Қоғам • 21 Сәуір, 2025

Қанша шетелдік азамат қазақстандық Neo Nomad визасын алды

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2024 жылдың 18 қарашасынан бастап Қазақстанда цифрлық көшпенділер үшін визаның жаңа түрі – Neo Nomad Visa енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қанша шетелдік азамат қазақстандық Neo Nomad визасын алды

Ол қашықтан жұмыс істейтін және жұмысты саяхатпен біріктіретін шетелдік азаматтарға арналған.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, виза енгізілгеннен бері Қазақстан Республикасының шетелдегі консулдық мекемелері 11 шетелдікке виза берген, оның ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сингапур, АҚШ, Португалия азаматтары бар.

Бұл виза шетел азаматтарына жұмысқа орналасу құқығынсыз ұзақ мерзімге ел бойынша саяхаттауға мүмкіндік береді.

Neo Nomad визасын алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне бірнеше құжаттарды тапсыру қажет:

  • 3000 АҚШ долларынан асатын айлық кірісті растайтын соңғы 6 айдағы банк үзіндісі;
  • Азаматтығы бар елдің құзыретті органы берген салық декларациясы;
  • Азаматтық немесе тұрақты өмір сүретін елдің органы берген соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
  • Визаның жарамды мерзіміне медициналық сақтандыру;
  • Қазақстандағы туристік компанияның шақыртуы (48 елдің азаматтары үшін талап етілмейді).

Neo Nomad визасына өтініш беру процесі 5 жұмыс күнінен аспайды.

Виза 1 жылға дейінгі мерзімге беріледі және ұзартылуы мүмкін. Негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелері де виза алуға құқылы.

Айта кету керек, бұл виза Қазақстанда жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастырмайды. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 216-бабына сәйкес Neo Nomad Visa иесі Қазақстанда салық төлеуге міндетті емес, өйткені оның табыс көзі елден тыс жерде.