05 Мамыр, 2015

Футбол. Қазақстан Кабо-Вердемен жолдастық кездесу өткізеді

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Cape Verde vs Congo - 2015 African Cup of NationsАСТАНА. 5 мамыр. Футболдан Қазақстан құрамасы 16 маусымда кезекті жолдастық кездесуін өткізеді. Аталған ойындағы қарсыласымыз Африка құрлығының өкілі – Кабо-Верде құрамасы. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты kff.kz хабарлады. Федерацияның халықаралық бөлімінің жетекшісі Тұлпар Мансұров жолдастық кездесу жөнінде: «Қазіргі уақытта алдын ала келісім жасалды. Енді ресми жұмыстар қалды. Бұл халықаралық матчты ұйымдастырудың шешуші бөлігі болып саналады. Дегенмен, Қазақстан – Кабо-Верде кездесуі 16 маусым күні Алматының Орталық стадионында өтеді деп 99 пайыз сеніммен айтуға болады», – деді. Бүгінде Кабо-Верде құрамасы ФИФА рейтингінде 37-орында тұр. Бұл команда 31 наурызда әлемдегі азулы құрамалардың бірі Португалияны жеңіп кетіп, футбол мамандарының назарына ілікті. Екі мәрте Африка халықтарының кубогына (2013, 2015 жж.) қатысқан. Ең үздік көрсеткіші – ширек финал (2013 ж.). Команданы португалиялық маман Руй Агуаш жаттықтырады. Футболшылары Испания, Англия және Португалияның командаларында ойнайды. Ал Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан құрамасы қазіргі таңда ФИФА тізімінде 133-сатыда келеді. Соңғы ойынды футболшыларымыз 31 наурызда Ресей құрамасына қарсы өткізді. Аталған жолдастық кездесуде есеп ашылмағаны есімізде. Ұлттық құрамамыздың Кабо-Вердемен болатын ойынға дейін екі кездесуі жоспарланған. Алдымен 12 мамырда тағы бір африкалық құрама Буркина-Фасомен жолдастық кездесу өткізеді. Ал арада бір ай өткенде, яғни, 12 маусымда 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Түркиямен күш сынасады. Аталған екі ойын да Алматыда өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: kff.kz.