
Сурет: ru.freepik.com
Өндірістің бастау көзі – «ҚазАгроЭкспорт» дилерлік компаниясы. Компания аймақта 2011 жылдан бастап табысты жұмыс істеп келеді. Ал таза отандық өндіріс ошағы – «ҚазАгроМаш» зауыты 2023 жылдың мамырынан бастап өз өнімін шығара бастаған. Аз уақыттың ішінде өнім сапасы арқылы кірпияз көңіл диқандардың сеніміне ие болды.
Уақыт өте келе, тұтынушылар қатары да молайып келеді Зауыт директоры Виталий Борконың айтуына қарағанда, отандық өндірістің өрге басуы мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде субсидияның арқасы. Әуел баста алыс-жақын шетелдерден дайын техниканың бөлшектерін әкеліп, жинап, сатумен айналысқан дилерлік компания отандық өндірісті өрістетуді тиімді деп тапқан. Осындай оймен өз өнімдерін шығаруды қолға алған. Өндірістік алаңдарды, инженерлік инфрақұрылымдарды салу үшін «ҚазАгроЭкспорт» серіктестігінің қорынан қомақты қаражат бөлінген. Өндірістік алаңдар талапқа сай болғаннан кейін осы заманғы жаңа технологиялық құрылғылар мен әрқилы станоктардың қажеттілігі туындаған. Міне, осы кезде «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша несие алған.
Өндірістік базаның жалпы көлемі төрт мың шаршы метрді құрайды. Алаңның бар телімі кәдеге асып тұр. Алдымен құрылғыға қажетті металл өңделеді. Зауыт негізінен топырақ өңдейтін агрегаттарды шығарады ғой. Оның ішінде өтімдісі, сұранысқа иесі кәдімгі соқалар. Негізінде зауытта бес өндірістік алаң бар. Олардың барлығы озық технология бойынша жабдықталған. Мәселен, Германия құрылғылары сапасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ Чех, Қытай, Ресей желілері де мамандардың көңілінен шығып тұр. Дәнекерлеу цехында құрылғы соңғы өңдеуден өтіп, келесі алаңға жол тартады. Бұл жерде тазартылып, сырланады. Бар жұмыс толайым аяқталған соң сату алаңына шығарылады. Алаңға көз салсақ, үлкенді-кішілі топырақ өңдейтін құрылғылардың түр-түрі толып тұр. Диқанның қолындағы техниканың күш-қуатына байланысты кез келген құрылғыны ала аламыз.
– Біздің жұмысымыз ұжымның ынтымағымен іске асады, – дейді Виталий Александрович, – ең бастысы диқан еңбегінің нәтижесі. Егер олар өздерінің адал еңбектеріне сай мол өнім алып жатса, материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндігі болады ғой. Міне, осы кезде біздің зауыттың өнімі де өтімді болмақ. Жақсы өнім алу үшін егістік алқаптардың озық технология бойынша өңделуі басты талап. Біз әрине, жұмысымызды мейлінше жетілдіргіміз келгенімен, алқаптағы ахуалды жете білмеуіміз де мүмкін. Осы өңірдегі топырақтың өзі әрқилы емес пе? Кей жер таза қара топырақты болса, кей аудандардағы алқаптардың ахуалы басқаша. Сондықтан, тереңірек жырту, көбірек қопсыту, ылғал жабу деңгейі әрқилы. Демек, қолданылатын құрылғылар да осы талаптарға сай болуы керек. Әр кезде ауыл шаруашылығы құрылымдарының өтінішін қалт жібермей, жетілдіріп отыру міндеті осыдан туындайды. «ҚазАгроЭкспорт» серіктестігінде сервистік қызмет көрсету жүйесі бар. Олар ауыл шаруашылығы құрылымдарына қызмет көрсете отырып, нақтылы тәжірибеге сараптама жасап, ұсыныс әзірлейді.
Зауыт директорының айтуына қарағанда, бұл жер кейбіреулер айтып жүретіндей бар тетігін шетелден жеткізіп, осында құрастыратын кәсіпорын емес, өз еліміздің өнімі. Ал қажетті материалдардың елу пайызы отандық кәсіпорындардан алынады. Өндіріске қажетті металдың негізгі бөлігі Теміртаудан жеткізіледі. Тек біздің елде жоғы ғана Ресейден тасымалданады. Зауыт мамандары металдың сапасына айрықша көңіл бөледі. Түпкілікті өнімнің беріктігі де осыған байланысты емес пе? Сондықтан жоғары сапалы 45-маркалы болатты пайдалану қолға алынған.
