06 Мамыр, 2015

Әлем тоқырау табалдырығында тұр

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Әлемдік экономиканы адамзат тарихындағы бұрын-соңды болып көрмеген тоқырау күтіп тұр», дейді Ұлыбританияның өте танымал сарапшыларының бірі Джереми Уорнер. Ол өзінің «The Daily Telegraph» газетінде жарық көрген мақаласында әлем экономикасының болашақ күйреуінің кейбір себептерін көрсетеді. Құнсыз қағаз ақша көбейіп барады дагдарысАтақты сарапшының айтуынша, жақындап келе жатқан әлемдік экономикалық тоқырауға негізінен еуроаймақтағы елдердің мемлекеттік облигацияларының 30 пайызынан астамының құн­сыздануы себеп болмақ. Сарапшы еуроаймақтағы мемлекеттердің құнды қағаздарының құнсыз­дануының экономикалық салдарларына тоқтала келіп, ал­дағы уақытта кәрі құрлықтың да­мыған мемлекеттерінің 2 трил­лион еуро тұратын мем­ле­кет­тік облигацияларының құнсыз­данатындығын атап көрсетеді. Израиль теледидарының 9-шы арнасының мәліметтері бойынша, Джереми Уорнер сарапқа салған еуропалық жетекші экономикалардың ертеңі барған сайын бұлыңғырланып бара жатқан көрінеді. Jefferies инвестициялық банкінің деректеріне сүйенсек, Германияның 70 пайызға жуық мемлекеттік облигациясы, Францияның 50 пайыздан астам мемлекеттік  облигациясы залалды болып отыр. Міне, осындай бұлтартпас айғақтарды зерттей келіп, Джереми Уорнер Еуропаның жетекші экономикасының тығырыққа тірелетінін айтады. Оның ойынша, соңғы кезде Еуропалық орталық банк тарапынан жасалып жатқан жүйесіз қадамдар онсыз да тоқыраған экономикаға соққы болып тиюде. Ұлыбританиялық сарапшының мақаласында атап көрсетілгеніндей, әлемдік экономиканың тоқырауға ұшырауына дүниежүзілік сұ­ра­­нысқа кері әсер етіп отырған мем­лекеттік қарыздардың шектен тыс өсіп кетуі басты себептердің бірі болып отыр. Мамандардың мемлекеттік қарызды барынша қысқарту туралы дабыл қаққанына қарамастан «үлкен жетілік» мемлекеттері өздерінің мемлекеттік қарыздарын одан әрі арттыруға бет бұрды. Тек соңғы жылдың өзінде ғана бұл  елдердегі мемлекеттік қарыздың көлемі 40 пайызға артқан. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» көрмеген «үлкен жетіліктің» құрамындағы  елдер экономикалық тығырықтан шығудың басқа тиімді жолын іздеудің орнына мемлекетті қарызға батырудың оңай жолына көшкен. Мемлекеттік қарызға құныққан шенеуніктерден жекеменшік кәсіпкерлер де қалысар емес. Тек соңғы жылдың өзінде ғана олардың қарызы 30 пайыздан асып түскен. Батыстағы дамушы елдер­дің орталық банктері макро­экономикалық ахуалды ушық­тырмаудың бір ғана жолы станокты іске қосып, қағаз долларды басып шығаруға ден қояды. Сөйтіп, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Еуропалық одақ елдері қағаз ақша басатын «станоктарға» жиі жүгінетін болды. Ал дүниежүзінде шексіз көбейіп кеткен құны жоқ қағаз ақшаның түптің-түбінде  экономиканы жарға жығатынын айтып, сарапшылар жар салуда. Соғысты тоқтату – босқындар тасқынына тосқауыл Жерорта теңізі арқылы кәрі құрлыққа жетуге ұмтылған босқындардың тасқынына да толас болар емес. Тек соңғы екі күн ішінде ғана Италияның теңіз жағалауындағы шекарашылары жарамсыз қайықтармен теңізді кесіп өтпек болған 5 мыңнан астам мигранттарды құтқарып қалды. дагдарыс-1Бұл ірі құтқару операциясы шарасына 10 италиялық кемелер, 4 жекеменшік және 1 француз кемесі қатысты. Соның өзінде ескі қайыққа мініп жүзіп өтпек болған 10 мигрант суға кеткен. Бұл құтқару шарасы 19 сәуірде Жерорта теңізінде босқындар мінген кеменің апатқа ұшырап, 700-ден астам мигранттардың қаза табуынан кейін жасалып отырған қадам. Бірақ әділетсіз соғыс зардаптарынан от пен оққа оранған туған жерлерін тас­тап, жан сауғалаған босқындар тасқыны толастар емес. Көптеген журналистер қазірдің өзінде Жерорта теңізін «босқындардың бауырлас­тар зираты» деп атай бастады. Күн сайын әлемнің ақпарат агенттіктері осы теңіз арқылы жан сауғалап, кәрі құрлықтағы «жұмақ» елдеріне жетпек болған кезекті босқындардың апатқа ұшырағанын жариялап жатады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бастарын бәйгеге тіккен бұл босқындар негізінен соғыс өртіне оранған Сирия, Ирак, Ливия және