Заң • 23 Сәуір, 2025

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заңға өзгеріс енгізіледі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ерболат Сатыбалдин «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасады, деп жазады Egemen.kz

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заңға өзгеріс енгізіледі

Аталған заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары бастамашылық етті.

Заң жобасының негізгі нормалары:

- Ауылдық елді мекендердің немесе әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазіргі зираттар), инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру үшін рұқсат беруге;

- Инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыруға рұқсат беруге;

- Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесін уәкілетті органның белгілеген тәртіппен шешуге бағытталған.

Сондай-ақ, заң жобасын қарау барысында келесі нормалар қаралып, олар бойынша қорытынды алу үшін Үкіметке жолданды. 

- Қазақстан Республикасының Жер және Орман кодекстеріне гидроэлектр станцияларын салу үшін жер учаскелерін беруге;

- Орман қоры жерлерінде көміртегі офсеттерін іске асыруға, орманда өрт қаупі болған жағдайда қажетті жанар-жағармаймен және орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерінің авиаотын резервтерін жасақтауға, сонымен бірге орман қорғау қызметкерлерінің қоғамдық қорғау және материалдық көмек көрсетуге;

- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауылдық елді мекендердің жұмыс істеуі үшін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру жөніндегі нормаларды алып тастауға бағытталған.

Депутаттың айтуынша, жоғарыда баяндалған нормалар бойынша Үкімет пен Парламент Мәжілісінің комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар және Әділет министрлігінің өкілдері кірді.             

Айта кетейік, заң жобасы бойынша таныстырылым өткізілді. Жұмыс тобына алпыстан астам түзетулер келіп түсті, олар жұмыс тобының он бір отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында қаралды.

Депутат жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау мүмкін деп санайтынын айтты.