
Сурет: kolesa.kz
Орташа жасы – 36
Интернетте «Айына 900 мың теңгеге дейін табыс тап» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Бұл қызметті ұсынатын компаниялар да көбейген. Жастар да жатсынбай нәпақасын тауып жатады. 2019 жылы елімізге қатарынан 3 ірі жеткізу қызметі келді: «Яндекс», «Glovo» және «Wolt». Әуелде тек «Chocofood» бар-тын. Карантин уақытында, одан кейін де азық-түлікті, тағам мен дәрі-дәрмекті жеткізіп беретін бұл қызмет өрісін кеңге жайды.
Жақында копенгагендік зерттеушілер 23 елдегі курьерлердің өмір салтын зерттеді. Саралау объектісі ретінде «Wolt» компаниясын алған. «Copenhagen Economics» сауалнамасына сәйкес 23 елдегі курьерлердің өмірі мен жұмыс тәжірибесі сан алуан. Зерттеуге қатысқан 20 мыңнан астам курьердің 42%-ы – тұрақты немесе жартылай жұмыс істейтіндер, 21%-ы – студенттер, 17%-ы – жеке кәсіпкерлер, 8%-ы – отбасына қарайтын жандар.
Ал «Wolt» курьерлерінің орташа жасы – 36. Зерттеуге сәйкес олардың 40%-ы орта мектептен кейін білім алған, 22%-ы – жоғары білімді. Бұл курьерлердің жеткізіп беру қызметін уақытша табысқа емес, кәдімгі күнкөріс құралына айналдырғанын айқындап отыр.
Кеңседен – мопедке
Арман Сапаралиев – бұрын кеңседе жұмыс істеген жігіт. Таңғы 9-да келіп, кешкі 6-да кететін кәдімгі қызметкер болған. Бір күні бәрін тастап, курьерлікке ауысты. Басында шешімі көпшілікке оғаш көрінген шығар, бірақ Арман өкінбейді.
– Алғашында жаяу жүретін курьер болдым. Күніне 10 мың теңге табыс түсетін. Кейін ойланып, мопед сатып алдым. Қазір күніне 40-50 мың теңге табамын. Кестем – 6/1, таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін. Жалақы күнде түседі. 50 мың тапсам, 10%-ы компанияға кетеді, – дейді ол.
Сөйтіп, Арман кеңседегі бір айлық табысты бір аптада табуға көшкен. Ешкім сағат санап тұрмайды, өзі – қожайын, өзі – қызметкер. Алайда бәрі керемет емес. Былтыр қатты суық тигізіп алыпты. Қазір 30 жаста. Келешекте бұл жұмыспен ұзақ айналыса алмайтынын түсінеді. «Шамамен 35 жасқа дейін істей аламын. Одан кейін ұят болып көрінуі мүмкін. Жас кезде жарасымды», дейді ол.
Ақша жинауға ыңғайлы
– Ақша жаман емес. Бірақ бұл – уақытша тірлік. Болашақта мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Бүгінде күн соңында қалтамда 10-12 мың теңге қалады. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі табысты бірден аласың. Бірақ тұрақты тірлік емес, – дейді курьер Ұлан Матай.
Оның бұл сөзі бүгінгі курьерлердің күйін дөп басады. Жеткізуді – жай ғана тағам тасу деп түсінетіндер көп. Алайда бұл – көрінбейтін, есепке кірмейтін, жанды қажытатын еңбек.
Ұлан қала көшелерін кезіп, күніне 10-нан аса тапсырыс орындайды. Әр жеткізуге шамамен 350-400 теңге алады. Арақашықтық ұлғайса, әр шақырымға 110 теңге қосылады. Тапсырыс күткен уақытына да, қолайсыз ауа райына да қосымша төлем бар. Егер аптасына 100 тапсырыстан асыра орындаса, 35 мың теңге бонус беріледі. Бірақ мұның бәрінен компания 21% ұстап қалады.
Курьерлік жүйеде рейтинг – барлығын анықтайтын өлшем. Жоғары рейтингтегі курьерлерге орталықтағы құнды тапсырыстар беріледі. Төмен рейтингтегілерге – шеткі аудандар мен арзан жеткізілімдер тиесілі. Тапсырысты нашар орындасаң, рейтинг көтерілмейді. Бас тартсаң – одан бетер төмендейді. Осылай бір шеңбердің ішінде шыр айналып жүре береді.
– Кейде тапсырыстарды жаяу жеткізуге мәжбүрмін. Ондай күндері 3-4 мың теңгеден аспайды. 10 сағаттық еңбектің өтеуі осы ғана. Әрине, мұндайда күйінесің. Бірақ таңдау жоқ. Электрсамокат пен мопед – арман. Себебі оларды сатып алуға да, күтіп ұстауға да қаржы керек. Курьер болу – тек жүру мен жеткізу емес. Бұл – адамдармен үнемі бетпе-бет келетін мамандық. Бірі жылы қарсы алса, екіншісі ашумен қабылдайды. Қолдау қызметінен көмек сұрасаң да, нақты шешім емес, дайын жауап аласың, – дейді Ұлан.
Сөйте тұра Ұлан тапқан табысын жинауға тырысады. Себебі оның сөзінше, «ертең бір қиындық болса, қол ұшын созатын ешкім жоқ». Сол себепті күн сайын шотына түскен ақшадан біразын іркіп қалады. Күнделікті табысының шамамен 4 000-5 000 теңгесін жинақ шотына аударып отырады. Бұл – қаржыгерлер ұсынатын классикалық әдіске ұқсас. «50/30/20» қағидасына сай, табыстың 20%-ы жинаққа бағытталуға тиіс. Ұлан мұны өзінше бейімдеген.
– Психология мен нейроэкономика саласында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, кішігірім қаржылық жеңістер – адам миында дофамин бөлінуіне әсер етеді. Бұл – мотивация мен шешім қабылдауға жауап беретін гормон. Демек күн сайынғы шағын жинақ – адамның болашаққа сенімін арттырып, өзін-өзі бағалауын көтереді. Курьерлік жұмыс сондықтан да ұнайды. Қазір 6 ай жұмыссыз қалсам, өмір сүретін жинағым бар, – дейді жас курьер.
Еліміздегі жастардың 60%-ға жуығының төтенше жағдайға арналған арнайы жинағы жоқ («Halyk Finance», 2023). Яғни күтпеген жағдай туындағанда қарызға батып немесе табыссыз қалады. Қаржы сарапшысы Стивен Дьюбнер «Small Habits, Big Changes» атты еңбегінде «Күнделікті 1 доллар жинаған адам жыл соңында тек 365 доллар емес, өзін жеңген адам болады», дейді.