
Kazakhstan Machinery Fair көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Министр машина жасауды елдің өнеркәсіптік әлеуетінің негізі, технологиялық дамудың қозғаушы күші және ұлттық экономиканы қолдаушы маңызды сала деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 19%-ды құрайды, ал өткен жылы өсім 9,7%-ды көрсетті. Биылғы мақсат – 16%-дық өсімге қол жеткізу.
Көрменің ашылу салтанатына Чехия Республикасының Өнеркәсіп және сауда вице-министрі Мартин Фржелич, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев, Leipziger Messe бас директоры Маркус Гайзенбергер және Astana Expo компаниясының атқарушы директоры Қуаныш Қанапьянов қатысты.
Kazakhstan Machinery Fair – Орталық Азиядағы ең ірі салалық шаралардың бірі. Онда металл өңдеуге және кесуге арналған жабдықтар, дәнекерлеу жүйелері, индустриялық автоматтандыру мен робототехника, құралдар, компоненттер мен өндірістік технологиялар таныстырылуда. Қатысушылар қатарында әлемдік және отандық алпауыттар – Hyundai WIA, CHIRON Group SE, KAMAZ, QazTehna, Bodor, ISCAR Kazakhstan, Robentex, Zoller және басқа да компаниялар бар. Германия, Түркия, Австрия, Италия және Қытай елдері өздерінің ұлттық экспозицияларын ұсынып отыр.
SU ARNASY – Water Expo көрмесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, сумен жабдықтау және су бұру, ағынды суларды тазарту, су ресурстарын цифрландыру мен автоматтандыру салаларындағы заманауи шешімдерге арналған. Көрмеге Vogelsang, ANDRITZ, ARC, QA-Plast, VodEcoFilter сынды компаниялар қатысып жатыр.
Ал ONDEU EXPO көрмесі металлургия, машина жасау, аспап жасау, құрылыс материалдары, химия және агроөнеркәсіптік кешен салаларына арналған жабдықтар мен технологияларды ұсынады. Бұл алаңда отандық өндірістің өнімділігі мен технологиялық тәуелсіздігін арттыруға бағытталған шешімдер көрсетіліп жатыр.
Аталған көрмелер 10 000 м² астам аумақта өтіп және оларда 22 елден келген 290-нан астам компания өз өнімдері мен инновациялық шешімдерін ұсынылған. Көрмелерге зауыт басшылары, инженерлер, өнеркәсіптік технология әзірлеушілер, мемлекеттік құрылымдар өкілдері мен сала мамандары қатысып жатыр. Іс-шаралар аясында түрлі форумдар, техникалық конференциялар мен желілік сессиялар өткізу жоспарланған.