
Сурет: inbusiness.kz
Акция аясында еліміздің ауыл-қалаларындағы барша тұрғындар, еріктілер, мемлекеттік құрылымдар мен түрлі мекеме-кәсіпорындар қоршаған ортаны тазалау, көгалдандыру, абаттандыру мақсатында әртүрлі экологиялық іс-шаралар өткізу барысында бірлесе, білек сыбана еңбек етуді дағдыға, дәстүрге айналдырды. Акция аясында жер-жерлерде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды түрлі тақырыптық бағыттар, конкурс-байқаулар көптеп ұйымдастырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім еткендей, былтыр «Таза Қазақстан» акциясына 6 млн-ға жуық адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысты. 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Жүздеген мың аулалар мен аумақтар тазартылды. 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағын тазарту, қоғамдық кеңістіктің, саябақтардың, скверлердің 4,6 мыңнан астам нысанын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. 300 мың шаршы метрден астам жабын материалы (плиткалар, төсеніштер, т.б.) жөнделді, ауыстырылды. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары (ескерткіштер, мәдени құрылысжайлар), 758 субұрқақ тиісті қалыпқа келтірілді. Өзендердің, көлдердің, басқа су айдындарының айналасындағы 5,8 млн шаршы метрден астам алаң, 8,4 млн метрден астам арық желісі тазартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу мақсатында 238 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту, қалдықтарды бөлек жинауды енгізу акцияның негізгі бағыттары саналады.
Экологиялық бастамалардың қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып, халықтық сипат алып кетуіне орай, оны одан әрі дамытып, әлеуметтік нормаға айналдыру мақсатында еліміздің Үкіметі 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжатта елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Экологиялық мәдениет – адам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінен көрінетін жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Осы орайда экологиялық мәдениетті дамытудағы кешенді тәсіл халықтың әртүрлі топтары үшін экологиялық мәдениетті қалыптастырудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін – экологиялық білім беруді, тәрбие мен сауат ашуды, экоәлеуметтенуді, экологиялық өзін-өзі оқытуды, өзін-өзі тәрбиелеуді қолдануды қамтиды.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттары – экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық білім беру, ақпараттандыру, экологиялық ағарту. Құжатта экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында азаматтардың саналы әрекеттерін ынталандыру, көтермелеу шаралары қарастырылған. Барлық білім беру деңгейлерінде экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесін дамыту көзделген. Халықты экологиялық мәселелер туралы хабардар ету, ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары жоспарланған.
Тұжырымдаманы іске асырудың қорытындысы жөніндегі нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелердің тізбесі төмендегідей:
- Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі: 2023 жылғы 24%-дан 2029 жылға қарай 38%-ға дейін арттыру жоспарланған;
- Экологиялық іс-шараларға тартылған оқушылардың үлесі: 2024 жылы 15%-дан 2029 жылы 40%-ға дейін ұлғайту көзделген;
- «ProEko» жобасына қатысатын 5–6 сынып оқушыларының саны: 2024 жылы 2% (16 000 оқушы) деңгейінен 2029 жылы 15% (115 579 оқушы) дейін арттыру жоспарланған.
- Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі: 2023 жылғы 54,2%-дан 2029 жылы 64,7%-ға дейін жеткізу көзделген.
Сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық орындарда қалдықтарды бөлек жинау жүйесін, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық қауіпсіз тәжірибелерін енгізу, қоршаған ортаны ластауға қатысты «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық, тәрбиелік шаралар жүргізу сынды қосымша шаралар қарастырылған.
«Таза Қазақстан» акциясының жемісін, игілігін бүгінде барша тұрғындар көріп отыр: аула-көшелер тазартылды, қордаланған күл-қоқыстар сыртқа шығарылды, саябақ, гүлзарлар жаңа кейіпке енді. Соның арқасында қоршаған орта, демалыс орындары көркем көз тартып, экологиялық мәселелер де оң шешімін таба бастады. Дегенмен акция аумақтарды тазалаудан әлдеқайда ауқымды іс-шаралар шеңберін қамтиды. Бұл – барша азаматтардың күш-жігерін біріктіретін, экологиялық тұрғыда саналы өмір салтын насихаттайтын қуатты қозғалыс. Басты тағылымы – тек тазарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамды ортақ жауапкершілікке тәрбиелеу, қоршаған ортаны қорғауға деген жанашырлықты арттыру. Оның іске асырылуы халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамуына лепті үлес қосады.