Саясат • 08 Сәуір, 2025

Қазақстан – Еуроодақ: Сарабдал сұхбат жалғасады

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген дана сөзі бар. Мағынасы терең бұл тәмсілді ежелден қоңсы, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Орталық Азияның бауырлас бес елінің бірлігіне бағыттап ұғуға болады. Кейінгі күндері осынау өңір төңірегінен оң өзгерістерге бастайтын жақсы жаңалықтар естіліп, берекеміз кіріп қалғаны рас.

Қазақстан – Еуроодақ: Сарабдал сұхбат жалғасады

Көрнекті қаламгер Қадыр Мырза Әлінің 1977 жылы жарық көрген «Алақан немесе Орта Азия отаулары» кітабында: «Бір кездері бір-біріне жұдырық болып жұмылып келген Орта Азия халықтарының қуатты қолдары бүгінде достықтың алып алақаны болып жа­йылса, татулық пен туыстықтың бейбіт құсы сол алақаннан ұшып, сол алақанға қонады», делінген жолдар бар. Ақынның осы ойын нау­рыз айының соңын ала жеткен ақжолтай хабар айшықтай түсті. Орталық Азия жұрты үшін тарихи мәні биік оқиға – Тәжікстанның Хожанд қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері басшыларының бас қосып, үшжақты саммит аясында аса ма­­ңыз­ды келісімге келуі. Онда мемлекеттік ше­кара­­лардың түйісер тұсы туралы шартқа қол қо­й­ылып, Мәңгілік достық туралы дек­лара­­­ция қ­абыл­данды. «Ғасыр келісімі» деп баға­­лан­ған бұл қадам – Орталық Азиядағы өзара ын­ты­­мақ­тастықтың жаңа белесі. Көп жыл бойы басы ашық қалып келген түйткіл­дер­дің түйіні тарқап, татулықтың туы қайта желбіреді.

Осылайша, ауызбіршілігі беки түскен, айрандай ұйыған аймақтың бетіне жиналған «қаймақтай» болып Өзбекстанның Самарқанд қаласында айтулы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінің өтуі нұр үстіне төгілген нұр болды. Бұл кейінгі жылдары ОА мен ЕО арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып келе жатқанын одан сайын айқындады. Самарқандта өткен жоғары деңгейдегі кездесуде осы ықпалдастықтың жаңа мазмұнмен толығып, стратегиялық бағытқа бет алғаны аңғарылды. Құрғақ про­токолдан гөрі ілгері оздыратын ілкім­ді жоба, дабыра декларациядан гөрі нә­тижеге жеткізетін нақты әрекет ма­ңыз­ды екенін түсінген тараптар ортақ мүд­­делерді ескеріп, өзара сенімге негіз­­дел­ген әріптестікті тереңдетуге ниетті.

Аталған саммитте қол жеткізілген жемісті келісімдерді саусаққа ілінген ине дерсіз. Бұл инені интеграция, инвестиция сияқты игіліктермен сабақ­тастырып түсінуге де болады. Ин­вес­тиция демекші, Еуропа Одағына мүше елдер кейінгі 10 жылда Орталық Азия мемлекеттері­не 121 млрд доллардан аса қаржы құ­йып­ты. Бұл ай­мақтағы тікелей шетел­­­дік ин­­­вес­­ти­цияның жалпы көлемінің 40%-ынан асады. Ал ОА-ның ЕО-мен жал­пы сауда айналымының көлемі ке­­йін­­гі 7 жылда 4 есе өсіп, 58,3 млрд долларды құрады. Мұның 80%-ы Қазақстанға тиесілі екенін ерекше атап өту керек. Осыған қарап саусақтың бас бармағы біздің еліміз десек, қателесе қоймаспыз. Бұлай деуімізге негіз ретінде бірнеше факторды алға тартуға болады. Мысалы, еліміз – өңірлік тұрақтылықтың тірегі, интеграциялық бастамалардың қоз­ғаушы күші. Еуразия кеңістігінде көп­векторлы саясат ұстанған Қазақстан – Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы алтын көпір. Қазақстанның геосаяси артықшылығы – тек кең бай­тақ жерінде емес, салмақты саясатында. Еуропа Одағымен стратегия­лық әріптестік орнатқан Қазақстан – энергетика, көлік-логистика, «жасыл» экономика және цифрлық трансформация салаларында маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Қазірдің өзінде Еуропаға бағытталған көптеген ірі жоба Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағытта Орталық Азия мемлекеттерінің өзара түсіністігі мен тығыз байланысы ауадай қажет. Ал Орталық Азия ел­дерінің ынтымақтастығы – тұтас өңір үшін қауіпсіздік пен дамудың кепілі. Қай салада болсын, өзара қолдау мен үйлесімділік болмаса, ешбір жобаның ілгері баспасы анық. Ендігі бетбұрыс – бейбітшілік пен береке жолындағы ұлттар мүддесінің тоғысуы.

