Оқиға • 23 Сәуір, 2025

Мәжіліс төрағасы «Жыл кітабы» марапатын табыстады

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық кітап күні аясында өткен «Ұлттық кітап» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс төрағасы «Жыл кітабы» марапатын табыстады

Айта кетейік, биыл Қазақстанда алғаш рет аталып өтіп жатқан Ұлттық кітап күні – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен белгіленген мереке. Президент бұл бастаманы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында көтеріп, оны білім мен кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұсынған болатын.

1

Осы мереке аясында ұйымдастырылған «Ұлттық кітап» байқауында отандық жазушылар, кітап баспашылары, иллюстраторлар мен аудармашылар 10 аталым бойынша марапатталды. Бас жүлде – «Жыл кітабы» гран-приін «Қазақстанның тарихи тұлғалары» сериясы үшін «Алматы кітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева иеленді.

Салтанатты жиында Ерлан Қошанов көрнекті жазушы, әдебиет майталманы Әкім Таразиды еске алып, марқұмның рухына құрмет білдірді. Сонымен қатар ол кітаптың адамзат өркениетіндегі маңызына тоқталып, қазіргі ақпараттық заманда да оның рөлі бәсеңдемейтінін атап өтті.

«Сан ғасырлар өтсе де, кітаптың адамзат үшін маңызы өзгерген жоқ. Бүгінде кітап – зияткер ұлт пен саналы қоғам қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Қазіргі таңда қолданып жүрген барлық технология, медицина, өнер – бәрі де кітап оқу арқылы дамыған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, кітап ұлттың рухани құндылығына айналуы тиіс. Ұлттық кітап күнін атап өтудің басты мақсаты – осы», деді Мәжіліс спикері.

Ол өз сөзінде кітап шығару саласындағы өзекті мәселелерге де назар аударды. Атап айтқанда, сыртқы нарыққа тәуелділік, қазақ тіліндегі әдебиеттің аздығы және басқа да түйткілдерге тоқталып өтті.

«Президент Ұлттық құрылтайда идеология саласындағы басты бағыттардың бірі – кітап шығару екенін баса айтты. Қазіргі таңда мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Мысалы, Парламентте қызу талқыланып жатқан жаңа Салық кодексі жобасында депутаттар отандық кітап баспаларын қосылған құн салығынан босату жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл мәселеде Үкіметпен ортақ шешімге келеміз деп үміттенеміз» деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде кітапханалар жүйесі жаңғыртылып жатқаны, кітапханашылардың жалақысы көтерілгені және цифрлық кітапханалардың дамып келе жатқаны айтылды. Бүгінгі таңда елімізде 4 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 5 миллионнан аса тұрақты пайдаланушысы бар, соның бестен бірі – балалар.

2

«AMANAT» партиясының жетекшісі ретінде Ерлан Қошанов «KITAP – AMANAT» партиялық жобасының маңыздылығына да тоқталды. Бұл жоба отандық әдебиетті кеңінен насихаттауға бағытталған. Қазіргі таңда жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде партия филиалдары жанынан 24 орталық ашылған. Онда түрлі кітап көрмелері, авторлармен кездесулер және өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Марапаттау рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам белсенділері мен Парламент депутаттары қатысты.