басқа Африка мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтары болып отыр. Бұл өңірлерді соғыс алаңына айналдырған алпауыттардың арсыз саясатының салдарынан миллиондаған қарапайым халық босқынға айналып, өмір сүретін тыныш жер іздеу жолында апатқа ұшырауда. Қазір өркениет үлгісі болып есептелетін Еуропаның дамыған елдерінің өзі «қайтсе болады, не істеу керек?» деген  күрделі сұрақтарға жауап іздеуде. Бір жағынан, өркениет үлгісі болып табылатын бұл елдер үшін қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу бірінші кезектегі жауапкершілік. Ал екінші жағынан, мыңдаған босқындарды өз елдерінің шекарасына кіргізіп, жергілікті халықтың мүддесіне нұқсан келтіру орны толмас өкінішке апаруы мүмкін. Мәселен, «Tageszeitung» атты неміс басылымы «Енді қашан оларға виза беріледі!» деген тақырыппен мақала жариялап, Жерорта теңізінде болып жатқан апаттар салдарын ашына баяндаған. Журналист осы мақаласында Еуропалық одақтың Жерорта теңізі арқылы келетін мигранттар проблемасын түпкілікті шешу үшін енді қанша босқын суға кетуі керек, деген жанайқаймен аяқтайды. Неміс журналисі орынды атап көрсеткендей, Таяу Шығыс және Африка елдерін соғыс өртіне орап, мыңдаған халықтарының босқынға айналуына Батыс елдері бірден-бір себепкер болып отырғандығы да ащы шындық. Ендеше, әлемді өздерінің саясат ойыны алаңына айналдырған АҚШ және Еуропалық одақтың жетекші мемлекеттері бұл проблеманы шешуге міндетті. «Wirtschaftswoche» атты неміс басылымы бұл проблемаға жан-жақты зерттеу жүргізе келіп, тығырықтан шығу жолын да дәл көрсеткен. Басылымның айтуынша, Жерорта теңізіндегі апаттардың алдын алып, босқындар тасқынына тосқауыл қоюдың бір ғана жолы бар. Ол – Африка және Таяу Шығыс елдеріндегі қолдан жасалған соғыс қимылдарын тоқтату. Еуропалық одақ елдерінің Жерорта теңізі арқылы ағылған босқындарға біресе көмек қолын созған болып, біресе босқындарды кіргізбеу үшін өз шекараларын жапқан қимылдары басын құмға тыққан түйеқұстың тірлігі сияқты. Сондықтан өмір үшін жан сауғалап бастарын бәйгеге тіккен миллиондарды қиындықтан құтқару үшін бұл елдерде болып жатқан соғыстарды тоқтатуға өркениет әлемі бірінші кезекте қимыл танытуы керек. Жер-ананың бұлқынысы Соңғы жылдары жиі-жиі тітіркенген жұмыр жердің сілкінісі көбейіп барады. Непалда болған соңғы жер сілкінісі адамзат ауыртпалығынан қайысқан Жер-ананың шерлі толқынысы сияқты. дагдарыс-2Соңғы деректер бойынша, Непалда болған жойқын жер сілкінісінен 7365 адам қаза тауып, 14366 адам зардап шеккен. Магнитудасы 7,9 балды құраған бұл апат Үндістанмен шекараласатын Непалда 25 сәуірде орын алған болатын. Непалдың қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, апат салдарынан 140 мың тұрғын үй құлап, 140 мыңнан астам ғимараттар зардап шеккен. Үндістан метеорологиялық департаментінің мәліметінше, 25 сәуірдегі үлкен жер сілкінісінен кейін магнитудасы 3,2 балдан 6,9 балл аралығында тағы да 90 рет жер сілкінісі орын алған. Бұл апат бұл өңірде соңғы 80 жыл көлемінде болып көрмеген жойқын жер сілкінісінің бірі болып отыр. *     *     * Жапонияның Фукусима префектурасында тағы да магнитудасы 5 балл жер сілкінісі болды. Атом электр стансасы орналасқан бұл префектурадағы соңғы жер сілкінісі туралы АҚШ геологиялық қызметі хабарлаған. Жер сілкінісінің орталығы «Фукусима» АЭС-інен шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта орын алған. Апат салдарынан «Фукусима» АЭС-і ешқандай зардап шекпеген. Сонымен бірге, магнитудасы 3 балды құраған жер сілкіністері Жапонияның тағы да 12 префектурасында орын алған. *     *     * Сәуір айының соңында Перу жағалауында магнитудасы 5,4 балл болатын жер сілкінісі болды. Апаттың орталығы Сантьяго-де-Као қаласынан 75 шақырым қашықтықта орын алған. Перу арқылы Тынық мұхитының «Отты белбеу» аталатын жанартаулар мен тектоникалық жарылыстардың белдеуі өтеді. Бұл белдеудің ұзындығы 40 шақырымнан асады. Перуде орын алған соңғы жер сілкінісі аталған жанартаулар мен тектоникалық жарылыстар белдеуінде жер­асты толқыныстарының орын ала бастағанын көрсетеді. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».