Қылмыс • 18 Сәуір, 2025

Отарда сарбазды комаға түсірген әскери қызметшіге қатысты үкім шықты

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы гарнизонының әскери сотында Отар гарнизонында орын алған оқиғаға байланысты кіші сержант Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Отарда сарбазды комаға түсірген әскери қызметшіге қатысты үкім шықты

Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1-бөлігі бойынша — билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану — айыбымен сотталды.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың маусым айында сотталушы Т. әскерге жаңадан шақырылған сарбаз Ә.-нің ішінен әдейі соққы жасап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл әрекеті арқылы ол өзінің үстемдігін көрсетіп, жәбірленушінің ар-намысына нұқсан келтірген. Жәбірленуші ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, оның әрекеті куәлардың айғақтары, тергеу материалдары мен медициналық сараптама нәтижелері арқылы дәлелденді.

Жәбірленушінің өкілдері соттан қатаң жаза тағайындауды және материалдық шығынды өндіруді сұрады.

Сот Т.-ны кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңгеден астам сома өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.