
Ауыл баласы намысшыл келеді
– Қордан аға, қазақ баласы тумысынан математик. Есепке жүйрік болады. Сіз де жас күніңізден математикаға жақын болдыңыз ба?
–Иә, солай. Бір жағынан, бұл – заңдылық. Мен де шалғай ауылда өстім. Біздің ауыл кеңшар бөлімшесі еді. Шағын елді мекен. Бірақ мектептегі мұғалімдеріміз мықты болды. Олар сабақты түсіндіргенде миымызға құйып жіберетін. Әсіресе математика, қазақ тілі мен әдебиетінен білікті ұстаздар берді. Басқа пәндерді де оқыдық. Мәселен, орыс тілі мен әдебиеті дұрыс өтпейтін. Білімді маман болмады. Сондай-ақ физика, химия, биологияны да толық түсінген жоқпыз. Өйткені бұл пәндерге жеке кабинет пен оқу құралы қажет. Мұндай материалдық жағдай алыстағы ауыл мектебінде болған емес. Сондықтан ауыл балалары гуманитарлық салаға бейім өсті. Өзім де осы сабақты жақсы көрдім. Оқу бітіргеннен кейін математика немесе қазақ тілі пәнінің мұғалімі боламын деп ойладым. Шынымды айтсам, мектепте үздік оқыдым. Белсенді болдым. Алтын медальмен тәмамдадым. Сосын Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне келдім. Алтын медаль иегері болсам да, барлық емтиханнан аралас баға алдым. Әйтеуір конкурста талапкерлер саны аз болды. Сөйтіп, бағым жанып оқуға түстім. Бірақ 1-курста қала балаларының білім деңгейі бізден әлдеқайда жоғары екенін байқадым. Үшінші курсқа барғанда ғана солармен теңестік.
– Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Енді ол түсінікті. Ауыл балалары сабақтан соң үй шаруасына көмектеседі. Ата-анасына жәрдемін тигізеді. Мал жайлайды. Қора тазалайды. Су тасиды. Отын жарады. Ал қала да мұндай көп жұмыс жоқ. Олардың сапалы білім алуға мүмкіндігі мол. Қосымша сабақтарға барады. Сондықтан біз жоғары оқу орнына түскеннен кейін солардан қалмауға тырыстық. Барлық бос уақытты оқуға арнадық. Кітапханадан шыққан жоқпыз. Іздендік. Өз басым айтулы ғалымдардың еңбектерімен сонда таныстым. Сөйтіп, екі-үш жыл ішінде топтағы қала балаларының деңгейіне жетіп алдық. Бір жағынан, желмен жарысып өскен ауыл баласы намысшыл. Бәсекеде ешкімге есесін жібермейді. Осы қасиеттің де пайдасы тиді.
2016 жылы университет бітіргенімізге қырық жыл толды. Барлық курстас Алматыда жиналдық. Сонда қарасақ курстағы ғылым докторларының бәрі ауылдан шыққандар екен. Ал бізбен бірге оқыған қалалықтардың дені оқуды аяқтағаннан кейін түрлі жобалау институтында қызмет істеп, содан аспаған.
– Алғашқы еңбек жолыңызды сол кездегі Жезқазған педагогикалық институтынан бастапсыз. Ғылымға келуге не түрткі болды?
– Бала күнімізде ауылға қонақтар көп келеді. Солардың ішіндегі ең беделдісі – жоғары оқу орнының оқытушылары еді. Олардың алдында барлық ауыл адамы құрақ ұшады. Құрмет көрсетеді. Ақсақалдар да мақтап сөйлейлі. Сондықтан мен де өскенде оқытушы болсам деп армандадым. Бірақ ғалым боламын деп ойлаған емеспін.
Бесінші курста жүргенде университетте жас ғалымдарға арналған конференция өтті. Соның ұйымдастыру жұмысына диплом жетекшім бір курстас жігіт екеумізді тартты. Ғылыми жиынның материалын топтастырдық. Кейін осы конференцияда сөйлеген ғалымдардың баяндамасы жинақ болып шықты. Кітапты құрастыруға сіңген еңбегіміз ескерілді ме, жетекшіміз мақала жазып, авторға біздің де аты-жөнімізді қосыпты. Бұл оқиға маған керемет әсер етті. Төбем көкке жеткендей қуандым. Жатақханаға әкеліп, барлық танысыма көрсеттім. Тіпті жастығымның астына салып ұйықтадым. Осы ғажайып сезім мені ғылым жолына жетелеп әкелді.
