
Фото: freepik.com
Динара Закиеваның хабарлауынша, сауалнама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Бала құқықтарын қорғау комитетімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарындағы мектептерде өткізілген.
«Өкінішке қарай, Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы – бұл облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі. Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді», деді ол.
Сауалнама қорытындысы бойынша келесідей заңбұзушылықтар анықталған:
- Ақша бопсалау, тамақ тартып алу және мұғалімдер тарапынан күш қолдану;
- Дене шынықтыру және алгебра пәні мұғалімдерінің оқушыларға тиісуі;
- Еңбекшіқазақ ауданында мұғалімдер тарапынан болған зорлықтан кейін екі оқушының ауруханаға түсуі;
- Жамбыл ауданында 5-сынып оқушысын топ болып ұру;
- 50 бала қатысқан жаппай төбелес, және үлкен сынып оқушыларының кішілерден ақша бопсалауы;
Омбудсменнің айтуынша, мектеп әкімшіліктері құқықбұзушылықтарды жасырып отыр немесе мүлде назар аудармайды. Мектептерде жүргізілген сауалнамада балалар буллинг пен бопсалау бар екенін көрсеткенімен, ресми есептерде бұл көрсеткіштер 0% деп көрсетілген.
«Бұл Алматы облысындағы тәрбие жұмысының және құқықтық нормалардың орындалуы өте төмен деңгейде екенін көрсетеді. Аталмыш фактілердің бәрін біз облыс басшылығы, полиция және өзге басқармалармен өткен қорытынды жиналыста жария еттік. Сондай-ақ біз облысқа және уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын анықтама дайындадық», деді Динара Закиева.