Аймақтар • 28 Сәуір, 2025

Майқайыңдағы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істі қарау басталды,-деп хабарлайды Egemen.kz.

Майқайыңдағы қайғылы оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Аталған оқиға бойынша сотта 6 адамға айып тағылып отыр.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталғаны туралы бұған дейін жазғанбыз.

Сотта «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры мен оның бірінші орынбасарына, Майқайың жерасты кенішінің директоры мен оның орынбасарына, кәсіпорынның бас инженері мен бас маркшейдерінің міндетін атқарушыға қатысты айып тағылды.

Тергеу қорытындысына сүйенсек, кәсіпорында 2011 жылы әзірленген жоба бойынша кен алынған жерасты кеңістіктеріне бетон құю қарастырылған. 2013 жылы технология процесінің күрделі болуына байланысты өзгерістер енгізуге шешім қабылданып, бетон құюды кеңістіктерді құлату әдісіне ауыстырған. Айыптаушының пікірінше, аталған жобалардың талаптарын сақтамау салдарынан аталған қайғылы жағдайға әкеп соқтырған.

- АҚ басшылығы ережелерді бұзып, жерасты тау-кен жұмыстарын 2011 және 2013 жылдардағы жобалардан ауытқи отырып орындаған. Кен алынған бос кеңістіктерді бақылау, сондай-ақ өндірілген тазарту кеңістігінің бос жерлерін мәжбүрлеп құлату жүргізілмеген. Кәсіпорын қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайы қамтылмаған, соның ішінде кеңістіктердің үстінгі жағында орналасқан, құлауы ықтимал аймақтарды қоршау бойынша шаралар қабылданбаған және геомеханикалық (геотехникалық) қызмет ұйымдастырылмаған, - делінген айыптау актінде.

Соттағы қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-тармағы – «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша қарастырылып отыр. Аталған бап бойынша сот кінәлі тұлғаны үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыра алады.

Бүгін сот отырысында ең әуелі жәбірленушілерден, куәгерлерден, сарапшылардан және соңынан сотталушылардан жауап алуға шешім қабылданды.

Павлодар облысы