
Тауарлардың 9 тобы экспорттық әлеуетке ие
Сарапшылар пікірінше, елімізде сирек кездесетін металдарды өндіру өсімі Еуроодаққа тиімді. Қазір бұл нарықта өндірістің 80%-дан астамын Қытай бақылайды. Бейжің өзінің ұстанымын саяси мақсатта пайдалануға тырысады. Бірақ 2020 жылдан бастап сирек кездесетін металдар экспортындағы ҚХР үлесі қысқарып жатыр. Қытайға Аустралия мен АҚШ бәсекелес бола алады, дегенмен көшбасшы елдер қатарына қосылуға еліміздің де мүмкіндігі бар.
Қазір ел көлемінде 12 учаскеде геологиялық барлау жүргізіліп жатыр. 800 мың тоннаға жуық сирек кездесетін металл қоры бар Құйрықтыкөл учаскесінің геологиялық барлау жұмысын америкалық «Cove Capital» компаниясы мен германиялық «HMS Bergbau» жүргізбек.
2040 жылға қарай сындарлы материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банк дерегінде елімізде құны 46 трлн доллардан асатын 5 мыңнан астам игерілмеген кен орны бар екені айтылады. 2024 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің сарапшылары тау-кен өндіру саласына талдамалық шолу дайындап, аса маңызды минералдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ете алатынымызды мәлімдеді. Онда тауарлардың 9 тобы экспорттық әлеуетке ие екені айтылады. Мыс, мырыш, алюминий, күміс және қорғасын экспортталып, «әлемдік нарықта салыстырмалы артықшылық» көрсетіп жатыр. Никель, литий, сирек кездесетін металдар мен алтынның толық экспорттық әлеуеті «әлі ашылуға тиіс».
2023 жылы желтоқсанның соңында сегментті дамыту жөніндегі Үкімет тұжырымдамасы жарыққа шықты. Тұжырымдаманың басымдығы – өндiруден бастап түпкiлiктi өнiм өндiруге дейiн құн құрудың бүкiл тiзбегiн дамыту. Құралдар – инвестиция, салық жеңілдіктері, арнайы экономикалық аймақтар құру, ғылым мен білімді дамыту, халықаралық ынтымақтастық. Сарапшылар арасында жаңа мұнайға бағаланып отырған кейбір металдың грамы 100 доллардан асып кетеді деген пікір бар.
Оңтүстік Корея өндіріске кірісуге дайын
Бағалы металдарды барлау және өндіру – қымбат үдеріс, сондықтан жүздеген миллионнан миллиард долларға дейін талап етілуі мүмкін. Бұл біздің бюджет үшін тым ауыр жүктеме, сондықтан Үкімет саланы шетелдік инвестиция есебінен дамытуға ниетті. Қазір біздегі байлыққа Оңтүстік Корея, Қытай, Германия, Франция, Ұлыбритания, Аустралия инвесторлары қызығушылық танытып отыр.
Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, өндірістің толық цикліне қолымыз жеткенде ғана өз-өзін қамтамасыз ететін, экономикалық тұрғыдан тәуелсіз мемлекетке айналамыз. Бұл өндірістен түсетін пайданың қомақты бөлігін елімізде қалдыруға мүмкіндік береді.
«Сирек кездесетін металдар – Менделеев кестесінің 17 химиялық элементін қамтитын лантаноидтер тобы: скандий, иттрий, лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютеций болып жалғасып кете береді. Сирек кездесетін металдарды (лантаноидтерді) қолдану саласы екі топқа бөлінеді. Біріншісі – оны қоспа ретінде пайдалану, ол металдар мен керамиканы бірнеше есе нығайтады. Мысалы, алюминийге 0,05% скандийдің қосылуы жұмсақ алюминийді 7 есе берік етеді. Алюминий сияқты жеңіл бола отырып, алюмо-скандий қорытпасы болаттан мықты болады», дейді А.Бейсембаев.
Наурыз айының басында Оңтүстік Кореядағы Геоақпарат және минералдық ресурстар институты (KIGAM) еліміздің шығысында болашағы зор литий кен орнын игеру жоспары туралы хабарлады. Оңтүстік Кореяның геологтері 2023 жылдан бастап Үкіметтің сұрауымен бойынша ауданы 1,6 шаршы километр учаскені зерттеген. Кореялық ғалымдар табылған литий қорының құнын шамамен 15,7 млрд долларға бағалаған.
KIGAM 2025 жылдан бастап осы ауданда литий өндірісін бастауға бұрғылау жұмыстарын жүргізу құқына өтінім беруді жоспарлап отыр. Кореялық геологтердің литий өндіруге дайын екені туралы жаңалық әлемдік деңгейдегі инвесторлардың қазақ нарығына шындап бет бұра бастағанын көрсетеді. Бірақ бұл бағытта зерттеу жұмыстары әлі кемшін.
Ел мүддесін қорғай білу маңызды
Былтыр шетелдік инвесторлармен өндіріс, оның ішінде жоғары технологиялық өнімдер тізбегін құру туралы меморандумдарға қол қою туралы көптеген хабарлама жарияланды. Алайда меморандум кепілдік болып саналмайды. «Innovative Geophysical Service Corporation» (АҚШ) жобаларын дамыту жөніндегі директор Евгений Пущик Алматыда өткен жиындардың бірінде осы тақырыпта пікір білдірген еді. Оның айтуынша, пайдалы қазбалардың бұл түрінің пайдасын мұнай табысымен теңестіру әзірге аңыз ғана.
«Мысалы, мұнай нарығының тәуліктік айналымын 7,5 млрд долларға теңестіру үшін кемі 20 жыл кетті. Демек сирек кездесетін металдар нарығына осындай цифрларға жету үшін әлі көп уақыт пен қаражат керек. Бұл сегменттің болашағы жарқын. АҚШ Геологиялық қызметі де, Франция да, Ұлыбритания да үлкен гранттар бөліп үлгерді. Қазір әлемдік нарықта қазақ қазба байлығы үшін күрес жүріп жатыр. Осыған дейінгі кемшіліктердің қайталану қаупі жоғары. Жылына 90 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндірсеңіздер де мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясын дамыта алмадыңыздар. Мұнай-химия саласында салмақты жоба жоқ. Бұл жобаға алдымен өздеріңіз мүдделі болуларыңыз керек еді. Сирек кездесетін металдар нарығын дамытуға кешенді түрде қарау қажет», дейді Евгений Пущик.
АЛМАТЫ