
Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Жобаны жүзеге асыру мақсатында Талдықорған қаласында «Жұмысшы мамандықтар: жаңа кезең, жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыпта форум өтті. Оған жұмыс беруші кәсіпорындар, білім мекемелерінің өкілдері, студенттер – жалпы саны 150-ден астам адам қатысты. Форум аясында өңірдегі колледждер мен іргелі кәсіпорындар арасында келісім жасалып, осы жылдан бастап іске асатыны белгілі болды.
«Колледж жоғары оқу орны саналмайды, дипломы бір саты төмен. Соған сай барған жерде жалақы көрсеткіші өте төмен болады. Өңірден қатар бітірген көптеген бала үлкен қалаларға барып, сонда тәжірибе жинап жүр. Бұл мүмкіндік біз секілді болашақ жас мамандарға үлкен серпін береді. Алдағы уақытта «Қайнар АКБ» аккумулятор зауытында іс-тәжірибеден өтсем деп отырмын. Бәрі жақсы болса, сонда қызмет етпек ойым бар. Өңірде әке-шешемнің қасында болғаным дұрыс. Басқа жерге жұмыс іздеп бармаймын», дейді студент Алмас Қалқаманұлы.
Меморандум өз кезегінде техникалық колледж студенттерінің тәжірибеден өтуіне, бітірушілердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Келісім жасалған кәсіпорындардың арасында «Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты, «Ақсу Қант» ЖШС, «JLC Сүт» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы бар.
Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірде жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға, қажетті кәсіптерге даярлауға бағытталған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Осы маңызды міндеттерді әлеуметтік серіктестермен бірлесіп атқарудағы жоспарларын да атап өтіп, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижелі болатынын жеткізді.
«Өңірдегі жастар жұмыссыз қалмауы керек. Білікті жас кадрлардың өңір экономикасын дамытуына жол ашқан абзал. Бізде жүздеген кәсіпорын мен зауыттар бар. Оларда тәжірибеден өткен жас мамандар өз ісінің шебері болады. Аграрлы өңірде ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын білетін мамандарды көптеп шығаруымыз қажет», деді М.Көлбаев.
Бірқатар спикер білікті жұмысшы кадрларды даярлаудың негізгі мәселелері жайлы сөз қозғады. Студенттер Дмитрий Сунчинянов пен Шырын Болатбекқызы халықаралық стандарттардың білім үдерісіне интеграциялануы туралы өздерінің тәжірибелік бақылаулары жөнінде баяндады.
Форум барысында колледж түлектеріне олардың кәсіби біліктілігін растайтын, жұмысқа орналасуда басым құқық беретін «Алтын карта» тапсыру рәсімі атқарылды. Текелі кәсіптік колледжінің «Дәнекерлеуші», Сарқан политехникалық колледжінің «Электр жабдықтары», Бастөбе колледжінің «Аспаз» мамандығы бойынша бітірген жас мамандарын қабылдаған жұмыс берушілер қатарында «КазМұнайГазПромСтройСервис» ЖШС кәсіпорындары, «ИП Ли А.Д.», «ТАТЭК» АҚ бар.
Іс-шара барысында «WorldSkills Kazakhstan 2024» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Бұл білім мекемелері мен бизнес арасындағы тиімді байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болды, сондай-ақ жастардың болашағы бар жұмысшы мамандықтарын таңдауына қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Жалпы, облыста 27 колледж бар, онда 13 900-ден астам студент оқиды. 2024 жылы мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 4250 орын болған, бюджеттік орындардың басым бөлігі ІТ, құрылыс, инженерия, металлургия сияқты техникалық мамандықтарға тиесілі. Білім сапасын арттыру үшін өткен жылы өңірде 13 жаңа мамандық ашылса, биыл 14 жаңа мамандық ашу көзделген. Бұл қатарда өндірістің автоматтандырылған жүйелері, мехатроника, сәулеттік жобалау, орман және балық шаруашылығы сияқты мамандықтар бар. 2025 жылы облыстағы колледждерге 4500 адамды қабылдау жоспарланған.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыста 70-тен астам іс-шара өтеді. Соның ішінде «ZhetysuFest», «WorldSkills Zhetysu 2025», «AgroSkills-2024» чемпионаттары, сондай-ақ студенттерге арналған кәсіби конкурстар ұйымдастырылады. Облыс әкімінің қолдауымен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында жұмысшы мамандықтар алаңына айналатын «Zhetysu Skills» орталығы салынады.
Жетісу облысы