Оқиға • 24 Сәуір, 2025

Еліміздегі 500-ден астам көшеге батырлардың есімі беріледі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екі аптадан кейін Қазақстан халқы және бүкіл әлем тарихи маңызы зор  Жеңістің 80 жылдығын атап өтпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл атаулы күнге орай үндеу жасап, мерейтойдың ел үшін рухани және саяси маңызын ерекше атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Еліміздегі 500-ден астам көшеге батырлардың есімі беріледі

Фото: Zakon.kz

Президент мәлімдемесінде Жеңіс күнінің тағылымы тек өткен тарихты еске алу ғана емес, бүгінгі әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолындағы басты сабақ екенін айтты.

«Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жуырда Республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен еліміздегі 500-ден астам көшеге бұған дейін ескерусіз қалған жергілікті майдангерлер мен ерлердің есімдері берілетінін хабарлады. Әсіресе, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық берілмек.

«Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам. Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз», деді Президент.

Сонымен қатар Президент биылғы мерейтойға дайындық 2023 жылдың өзінде басталғанын атап өтіп, «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты кешенді жоспар аясында 2 мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу және ағартушылық іс-шаралар өткізіліп жатқанын жеткізді. Бұл бастамалар ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттердегі қазақ диаспоралары мен халықаралық қауымдастықтар арасында да қолдау табуда.

Мемлекет басшысы мерейтойдың шарықтау шегі ретінде ауқымды әскери шеру өтетінін мәлімдеді. Бұл шерудің мәні тек салтанатты сипатта ғана емес, қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы Қазақстанның ұлттық бірлігі мен рухының мызғымас мықтылығын паш етуде жатыр.

«Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады», деді Мемлекет басшысы.

Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар мамыр айының алғашқы күндерінен басталып, бүкіл ел аумағында кең көлемде өтеді.