
Сурет: banknn.ru
«Ақшаны заманауи тәсілмен жинаймын»
Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Ерлік Еділбек ай сайынғы табысынан 30 мың теңгені жинақ шотына аударады. Бұл соманы жинау үшін Ерлік қарапайым үнемдеумен шектелмей, бірнеше креативті әрі заманауи тәсілді қолданады.
– Әуелі назарды білімге салған дұрыс деп ойлаймын. Бірақ қаржы да керек. Сондықтан ақша жинау үшін қаржылық сауатты үйрететін кітаптар оқып, өзіме бірнеше тәсіл таңдадым. Аз-аздан бастағысы келетіндерге «Апта», «Дөңгелектеу», «Кэшбэк» әдістері тиімді, – дейді ол.
Ерлік аптасына 1 рет белгілі бір соманы жинап отыруды әдетке айналдырған. «Апта» әдісі оның қаржылық тәртібін қалыптастырыпты. Бірінші апта – 1 000 теңге, екінші апта – 1 500 теңге, үшінші апта – 2 000 теңге, төртінші апта 2 500 теңгені жинаққа аударады. Сонда айына 7 мың теңге шығады. «Бұл әдіс маған апта сайын шағын мақсат қойып, оны орындауды үйретті», дейді Ерлік.
Банк картасындағы сомаға «дөңгелектеу» әдісін қолданады. Әр төлем жасаған соң, артық «ұсақ ақшаны» автоматты түрде жинақ шотқа жібереді. Картада 32 450 теңге қалса, 450 теңгені аударады. Күніне орта есеппен 200-300 теңге жиналады. Айына бұл 6 000-7 000 теңгеге дейін барады. «Оны мүлде байқамайсың, бірақ ай соңында қарасаң, жақсы қаржы жиналады» дейді. Оның ойынша, кэшбэк – тегін бонус емес, болашаққа салым. Әрбір сатып алуын банк қосымшасы арқылы жасап, максималды кэшбэк алуға тырысады. Айына 5 мың теңге шығады. Содан кейін ай сайын шәкіртақыдан немесе қосымша табыстан нақты белгіленген соманы жинақ шотына бөледі. Солай тұрақты түрде 30 мың теңге жиналады.
Акция, криптовалюта және алтын
Ақша жинаудың классикалық жолы – қолма-қол ұстамай, банк шотында сақтау болса, қазіргі заман бұл тәсілге жаңаша мән беріп отыр. Қаржы сауаттылығы дамыған сайын, табысты басқару мәдениеті де күрделене түсті. Айбек Жолмырза – осы үрдістің нақты мысалы. Ол – автор-сценарист. «Өнер қырандары» театрының тұрақты шығармашылық мүшесі. «Молда» мен «Малай» фильмдеріне сценарий жазған. Бірақ сахна мен экраннан тыс Айбектің тағы бір қыры – жинақ пен инвестиция мәдениетін еркін меңгерген.
– Табысымды 3 бағытта сақтаймын: акция, криптовалюта және алтын. Бұл – менің жинақ портфелім. Ақша жинау сценарий жазу сияқты, жүйені талап етеді. Егер бір кейіпкерге тым көп сеніп қойсаң, бүкіл оқиға құлайды. Сол сияқты қаржы да әртараптандыруды жақсы көреді. Мысалы, портфелімде отандық, халықаралық компаниялардың бағалы қағаздары бар, – дейді ол.
Айлық табысынан 150 мың теңгені әртараптандырылған инвестициялық портфельге бағыттайды. Дивиденд төлейтін, қаржылық есебі ашық әрі нарықта тұрақты жұмыс істейтін эмитенттерді таңдауға тырысады. Криптовалюта нарығындағы ірі ойыншылар жобаларына да кішігірім инвестиция салады. Рас, бұл – тәуекелді актив, бірақ Айбек оны «ұзақмерзімді эксперимент» деп сипаттайды.
– Инвестицияға салатын ақшам соншалықты көп емес. Десе де салымдар жемісін асықпай беруі мүмкін. KASE мен «Freedom24» платформасында айына 50 мың теңге құямын. Шетелдік нарықта S&P 500 индексіне кіретін компаниялар мен технология секторын таңдаймын. Тағы бір 50 мың теңгені криптовалюта активтеріне бөлемін. Иә, бұл секторда тәуекел жоғары, бірақ әлеуеті зор. Транзакцияларды «Binance» платформасы арқылы жүргіземін. Келесі 50 мың теңге алтынға инвестицияланады. Жаңаша тәсілдер тиімді болғанымен, алтын ең мықты қорғаныс активі екені сөзсіз, – деп түсіндірді Айбек.
