Жемқорлық • 22 Сәуір, 2025

«Ақшаны бояу» жемқорлықты азайтса игі

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Ақшаны бояу» жобасын қолға алды. Агенттіктің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жобаны «Цифрлық теңге» платформасы аясында іске асыру көзделіпті. Елімізде алғаш рет іске асырылатын тың жобаның қандай тиімді тұсы бар?

«Ақшаны бояу» жемқорлықты азайтса игі

Жоба ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол құ­ры­лысы секілді стратегиялық маңызы бар салаларда сыналып көрмек.

«Бұл бюджет қаржысының жұмсалуына бақылауды күшей­туге ықпал етеді. Қаржыны игеру кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлық қаупін азайту үшін маңызды құралға айналады. Бюджеттен қаржы бөлуден бас­тап, оны толық игергенге дейінгі кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Әр теңгеге бірегей цифр­лық белгі қойылды. Енді қар­жыны жымқыру мүмкіндігі болмайды», дейді Н.Жахин.

Оның дерегінше, «Ақша­ны бояу» жобасы Атырау облысындағы Мұқыр – Құлсары бағытындағы жолды жөндеу жобасында қолданылмақ. Аталған жолды жөндеуге 2,1 млрд теңге бөлінген. Ал жолды жөндеуге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырыс беріп отыр. Мердігерлікке «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС таңдалыпты.

«Жобаға бөлінген қаржының 100 млн теңгесі цифрлық белгімен таңбаланды. Бұл сома ұлттық валютаға айырбасталды. Шартқа сәйкес құрылыс материалдарын жеткізетін «Нақзат» ЖШС-ның есепшотына аударылды», деп мәлімдеді Н.Жахин.

Жол жөндеуге қажетті құ­рылыс материалдарын темір­жолмен Мұқыр стансасына жет­кізу көзделген. Осы айда стансаға 45 вагонға тиелген ма­териалдар жеткізіледі. Қазір бұл стансада 30 вагонға арналған теміржол тұйығы, жұмыс күші, арнайы техника бар. Материалдарды түсіруге арналған аумақ жарық­тандырылып, қоршалған. Нысан құрылыс техникаларымен қамта­масыз етілген.

«Шарт 2024 жылғы қара­шада жасалды. Жұмыс­тың аяқталу мерзімі 2025 жыл­дың соңына жос­парланып отыр. Жол құрылысы мамыр айында басталады. «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес бұл жоба өңірлік департаменттің бақылауына алынды. Өйткені цифрлық теңге платформасы бюджет шығысының ашық­тығын қамтамасыз етеді. Қанат­қақты жоба материалдарды жеткізушілер мен жұмысты орындайтын мердігерлерге дейінгі барлық кезеңде бюджет қаржысын мақсатты пайдалануға кепілдік береді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын аламыз», дейді Нұрлан Жахин.

Басшы орынбасарының пікірінше, таңбаланған цифрлық теңге тек көзделген жұмыс­тар­ды орындауға жұмсалады. Мұндай қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға, өзге қажет­тіліктерге қайта бағыттауға жол берілмейді. Ал бұл жол 1989 жылы пайдалануға берілген. Содан бергі 30 жылдан астан мерзімнен бері жөндеу көрмеген. Екі ауданның аралығын жал­ғайтын жолдың жалпы ұзындығы –136 шақырым, ені – 7 метр. Жол жөнделгеннен кейін Қызылқоға және Жылыой ауданының ара­лығына тікелей қатынауға болады.

Қызылқоға ауданының тұр­ғын­дары Құлсары қаласына бару үшін Мақат ауданындағы Доссор кенті арқылы өтетін жолмен қатынаушы еді. Ақтөбе мен оңтүстік, шығыс және солтүстік өңірлерінен Маңғыстауға баратын жүргізушілер Доссор кенті арқылы айналып жүреді.

«Жолды толық жөндегеннен кейін Ақтөбе облысы бағытынан келе жатқан көліктер Мұқыр ауы­лы арқылы Құлсары қаласына тіке шығады. Бұл әсіресе жүк көліктері үшін тиімді бағыт болады. Жолда жүру ұзақтығы кем дегенде 2 сағатқа қысқарады», дейді жол саласының мамандары.

Жүргізушілер де аталған жол­дың тезірек жөнделгенін қалай­ды. «Мұқыр-Құлсары» бағытындағы жолдың бойында екі елді мекен бар. Бірі – Қоңыраулы, екіншісі – Тасқұдық. Екі ауыл да Қызылқоға ауданының әкімшілік аумақтық бөлінісіне кіреді. Қоңыраулыны мекен еткендер төрт түлікпен күн көріп отыр. Тасқұдық елді мекенінің кейбір тұрғыны мұ­най тасымалдау компаниясында жұмыс істеп жүр.

 

Атырау облысы