05 Мамыр, 2015

Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

197 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
5-5-2015-eneitilgen otyrys 02АСТАНА. 5 мамыр. Бүгін Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы akorda.kz. хабарлады. Отырыс барысында Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадамның практикалық жайттары қарастырылды. Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталық болуы тиістігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жергілікті қоғамдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру қажеттігін де атап өтті. «Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл мен жол-патрульдік қызмет жұмысына жауапты болады. Нақ осы қызмет жергілікті қоғамдастықпен тығыз ынтымақтаса отырып ұсақ заңбұзушылықтарға қатысты «мүлде төзбеу» режимін қамтамасыз етуі тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіру, салық жүйесін реформалау, электр энергетикасы саласындағы саясатты қайта қарау, құрылыс саласына өзгерістер енгізу, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру, сондай-ақ, кедендік рәсімдер мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда саясатын жетілдіру ісін бастаудың маңыздылығына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықаралық көлік-коммуникациялық арналармен интеграцияланғаны жөн екенін айтты. «Мультимодальді, жоғары жылдамдықты «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» құрылуы тиіс. Ол әуе, теңіз, теміржол және автокөлік қатынастарын тоғыстырады. Еуразиялық дәліз екі бағыт бойынша өтеді. Біріншісі – Қазақстан, Ресей аумағы арқылы Еуропаға шығады. Екіншісі – Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Кавказ арқылы Еуропаға және Иран мен Парсы шығанағы арқылы оңтүстікке жалғасады. Жоба аясында Қазақстанның бүкіл аумағы арқылы Ақтау портына дейін жаңа теміржол желісін салу қажет», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ұлттық құндылықтарды және өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыздылығына тоқталды. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасын іске қосу қажет. Оның аясында кинофильмдер, сериалдар және ел тарихы, қазақстандық мәдениет, елдің бүгінгі өмірі туралы хабарлар түсірілетін болады. Туристік бағдарлар мен этноауылдар ұйымдастырылады. Мәдени инфрақұрылым барлық қазақстандықтар үшін қолжетімдіге айналады. Мәңгілік Ел құндылықтарын мектеп стандарттарына қалай енгізу керектігін ойластыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Үкімет алдына 5-6 негізгі индикатор қойылатынын айтты. «Ол өз кезегінде әрбір министр мен әкім үшін 2-3 нақты көрсеткішті белгілеп беретін болады. Бақылау тек мақсатты индикаторға қол жеткізу негізінде жүзеге асырылады. Аралық бақылау мен артық тапсырмаларды жойып, мемлекеттік органдарға көбірек еркіндік беру қажет. Олар өздерінің жұмысында өз бетімен әрекет ете алатындай, бірақ жауапты әрі есеп беріп отыратындай бола түседі», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту қажеттігін айтты. «Олар міндетті түрде аумақты дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың орындалуын талқылауға қатысады; жергілікті жерлерде бюджеттің, азаматтар құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілер жобаларының, бағдарламалық құжаттар жобаларының айқындалуына атсалысады», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болатын «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды. Соңында Мемлекет басшысы белгіленген жұмыстың барлығын қысқа мерзім ішінде жасаған жөн екенін айтты. «Терең білімді, халықаралық тәжірибені зерттеуді қажет ететін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оның орындалуы елімізді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызады. Бізден халық бұдан әрі қадам жасауымызды күтіп отыр. Ол үшін әрқайсыңыздың қажетті білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз бен біліктіліктеріңіз бар. Өздеріңізге артылған үмітті ақтау керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Отырыс барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, бұрынғы мүшелерінің қайта тағайындалуы Үкіметке барлық тапсырмаларды орындауға жедел кірісуге мүмкіндік беретінін айтты. «Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, барлық министрліктер мен ведомстволарға белгіленген міндеттерді, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзіңізді, қабылданған бағдарламаларды және берілген нұсқауларыңызды ескере отырып, таяу үш айға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Белгіленген мерзімге, яғни, маусымның аяғына дейін Сіздің қарауыңызға реформаларды жалғастыру және тапсырмаларыңыздың орындалуы жөніндегі ұсыныстарды енгіземіз», – деді Премьер-Министр. Сонымен қатар, үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты мәселелер жөніндегі пікірлерін ортаға салды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.