы шамдар төңі­ректі күндізгідей жап-жарық етпек. Халық сенген. Сенген соң қуанған. Ертегідей әдемі жоспар орын­дала қоймапты. Орындық та, шам да жоқ. Саябақ деген атауы ғана, сая болатын ештеңе көрін­бейді. Шақпақ тастар төселген жол көктемгі қызыл судың жолын бөгеп, қорысқа айналды. Өткен жылғы көктемде еріген қар суы лықылдап ағып келіп, жолға тірелген. Ылғалға мелтектеген қыруар ағаш шіри бастады.

Жергілікті тұрғындар сағы сынған саябақтың жайын айтып жергілікті әкімдікке хат жолдаған. Тіпті облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар әлемі аумақтық инспекциясына да ұжымдық шағым жолдаса керек. Арыз-шағымнан кейін Бұланды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы бөлімі, қалалық мәслихат өкілдері, қала әкімі келіп, сая­бақ­ты көздерімен көріп, аз уа­қыт­тың ішінде бәрін тәртіпке келтіреміз деп сендірген. Әйтсе де ешқайсысы жаз бойы ат ізін салмапты. Өткен жылғы ұжымдық шағымға аудан басшылары арнаулы техниканың көмегімен су өткізетін құбырлар орнатылды, жиналып қалған су төгілді. Барлық кемшілік жойылып, орнына келтірілді деген жауап келген.

Шын мәнінде бұл жерге ешкім де келген жоқ дейді қала тұр­ғындары. Парк маңындағы тұр­ғындардың айтуларына қарағанда, бұрын суағарлар септігін тигізіп тұрса керек. Көктемгі қар суы жыралар арқы­лы төменге ағып кететін болған. Қазір бұл жыралар жабылып қалған. Кесірі қыруар ағашқа тиді. Жаз бойы бақа басып кетеді. Батпаққа айналған жердің масасы мен шыбын-шіркейі буып тұрады. Сасық иісі қолқаны қабады. Саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жүретін жолдың өзі сапасыз салынған. Біреуі жаңа пайда болған көлшікке келіп тірелсе, екіншісі күрт үзіледі.

Саябақты сақтап қаламыз деген ынта болғанымен, нақ­тылы жұмыс жоқтың қасы. Бұланды аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Есімовтің пікірінше, саябақты жөндеуден өткізуді көздеген жоба қаржының жетімсіздігінен тоқтап қалған. Конкурс ерте өткізілген, мердігер анықталған. Әйтсе де қаржы жоқ.

– Қазір саябақтағы суды ағызып жібердік, енді су өткізетін құбырды қай жерге орнату туралы ақылдасудамыз, жердің кебуін тосып отырмыз, – дейді бөлім басшысы. – Бәлкім мамыр айының екінші жартысында бас­талып қалуы мүмкін. Жобаны жұмысты бастаған компания аяқтамақ. Олар су шайып кеткен алаңқайларды да тәртіпке кел­тіреді.

Қыруар жұмыс күтіп тұр. Қала тұрғындары саябақтың сәнін келетіндігінен үмітті.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы