Форум • 25 Сәуір, 2025

Өндіріс көлемі де, табыс та артты

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XII форумына қатысып, машина жасау және металл өңдеу бойынша VI Ха­лықаралық ар­найы көр­меде индустрия көш­бас­шыларының жетіс­тіктерімен танысты.

Өндіріс көлемі де, табыс та артты

Форумның ашылуында Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Еліміздің орнықты экономикалық өсуіндегі машина жасау саласының рөліне ерекше назар аударылды.

«Қазақстанның өңдеу өнер­кәсі­біндегі машина жасау сала­сының үлесі кейінгі бес жылда 13-тен 19 пайызға дейін өсті. Былтыр өндіріс көлемі 4,6 трлн теңгеге жетті. Жаңа өнім түрлері шығарылып, тауар экспорты да айтарлықтай артты. Ел нарығына ауыл шаруашылығы техникаларын, автобустар, жеңіл және жүк көліктерін жасайтын жаңа компаниялар келді. Биыл Қазақстанда әлемдегі ірі компаниялардың жоға­ры технологиялы кәсіпорын­дары іске қосылады. Мұның бәрі – мемлекеттің отандық өндірісті қол­дауға қатысты жүйелі шара­лары­ның жемісі. Машина жасау ісін одан әрі өркендете түсу үшін жергілікті өндірістің үлесін арттыру және озық технология­ларды, соның ішінде жасанды интел­лектіні жаппай енгізу қажет. Соны­мен қатар жұмысшыларға жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, білікті мамандар даярлауға, олардың біліктілігін көтеруге жете көңіл бөлу маңызды. Эко­но­­микалық тұрақсыздық жағда­йын­да болашағы зор салалар мен бағыттарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Еліміздің машина жасау саласы бүкіл экономикамызды өркендетуге тың серпін беру үшін өз әлеуетін толық іске асыра алады деп сенемін», деп атап өтілген құттықтау хатта.

2024 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау сала­сын­дағы өндіріс көлемі 10%-ға өсті. Осы жылдың I тоқсанында аталған көрсеткіш 17%-дан асты, бұл саланың жоғары әлеуетін және қабылданып жатқан іс-шара­лардың тиімділігін көрсетеді.

Пленарлық отырыста машина жасау кәсіпорындарын қолдау, локализациялауды тереңдету, жаңа технологиялық үдерістерді игеру шаралары, сондай-ақ машина жасау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

EXPO халықаралық көрме орталығында Премьер-министр VI Халықаралық машина жасау және металл өңдеу арнайы көрмесі Kazakhstan Machinery Fair экспозицияларын тамашалады. Отандық және шетелдік 20-дан аса елдің компаниялары өз әзірлемелерін ұсынды. Халықаралық қатысушылардың қатарында Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Швейцария, Ресей, Италия, Чехия және басқа да елдердің ірі кәсіпорындары бар.

Karlskrona LC AB кәсіпорны мұ­най-газ, тау-кен өнеркәсібі, су және атом энергетикасы салаларын­да кешенді техникалық шешімдер әзірлеуге маманданған. Компания жылына 5 мың тоннаға дейін құйма өнім­дерін шығарады. Саран қа­ла­сындағы QazTehna зауыты Yutong, Sinotruk және Scania маркалы автобус және коммерциялық көліктер желісін таныстырды. 2024 жылы кәсіпорын 1 560 техника шығарды, локализациялау деңгейі 36%-дан асты. Жоспарда өндіріс көлемін әрі қарай кеңейту және қазақстандық қамтуды 50%-ға дейін арттыру қарастырылған. «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қорғаныс, көлік, энергетика және мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы заманауи әзірлемелерін ұсынды. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны Қазақ­с­танда құрастырылған автокөлік­тер­ді таныстырды. Толық циклді өнді­ріс Алматы қаласында орналасқан және жылына 50 мың бірлікке дейін өнім шығаруды қамтамасыз етеді. «Қазэксимекс» ЖШС компаниясы металл өңдеу өнімдерін ұсынды. Кәсіпорын өнеркәсіптің негізгі салаларында, атап айтқанда, авиация, автомобиль, кеме жасау, энерге­тика және медицина өнеркәсібінде жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ қатысушылар бірқатар компания павильондарын аралады.