
Ересектер арасындағы турнирдің ашылу салтанатында Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы даңқты боксшы туралы естелік айтты. Ал Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров дәстүрлі турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ даңқты боксшының өнегелі өмір жолынан ақпараттар жас спортшылардың есіне салынды. Әбдісалан Нұрмаханов 1993 жылдан бастап бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері атанды. Қазақстан құрамасы 1995 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында 6 алтын жүлдені жеңіп алды. 1996 жылы өткен жазғы Олимпиада ойындарында оның шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді. Осы Олимпиада ойындарында Василий Жиров ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын еншіледі. Қазақ спорты тарихында өшпес із қалдырған қайраткер атында Түркістанда спорт мектебі бар. Жыл сайын Ә.Нұрмаханов атындағы дәстүрлі турнир өткізіліп келеді.
Ал биылғы турнирде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен және еліміздің барлық аймағынан 13 салмақ дәрежесінде 100-ге жуық спортшы бақ сынап жатыр.