Аймақтар • 25 Сәуір, 2025

Маңғыстау облысында үш теміржол вокзалы жөнделеді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында үш жаңа теміржол вокзалы (Маңғыстау, Шетпе және Бейнеу) сүріліп, қайта салынады, деп хабарлайды Egemen.kz

Маңғыстау облысында үш теміржол вокзалы жөнделеді

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұрынғы теміржол вокзалдары бұзылып, қайта салынады деп жоспарлануда. Жоба туралы толығырақ Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Маңғыстау вокзалының ауданын 10 есеге ұлғайтамыз. Теміржол нысаны заманауи үлгіде жаңартылады. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударамыз», деді ол.

Министрдің айтуынша, жаңа инфрақұрылым барлық санаттағы азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделеді. Вокзал ғимаратында ұзақ мерзімді демалыс бөлмелері, балалы аналарға арналған бөлмелер, кең күту залдары, сондай-ақ эскалаторлар болады.

«Сәйкесінше, жолаушылар ағыны бірнеше есе артады. Бұл туризмді дамытуға септігін тигізеді», деді министр.

Олар Шетпедегі теміржол вокзалы қазіргі ғимараттан 5 есе, Бейнеудегі 10 есе үлкен болады деп уәде беріп отыр.

«Биыл теміржолшылар жалпы ұзындығы 404 шақырымды құрайтын "Бейнеу-Маңғыстау" темір жол учаскесін жаңартады. Шалқар-Бейнеу, Маңғыстау-Өзен учаскесінде (жалпы ұзындығы - 651 шақырым) пойыз қозғалысын басқарудың жаңа жүйесі (автоматты блоктау) орнатылады», деп хабарлады ведомстводан.

Жоба Президенттің туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыру және елдің көлік желісін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Қазақстанда барлығы 125 теміржол вокзалын қайта құру басталды, оның 21-і туристік бағыттарға қызмет көрсетеді.