– Ғылыми жетекшіңізді өкпелетіп алыпсыз. Бұл оқиға қалай болды?
– Университетті бітіргеннен кейін Жезқазған педагогикалық институтына оқытушы болып орналастым. Бірақ ғылымға аңсарым ауды. Алматыға келіп, ұстазым, көрнекті ғалым Мұхтарбай Өтелбаевқа жолықтым. Оған аспирантураға түскім келетінін айттым. Маған ғылыми жетекші болсаңыз деп ниетімді білдірдім. Ол қарсы болған жоқ. Бірақ өзінің семинарынан қалмауымды ескертті. Сөйтіп, сол жылы қазан айында қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасына түсуге емтихан тапсырдым. Содан сынаққа мұқият дайындалдым. Мұхаңның семинарына баруға еш мүмкіндігім болмады. Әйтсе де емтиханды ойдағыдай тапсырдым. 1 желтоқсанда аспирантураға түскенімді айғақтайтын бұйрық шықты. Енді Алматыға келіп, Мұхтарбай ағаға барсам, ол «маған қайда жүрсің?» деп қатты ренжіді. Жөнімді айтсам, тыңдамайды. Мұхаң жас кезінде арынды болатын. Менімен мүлде сөйлеспей қойды. Бірақ семинардан қалмадым. Бірде Қарағандыда қызмет істейтін ғалым Есмұханбет Смайылов келді. Ол келгеннен кейін дастарқан жайып, отырыс жасадық. Ескең домбыра тартып, ән айтады. Мұхаң «Есет келді» деп қуанды. Мұхтарбай аға домбыраны жақсы көреді. Кабинетінде домбырасы бар. Соны алып келіп, Есмұханбетке ән айтқызды. Басқа да жігіттер өнер көрсетті. Рысқұл Ойнаров «Қордан өлең айтады», деп маған қолқа салды. Аянбадым. Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиігін» нақышына келтіріп шырқадым. Ән аяқталғаннан кейін Мұхаң: «Міне, осындай жігіттерге көмектесу керек», деп орнынан ұшып түрегелді. Бір кезде Рысқұл ағамыз: «Мұха, сіз оған дұрыс қарамай жүрсіз ғой», деді. Солай ма деп ғалым ойланып қалды. Кейін емтиханымды тапсырып, тақырып алдым. Мұхаң алғашқы ғылыми еңбегіме жетекші болды. Көп қолдау көрсетті.
Математиканың жаңа дәуірі
– Сіздің ойыңызша бүгінгі отандық математика ғылымының деңгейі қандай? Оған көңіліңіз тола ма?
– Әрине, толады. Қазіргі біздің математика ғылымы өте жоғары деңгейде. Дамыған мемлекеттердің ғылымынан еш кем емес. Бір жағынан, математика қолдануға келмейтін ғылым. Өйткені оның ашқан жаңалығын ешкім білмейді. Қолмен ұстап, көзбен көрмейді. Бірақ математика сан-салалы ғылымды дамытады. Мысалы, қолыңызда қайшы болмаса, қағазды кесе алмайсыз. Бейнелеп айтқанда, математика осы қайшы. Математика кез келген құбылыстың ішіндегі сандық көрсеткіштің бір-біріне қатысымен айналысады. Сондықтан бұл ғылымның жетістігін ғалымдар ғана жақсы біледі. Оның нәтижесі басқа ғылым саласы арқылы іске асады. 1980 жылдары калькулятор шыққанда бәрі таңғалды. Бұған функция мәнін математика ғылымы есептеп, салып қойған. Сонда математиканың жетістігі калькулятор арқылы жетті. Бір сөзбен айтқанда, математика барлық саланың дамуын жеделдетті. Дамытты. Сол арқылы тың жаңалық ашылды. Қаншама жаңа технология іске қосылды.
