05 Мамыр, 2015

Катарда неміс журналистерінің тұтқындалуы жиілеп кетті

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Florian_Bauer_QatarАСТАНА. 5 мамыр. Катар астанасы – Дохада футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына дайындық туралы деректі фильм түсіріп жүрген бір топ неміс журналистерін жергілікті құқық қорғау органдары тұтқынға алды. Бұл туралы ntv.ru хабарлады. Германияның ARD телеарнасының корреспонденті Флориан Бауэрдің айтуынша, олардың бүгінге дейін түсірген жазбаларын Катар полицейлері өшіріп тастаған. «Бізді тұтқындап, жергілікті полицейлер мен тергеу қызметінің өкілдері сұрақтың астына алды. Алдағы бірнеше күннің ішінде бізге Катардан шығуға тыйым салды. Сондай-ақ, барлық жазбамызды өшіріп, жабдықтарымызды бұзып тастады», – дейді неміс журналисі. Бұған дейін Дохада Германияның WDR телеарнасының қызметкерлері тұтқындалған болатын. Олар да 2022 жылғы мундиаль туралы деректі фильм түсіру үшін Катарға келген. Тұтқындалған журналистерден мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері жауап алып, 14 сағаттан кейін босатқан. Алайда, журналистердің түсіру құрылғылары, ноутбуктері және ұялы телефондары тәркіленген. Аталған техникалар барлық жазбалары өшірілген және айтарлықтай ақау келген күйде төрт аптадан кейін қайтарылды. Соңғы кездері Катарда футболдан әлемдік додаға дайындық барысы туралы фильм түсіруге келген Германия журналистері жиі тұтқындалуда. Жоғарыда айтылған екі жайттан бөлек, Германияның тағы бір топ БАҚ өкілдері қамауға алынған. Олар әлем чемпионатына дайындық барысында еңбек шартының бұзылуы жайында арнайы материал дайындағаны үшін назарға ілінген. Айта кетейік, футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты Катарда 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді. Жаз кезінде Катарда ауа райы өте ыстық болуына байланысты ФИФА доданы қысқы мезгілге ауыстырды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: ntv.ru.