«Балам 18-ге толғанда 84 млн теңге жиналады»
Қаржылық сауат болашаққа салынған инвестиция екенін жақсы түсінетіндердің бірі – журналист Мейірхан Амангелді. Ол ұлының болашағы үшін арнайы қаржы жоспарын жасап, нақты іске көшкен. Айтуынша, ұлы Шаһ-Мұхаммед 4 жасқа толғанда 2 бөлмелі пәтер сатып алып, жалға берген. Одан түсетін ай сайынғы табыс тиімді қаржы құралына салынады.
– Пәтерді жалға беруден түскен соманың 90%-ын депозитке, 10%-ын қор нарығына салып келемін. Осы қаржылық модельді бала 18 жасқа толғанша үздіксіз жалғастырсам, жинақ сомасы шамамен 84 млн теңгеге жетпек, – дейді ол.
Мейірханның айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігі – депозитте, яғни тәуекелі аз, тұрақты табыс көзі. Ал қор нарығы – баламалы бағыт ретінде қарастырылған. Қаржы нарығында белгілі бір деңгейде тәуекел болғанымен, ұзақмерзімді инвестицияға оның да пайдасы аз емес.
– Қор нарығына салған ақшам күйіп кеткен күннің өзінде, пәтердің арендасы мен депозит арқылы жинақталған сома баламның болашағына жеткілікті болады деп сенемін. Ол қалаған университетіне түсіп, еркін таңдау жасай алатындай мүмкіндікке ие болуға тиіс, – дейді журналист.
Депозитте сақтаған абзал
Жарайды, біреу қаржысын алтынға салады, біреу криптовалютаға, енді бірі жастықтың астына тығады. Қаржылық сауат өсіп жатыр дегенмен, белгілі бір кезеңде халықты үрей де басады. Мысалы, Ұлттық банк жүргізген соңғы сауалнамаға қарасақ, халықтың депозитке деген қызығушылығы айтарлықтай төмендеген. Неге? Экономист Бауыржан Ысқақ бұл құбылысты халықтың қаржы жүйесіне сенімінің әлсіреуі және экономика тұрақсыздығымен байланыстырады. Дегенмен депозитке жинаған абзал дейді ол.
– Депозиттегі қаражат сақталады әрі мемлекеттің арнайы кепілі бар. Бұл халықтың ақша жоғалту немесе ұрлатып алу қаупін азайтады. Әрі одан тұрақты табыс алуға болады. Оған қоса салған ақшасын қалаған уақытта шешіп алып, қажетіне пайдалана алады. Депозиттегі ақшаңызға тиіспеуге белгілі бір шектеу де қойылады – 3 немесе 5 айға дейін. Нәтижесінде, азаматтардың қаржылық тәртібі қалыптасады, – деп түсіндірді сарапшы.
Айтуынша, қаржы жинаудың ең басты қадамы – табыс пен шығынды есепке алу. Әр айдағы кіріс пен шығысты нақтылау артық шығыннан арылып, жинақ көлемін арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ қаржыны түрлі бағытқа салған жөн: депозит, инвестиция, мүлік. Депозиттің өзінде де тек бір валютаға сеніп қалуға болмайды. Маманның кеңесінше, жинақты 30% теңгемен, 30% еуромен, 40% доллармен сақтау тәуекелді азайтады.
– Әр азамат «төтенше жағдай қорын» жинауы керек. Бұл – күтпеген жағдайларда, мысалы жұмыссыз қалғанда кемі 3-6 ай өмір сүруге жететін резерв, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Халықтың теңгеге сенімі жоғары
Депозиттерге кепілдік беру қоры мен «Elim» маркетингтік және социологиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға мән берсек, әр үшінші отбасында (33%) банк депозиті бар. Ерлер мен әйелдердің депозит ашу белсенділігі шамалас – 49% және 51%. Респонденттердің басым көбі (80%) жинағын теңгемен сақтайды. Теңгелік депозитті таңдаудың негізгі себептері – жоғары пайыздық мөлшерлеме (45%), қаражатты оңай шешіп алу әрі шотты толтыру мүмкіндігі (32%), банк ұсынатын лоялдық бағдарламалар – бонустар мен кэшбэк жүйесі (11%).
Астана мен Алматыдағы отбасылардың депозит ашу үлесі жоғары – 40%. Негізгі мақсаттардың бірі – болашаққа, соның ішінде күтпеген жағдайларға «қаржылық қауіпсіздік жастығын» құру (56%). 15%-ы – жылжымайтын мүлік сатып алуға, 8%-ы балалардың болашағы мен білім алуына жинап жүр.