Шын мәнінде, біздің математиктер өте күшті. Бірақ мықтылар санаулы. Ғылыми конкурстарда математик ғалымдар аз болса да, қаншама грантты ұтып алады. Оған кейбір басқа сала өкілдері реніш білдіреді. Алайда конкурсқа түскен жұмыстарды шетел сараптайды. Осыдан-ақ математиктердің еңбектері шетелде жоғары бағаланатынын байқайсыз.
– Осындай деңгейге қалай жеттік?
– Өткен ғасырдың 70-жылдары Алматыда есімі мәлім математиктер бар екенін естуші едік. Олардың біразы бізге жоғары оқу орнында сабақ берді. Солардың кейбірі Мәскеуге немесе Новосібірге барып, докторлық еңбегін қорғады деп айтады. Бірақ сол ғалымдар жұмысын төрт-бес жылға дейін бекіте алмай жүрді. Содан кейін қайта барып қорғады. Бәрібір бекімеді. Біздің мықты ғалымдарды біреулер күшпен бекітпей жатыр екен деп ойладым. Негізі, олай емес. Шын мәнінде, сол жылдары отандық математика ғылымының деңгейі төмен екен.
1972 жылы Алматыға кандидаттық диссертациясын қорғап, Мұхтарбай Өтелбаев келді. Содан кейін математика ғылымының жаңа дәуірі басталды. Мұхаңның ғылыми жұмысы Мәскеуден бастап, беделді журналдарға жарияланды. Кітап болып жарық көрді. Одақ көлеміндегі ғалымдар арасында мойындалды. Біз сол жинақтарды жастанып оқыдық. 1978 жылы Мұхтарбай аға докторлық жұмысын қорғады. Ғалым апта сайын семинар өткізеді. Соған 40-50-ге тарта шәкірті жиналамыз. Оның үстіне осыншама адам қатысады. Соларға математиканың қыр-сырын үйретті. 1980 жылдардан Мұхаңның жетекшілігімен шәкірттері алғашқы кандидаттық диссертациясын қорғады. Бізді қорғауға жан-жаққа жіберді. Мен де сол кісінің жетекшілігімен кандидаттығымды қорғадым.
Сондай-ақ Өмірзақ Сұлтанғазин, Тынысбек Кәлменов, Александр Жеңсікбаев секілді белгілі ғалымдар Мәскеуден, басқа қалалардан докторлық еңбектерін қорғап, елімізге келді. Олар да шәкірт тәрбиеледі. Бірақ математика ғылымының деңгейін көтеруде Мұхтарбай ағаның еңбегі ерекше болды. Көп жүкті бір өзі көтерді. Соның ықпалы бүгінге дейін жалғасып жатыр.
– Біраз жылдан бері елімізде Ғылым күні аталып өтеді. Қазір әлемдік ғылым қарыштап дамып барады. Біз соған ілесіп отырмыз ба?
– Бір жағынан, бұл – күн ұлт ғылымының атасы, аса көрнекті академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Ғарышкерлер күні. Осы үш мерекенің ғалымдар үшін орны бөлек. Соңғы жылдары еліміздегі ғылым саласына көп көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы да үнемі өз сөзінде ғалымдарға қолдау көрсетіп отырады. Соның арқасында ғылымға талантты жастар келді. Осыған мен ерекше қуанамын.
Шынында, ғылым болмаса ел дамымайды. Адамдардың да жан дүниесі байымайды. Қазір әлем үлкен өзгеріс үстінде. Жаһандану қатты белең алды. Мемлекеттер арасында ықпалдастық артты. Қазір уақыт өзгерді. Енді алпауыт елдер экономикалық санкциямен аяқ-қолыңды байлап тастайды.
Біздің бабаларымыз ат үстінде айшылық жол жүріп, қаншама жерді жаулады. Алайда бүгінде көшпелілерден еуропалықтар алға озды. Оның себебі бар. Алғаш оқ-дәріні Қытай ойлап тапты. Бірақ оны олар пайдаланған жоқ. Еуропалықтар оқ-дәрі жасаудың технологиясын өздеріне алып барды. Соны дайындайтын мамандарға жағдай жасады. Сөйтіп, әскері мен қаруын дамытты. Оқ-дәріні ойлап табу – ғылым.
