Аймақтар • 08 Сәуір, 2025

Шежірелі Маңғыстаудағы түркі мәдениетінің тойы

45 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен Түркі елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленген Ақтау қаласында алғашқы іс-шаралардың ашылуы салтанатты тойға ұласты. Каспий жағалауы түркі рухындай толқып жатты.

Шежірелі Маңғыстаудағы түркі мәдениетінің тойы

Теңіз жағасындағы бас сахнада өткен «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының ашылу рәсіміне көрермен көп жиналды. Салтанатты ашылуға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Құрметті жерлестер! Сіздерді Ақтау қаласының 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстан үшін ғана емес, барша бауырлас елдер үшін де айтулы оқиға.

ап

Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің санғасырлық рухани мұрасы сақталған.

Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ор­тақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауыр­ластығымызды бекемдей түсетін бас­қосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін.

Түркі мемлекеттерінің ықпал­дастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!

Баршаңызға бақ-береке, толайым табыс тілеймін!» делінген Президент құттықтау хатында.

ап

Ал ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев:

«Мәңгілік ел» мұ­ратын жалғап, ұлт­­тық дәстүрі мен мем­­­­ле­кет­­тік мә­­­­­де­­­ниеті қай­та жаң­­­ғыр­ған, ар­­­­ман­да кет­­кен­ Алаш арыс­­­­­­тары­­ның асыл мұ­­­­­­­ра­тына мың­­­­­жыл­­дық­­­­­­­­­тар тоғы­­­­сын­да қол жет­­­кізген, айы оңы­­­нан туып, Тә­ңір тілегін берген, та­рихта кеткен есесін түгендеп, еңсе тіктеген, бүгінде абы­ройы асып, атын әлем т­аныған киелі Қазақ жеріне – «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Ақтау» атану рәсімінің салтанатты ашылуына қош келдік! Қазақстан – қазір ұлт­тық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, халықаралық аренадағы беделі зор, қуатты мемлекет. Орталық Азияның, түгел Түркі дүниесінің жарқыраған жұлдызы – Қазақстан. Қазақ халқы – татулыққа ұйыған, жастары жасам­паздыққа ұмтылған ел. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекет», дей келе, Маңғыстау өңірінің қадір-қасиетін айтумен бірге алда бірлесе атқарар шаруаларға тоқ­тал­ды. Айтуынша, биыл Пір Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы «Ақтау – түркі елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасының аясында өтпек. Сондай-ақ қазақ мифологиясын зерттеу­ге үлкен үлес қосқан ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармалары түрік тіліне аударылып, ТҮРКСОЙ тарапынан Түркиядан шығатынын мәлімдеді.

Сахнада қатысушы елдердің делегациялары таныстырылып, Маңғыстаудың табиғи ерекшелігі, тау-тасы, тарихы, өнері мен өнерпаздары туралы қойы­лымдар көрсетілді. «Бес жүйрік» образы сомдалып, ғашықтар елесі жү­ріп өтті. Мерекелік іс-шараға талан­­тымен талай сахнаның сәніне айнал­ған әншілер – өзбекстандық Ю.Ус­ма­но­ва, әзербайжандық Р.Зергерлі, қыр­ғызстандық М.Атабек, сондай-ақ елі­міз­ден айтулы өнерпаздар қатысты.

ж

Қарақұрым көпшіліктің күткені – әлемді аузына қаратқан әнші Димаш Құдайберген еді. Димашты зор қоше­метпен қарсы алған көрермендердің ықыласы шексіз болды. Ақтау көшелерін халық кернегені сонша, не концертке, не үйіне жете алмай 3-4 сағат көлік кептелісінде қалғандар бар.

Ашылу салтанатындағы концерт бірнеше сағатқа созылды. Жалпы іс-шаралар легі бірнеше күнге ұласты деу­ге болады. Нақтырақ айтсақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, еліміздің Мә­дениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен өнерпаздар делегациясы сәуір айы туы­сымен келіп, концертке алдын ала да­йындалды. Теңіз жағасындағы амфитеатр маңын белгілеп, арнайы құрылған «Дарқан дала» этноқалашығында маңғыс­тау­лықтар қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Аталған қалашықта қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, бірнеше күн бойы бауырлас халықтардың ұлттық бұйым­дарының, көне жәдігерлерінің көрмесі жайылып, ән-жыры шалқыды, күйі төгіліп, биі дөңгеленді.

д

«Дарқан дала» этноқалашығындағы Маңғыстау облысының әр аудан, қалаларына бөліп берілген «Суын айғыр», «Шерқала», «Дәстүр», «Батырлар», «Жеті қайқы», «Ғашықтар» және «Шеберлер» ауылдары қазақтың салт-дәстүрінен қойылымдар қойып, көрмені қыздырып, шеберлік сағаттарын өткізді. Ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін, тұрмысы мен тарихын дәріптеген іс-шара бірнеше күнге жалғасты.

Киіз басу, ұршық иіру, келін түсіру, бет ашу, ұлттық би, сондай-ақ қолөнер бұйымдары топтасқан көрмені тамашалаушылар, халқымыздың бай тарихы мен өнеріне тамсанушылар аз болған жоқ. Қонақтар да өздерінің ұлттық бұйым­дары мен жәдігерлерін жайып салды.

Облыс аудандарынан келген өнер­паздар ән мен жырды әуелете концерт қойды. Мысалы, 5 сәуір күні түп­қарағандық өнерпаздар бастаған мерекелік кеш ТҮРКСОЙ әртістерінің гала-концертіне жалғасса, түсте Мұ­найлы ауданы ән-жырдан шашу шашты. Түс қайта Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданы өнерпаздары дайындаған кон­церттік бағдарлама ұсынылды.

д

Ақтауға ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттерден 50-ге жуық лауазымды тұлға мен халықаралық ұйымдардың басшылары, 150-ге тарта шетелдік өнерпазбен ауқымды шараны тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келген тұрғындар жоғары деңгейлі концертті тамашалап, Ақтау қаласында қыдырып, ауылдарына аман-сау аттанды.

 

Ақтау