Осы сөзімізге тұздық ретінде күні кеше Еуропадағы беделді ақпарат көзінің бірі Eureporter порталында жарияланған Дерия Сойсал есімді сарапшының «Самарқанд сапары: Тоқаев пен фон дер Ляйен идеал әріптестер ме?» атты мақаласын атап өтуге болады. Мұнда автор кейінгі жылдары Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы байланыс тіптен нығая түскенін, еуропалық делегациялар жиі келіп, Астана-Брюссель бағыты бойынша саяси диалогтің арнасы кеңейгенін, бұл кездейсоқ үрдіс емес екенін, сәйкесінше Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен сенімді серіктестіктің рәмізіне айналғанын жазды.

Автор Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің кездесуінде айтылған негізгі мәселелерді сөз етіпті. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы серіктестіктің болашағына сенім білдіріп, энергетика, логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект секілді төрт іргелі бағытты ұсынғанын атап өтсе, Урсула фон дер Ляйеннің Транскаспий көлік дәлізінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Қазақстан Президентін сирек кездесетін металдардың ірі кен орнының табылуымен құттықтағанын жазған.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы қуатты, саясаты ашық, табиғи ресурстары бай ел ретінде Еуропаға маңызды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Еуропаға өзінің энергетикалық болашағын қайта қарау­ға түрткі болды. Бұрынғыдай Ресей газы мәселені түбегейлі шешпейді. Енді көзқарас өзгерді. Қазақстан – Еуропа үшін балама әрі сенімді энергетика­лық әріптес. Уран, мұнай, сирек кездесетін металдар – бәрі де Еуроодақ үшін стратегиялық салмағы басым ресурс. Қазақстан Еуроодақпен жасыл энергия саласында да серіктестік орнатып отыр. Тіпті жаңартылатын сутек пен аккумулятор өндірісі бойынша бірлескен жобалар іске қосыла бастады. Бұл – тек экономикалық емес, экология­лық жауапкершілікті де бөлісе білудің көрінісі.

«Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы экономикалық қарым-қатынастар айтарлықтай жақсарып келеді. Әсіресе энергетикалық саладағы әріптестік ерекше маңызға ие. Бүгін­де ЕО – Қазақстан мұнайының негіз­гі тұтынушысы: мұнай экспорты­ның 70 пайызы осы елге тиесілі. Бұл көрсеткіш Еуроодақтың жалпы мұнай импортының 6 пайызына тең. Қазақстан  OPEC құрамына кірмейтін елдердің арасында ЕО-ға мұнай жеткізетін үшінші ірі мемлекет саналады. 2022 жылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 40,2 млрд еуроға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 74 пайызға өсті. Оның ішінде ЕО-дан Қазақстанға жасалған экспорт көлемі 89 пайызға артып, 10,4 млрд еуроға жетсе, Қазақстаннан ЕО-ға бағытталған импорт 70 пайызға өсіп, 29,8 млрд еуроны құрады. Қазақстанның Еуроодаққа экспорттайтын негізгі өнімдері – минералды шикізат, яғни мұнай мен газ. 2022 жылы олардың жалпы құны 26 млрд еуроны құрап, экспорттың 88 пайызын иеленді», делінген мақалада.

Сонымен қатар беделді басылымда Қазақстанда саяси реформалар белсен­ді жүріп жатқаны, адам құқықтары, сот жүйесін жаңғырту, өлім жазасынан бас тарту секілді нақты өзгерістер халықаралық қауымдастықтың назарынан тыс қалмағаны, Еуроодақтың бұл үдерісті қолдайтынын бірнеше мәрте мәлімдегені атап көрсетілді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстанның төңірегіндегі бауырлас елдермен бірге Еуропа Одағымен тиімді серіктес құруын экономика мен саясаттың, экология мен технология­ның, қауіпсіздік пен өркендеудің тоғысқан тұсы деп бағалаймыз. «Алаған қолым – береген» дегендей, алыс-берісті арттырған осындай байыпты байла­ныс­ берекелі алып алақан – Орталық Азияның құтын ортайтпай, несібесінің еселенуіне қызмет ете берсе, игі.