Қазір ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Қомақты қаржы бөлінді. Кейде бізбен бірге жұмыс істейтін басқа саланың мамандары «ғалымдар көп ақша алады» деп өкпелейді. Бұрын ғалымның бай болуға құқысы жоқ деген пікір бар еді. Бұл көзқарас өзгерді. Негізі, еліміздің ең бай адамы ғалым болуы керек.
Сондай-ақ гуманитарлық ғылымды дамыту қажет. Егер гуманитарлық сала өркендемесе қоғамның деңгейі өспейді. Менің бір шәкіртім келісімшартпен Индонезияға барып, жұмыс істейді. Сол жақта жүріп маған хабарласты. Индонезия халқы өте көп, бірақ білім алатын адам саны аз ел екенін айтты. Оқушылар мектеп бітіргеннен кейін өз бетімен кетіп, жұмыс істейді екен. Жоғары білім алуға талпынбайды. Индонезия отаршылдықтың азабын қатты тартқан ел. Сондықтан олардың жағдайы қиын екені түсінікті.
Біздің еліміз де отаршылдықтың қамытын біраз киді. Бірақ индонезиялықтарға қарағанда жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Мен өмір бойы жоғары оқу орнында сабақ беремін. Оқытушылардың да деңгейі әртүрлі. Кейбір мамандар ғалым болмағандықтан студенттерге дәріс оқығанда үшінші адамның атынан баяндайды. Ал нағыз ғалымның дәрісі бөлек. Ол барлық шәкіртіне сабақты терең түсіндіреді. Жалпы жаратылыстану, гуманитарлық ғылымның басты мақсаты – адамдардың білім деңгейін көтеру.
– Ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтылады? Осы екі саланы бір-біріне қалай жақындатамыз?
– Ғылымды өндіріске енгізу үшін жаңалықты қабылдап алатын өндіріс болу керек. Қазір біздегі ірі өндірістер инвесторлардың қолында. Олар – басқа елдің азаматтары. Осындай өндіріс өздерінің елінде бар. Олар соны дамытуды көздейді. Ақиқатын айтқанда, еліміздің өндірісіне ондай ғылыми жаңалықты енгізгісі келмейді. Себебі біз жаңа нәрсені өзіміз әзірлеп, оларға қысым жасауымыз мүмкін. Сондықтан біздің ғалымдар өздері ашқан ғылыми жаңалығын өндіріске енгізе алмайды. Өйткені қабылдамайды. Қиындық осында. Дегенмен мемлекет қаржы құйып, отандық өндірісті дамыту қажет. Мүмкін ол қазба-байлықты жарататын өндіріс бола ма, әлде ауыл шаруашылығы өнімін дамытатын кәсіпорын бола ма? Осындай саланы көру керек. Барлық бағыттан жарып шыға алмаймыз. Айталық, Назарбаев университетінде бірнеше зертхана ашылды. Профессор Дос Сарбасов АҚШ-тан шақырумен келді. Қазір ол қатерлі ісікті емдейтін тиімді әдіс жасау жұмысымен айналысып жатыр. Бұл өте жақсы. Жаңа технология дамиды. Сұраныс болады. Мәселен, Германияның автомобиль шығаратын «Mercedes-Benz» компаниясында бірнеше ғылыми институт жұмыс істейді. Соның ішінде математика институты да бар. Бұл компания көлік шығарады. Былай қарасаңыз, оған математиканың керегі не? Бірақ көліктің қауіпсіздігі, жылдамдығы – бәрі математикалық дәлдікті талап етеді. Есеп. Немістер бұл институтты басқа елден емес, өздерінен ашып отыр. Бір жағынан, математика ғылымын дамыту арқылы басқа саланы да өркендетеді.