Бір жақсысы, компания өз зауыттарында бұрын шетелден жеткізілетін құрылғылар тәрізді өнім дайындауға ұмтылып отыр. Бұл жағы көкейге қонады. Ауыл шаруашылығы үшін қажетті, бір қарағанда тым қарапайым болып көрінетін жер өңдейтін құрылғыларды шетелден тасымалдау тым қымбатқа түсер еді. Кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, нарық айдынын қамтуға тырысып келеді. Ай сайын зауыт цехтары 150 түрлі құрылғылар шығарады. Оның ішінде кәдімгі борана, топырақты нығыздайтын сүйретпе дөңгелектер, соқаның бірнеше түрі.
2024 жылы кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастады. Топырақ қопсытқыштың ауқымы 11-15 метрге дейін жетеді. Жұмыс өнімділігі үшін бұл да қажет. Ең бастысы, жомарт жердің бабын табуға септігін тигізбек.
– Кешегі кеңес заманында ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін өте қажетті осындай құрылғылардың түр-түрі болды. Әттең өтпелі кезеңде сол көк темірдің барлығын металл жинайтындар тауысып бітірді. Қазір науқандық жұмыс кезінде осы көне құрылғылардың біреуін жамап-жасқайын десең, бір қарыс темір таба алмайсың. Жаңа құрылғылар жақсы. Мамандар кәсіпорын басшыларына тәжірибеден өткізген кезде өтініштерін айтып, жетілдіріп отырады. Мәселен, топырақ қопсытқыштың тереңдеп алуы қажет. Ол үшін әрине, салмағы да болуы керек. Міне, осындай кейбір жайлар жетілдірілгеннен кейін өнім сапасы арта түскендігі байқалады, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов.
Кәсіпорын конструкторлары дала сырын жақсы білетін диқандардың ақыл-кеңесін тыңдай отырып, ауқымы 11 және 15 метрлік топырақ қопсытқышты жетілдіргеннен кейін желілік өндіріске қойған. 12-18 метрлік тегістегіш – егіс алдында қолдану үшін таптырмайтын құрал. Ең бастысы, нығыздалған топырақ бойындағы ылғалды сыртқа шығармай, буландырмай ұстап қалады. Топырақ қызған соң ылғалды жерге сіңірілген тұқым тез көктеп шығады әрі біркелкі өседі. Зауыттағы мамандардың айтуына қарағанда, ең маңыздысы, диқандар үшін тиімді болғаны. Өткен жылы зауытта өндірілген құрылғыны жетілдіру үшін тура астықты алқаптан қайтарып әкеліпті. Кем-кетігінің бәрін жөндеп, қайтарған. Тұтынушы разы. Міне, осындай істің нәтижесі мол болары сөзсіз.
Бүгінде зауытта 86 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 300 мың теңге көлемінде. Тәп-тәуір еңбекақы. Әйтсе де кадр мәселесінде қиыншылық бар. Әсіресе машина жасау саласындағы конструкторлар қасқалдақтың қанындай қат. Амалсыздан өзге өңірлерден мамандар шақырылып жатыр. Зауыт басшылығы облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен келісімшарт жасаған. Техникалық білім беретін колледждермен бірлесіп дуалды оқыту жүйесін жолға қойған. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешілуіне ықпал ететін барлық тетіктер қарастырылып отыр.
Зауытқа орналасу үшін жұмысшылардың бойындағы табиғи икем мен тәжірибеге көбірек көңіл бөлінеді. Мәселен, дәнекерлеушінің өз ісін қаншалықты білетіндігін цех меңгерушісі електен өткізеді. Құрылғыдағы дәнекерленген жерлердің ізі мен беріктігі сыналады. Бүгінде дәнекерлеу цехында 16 адам жұмыс істесе, олардың тоғызы жас маман. Демек, сабақтастық бар.
Астықты өңірдегі ахуалға біршама әсер ете алатын ұжымның аяқ алысы нық. Ал болашаққа деген жоспары тіпті қомақты. Ең бастысы, берекенің бастауына белсене үлес қоспақ.
Көкшетау