Бүгінде елімізде ғылымды комерцияландыру жобасы іске асып жатыр. Осы бағыт бойынша ғалымдарға жеке конкурс жарияланып, грант бөлініп, қаржы аударылды. Ғылыми жұмыс нәтижесін берсе, пайдасы еселеп артады. Айталық, әлемдік брендке айналған айфон телефонының шығу құны арзан. Ал бізде оның құны 600-700 мың теңге тұрады. Оның бағасы неге қымбат? Өйткені телефонның жаңа моделі шыққан сайын оған ғылыми жаңалықты қосады. Озық технологияны енгізеді. Ғылымның бір жетістігі осы.
Ғылымның дамуына орта қажет
– Біздің ғылымда қордаланып қалған мәселе көп. Соны қалай шешеміз?
– Алдымен ғылымның дамуына орта қажет. Мәселен, ғылымға баратын балаларды арнаулы мектепке барып оқытсаңыз да одан ғалым шықпауы мүмкін. Ғалым көп арасынан шығады.
Біріншіден, мектеп пен жоғары оқу орындарындағы білім жүйесін түзеу керек. Бізге университетте кейбір пәндерді 550 сағат оқытатын. Болон білім жүйесі енгеннен кейін мұндай пәндердің сағаты 30-40 пайызға қысқарды. Оны студенттер өздері оқып алады дейді. Бұл – мүмкін емес. Қазір оны 200 сағат көлемінде оқытамыз. Анығында, біз балаларды жылдам оқытып жатырмыз. Олар пәнді қаншалықты түсінді, оған мән бермейміз. Менің университетті тәмамдағаныма 50 жыл болды. Бірақ содан бері білім жүйесі көп өзгермеді. Сондықтан жоғары оқу орнындағы білім бағдарламасын қайта қарау қажет.
– PhD даярлау туралы түрлі пікір бар. Бұл жайында не дейсіз?
– PhD алу үшін халықаралық деңгейдегі «Web of Science», «Scopus» базасындағы журналдарға мақала жариялау туралы талап қойылды. Осы талапты енгізуге бір топ ғалым біраз жүгірдік. Министрлік мамандарымен ақылдасып, ақыры осыны енгіздік. Бұл – дұрыс талап. PhD жоғары оқу орны дипломы мен магистратура бітіргендерден айырмасы – осы. Ал халықаралық журналдарға ғылыми мақала жариялау – өте қиын. Мұнда ғылыми жетекшіге де салмақ түседі. Мысалы, өз басым жылына осындай журналға үш мақалам жарияланса жетеді.
Бір жақсысы, оны шетел сараптайды. Олар еңбектің ғылыми құндылығына мән береді. Ешқандай бедел жүрмейді. Бұған дейін біраз шенеунік ғалым болып кеткен еді. Осы талап енгеннен кейін бұл үрдіс тоқтады. Қазір енді осы талапты алып тастауға ұмтылушылар көп. Әсіресе гуманитарлық ғалымдар біздің салаға керегі жоқ деп айтып жүр. Біздіңше, қай саланы алсаңыз да, ғылымның құндылығы ортақ. Сіз қазақ туралы айта отырып, оны адамзаттық ойдың бір бөлігі етіп жазыңыз. Ұлтымыздың ерекшелігін көрсетіңіз. Әлемдік ойға ой қосыңыз. Мен солай түсінемін.
– Кейде бізге ұлттық намыс жетпей жатқандай көрінеді. Бұл туралы не айтасыз?
– Шынында да, бізге ұлттық намыс жетіспейді. Мен өзімді ондай адамның қатарына жатқызбаймын. Себебі кеңес өкіметінің формализмін бойыма көп сіңіріп алғандаймын. Ал бойынан ұлттық намысы атойлап тұратын жандарды сыйлаймын. Біздің факультетте Моңғолиядан бір қыз бала келіп оқыды. Мен оған сабақ бердім. Университетті ойдағыдай тәмамдап, оқытушы болып орналасты. Бір күні әлгі қыз бала айтады: «Бас корпусқа бір құжатпен барсам, олар мұны неге орысша жазбағансың деп өзіме қайтарды. Бірақ «мен неге орысша жазуым керек» деп алған жоқпын», деді. Мен сонда жас әріптесіме «солай болады екен-ау», деп жаңалық ашқандай таңырқап қалдым. Ақиқатында, біз осындай адамдардың арқасында ел болып отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»