
Көрнекті қаламгер Қадыр Мырза Әлінің 1977 жылы жарық көрген «Алақан немесе Орта Азия отаулары» кітабында: «Бір кездері бір-біріне жұдырық болып жұмылып келген Орта Азия халықтарының қуатты қолдары бүгінде достықтың алып алақаны болып жайылса, татулық пен туыстықтың бейбіт құсы сол алақаннан ұшып, сол алақанға қонады», делінген жолдар бар. Ақынның осы ойын наурыз айының соңын ала жеткен ақжолтай хабар айшықтай түсті. Орталық Азия жұрты үшін тарихи мәні биік оқиға – Тәжікстанның Хожанд қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері басшыларының бас қосып, үшжақты саммит аясында аса маңызды келісімге келуі. Онда мемлекеттік шекаралардың түйісер тұсы туралы шартқа қол қойылып, Мәңгілік достық туралы декларация қабылданды. «Ғасыр келісімі» деп бағаланған бұл қадам – Орталық Азиядағы өзара ынтымақтастықтың жаңа белесі. Көп жыл бойы басы ашық қалып келген түйткілдердің түйіні тарқап, татулықтың туы қайта желбіреді.
Осылайша, ауызбіршілігі беки түскен, айрандай ұйыған аймақтың бетіне жиналған «қаймақтай» болып Өзбекстанның Самарқанд қаласында айтулы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінің өтуі нұр үстіне төгілген нұр болды. Бұл кейінгі жылдары ОА мен ЕО арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып келе жатқанын одан сайын айқындады. Самарқандта өткен жоғары деңгейдегі кездесуде осы ықпалдастықтың жаңа мазмұнмен толығып, стратегиялық бағытқа бет алғаны аңғарылды. Құрғақ протоколдан гөрі ілгері оздыратын ілкімді жоба, дабыра декларациядан гөрі нәтижеге жеткізетін нақты әрекет маңызды екенін түсінген тараптар ортақ мүдделерді ескеріп, өзара сенімге негізделген әріптестікті тереңдетуге ниетті.
Аталған саммитте қол жеткізілген жемісті келісімдерді саусаққа ілінген ине дерсіз. Бұл инені интеграция, инвестиция сияқты игіліктермен сабақтастырып түсінуге де болады. Инвестиция демекші, Еуропа Одағына мүше елдер кейінгі 10 жылда Орталық Азия мемлекеттеріне 121 млрд доллардан аса қаржы құйыпты. Бұл аймақтағы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемінің 40%-ынан асады. Ал ОА-ның ЕО-мен жалпы сауда айналымының көлемі кейінгі 7 жылда 4 есе өсіп, 58,3 млрд долларды құрады. Мұның 80%-ы Қазақстанға тиесілі екенін ерекше атап өту керек. Осыған қарап саусақтың бас бармағы біздің еліміз десек, қателесе қоймаспыз. Бұлай деуімізге негіз ретінде бірнеше факторды алға тартуға болады. Мысалы, еліміз – өңірлік тұрақтылықтың тірегі, интеграциялық бастамалардың қозғаушы күші. Еуразия кеңістігінде көпвекторлы саясат ұстанған Қазақстан – Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы алтын көпір. Қазақстанның геосаяси артықшылығы – тек кең байтақ жерінде емес, салмақты саясатында. Еуропа Одағымен стратегиялық әріптестік орнатқан Қазақстан – энергетика, көлік-логистика, «жасыл» экономика және цифрлық трансформация салаларында маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Қазірдің өзінде Еуропаға бағытталған көптеген ірі жоба Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағытта Орталық Азия мемлекеттерінің өзара түсіністігі мен тығыз байланысы ауадай қажет. Ал Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы – тұтас өңір үшін қауіпсіздік пен дамудың кепілі. Қай салада болсын, өзара қолдау мен үйлесімділік болмаса, ешбір жобаның ілгері баспасы анық. Ендігі бетбұрыс – бейбітшілік пен береке жолындағы ұлттар мүддесінің тоғысуы.
Осы сөзімізге тұздық ретінде күні кеше Еуропадағы беделді ақпарат көзінің бірі Eureporter порталында жарияланған Дерия Сойсал есімді сарапшының «Самарқанд сапары: Тоқаев пен фон дер Ляйен идеал әріптестер ме?» атты мақаласын атап өтуге болады. Мұнда автор кейінгі жылдары Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы байланыс тіптен нығая түскенін, еуропалық делегациялар жиі келіп, Астана-Брюссель бағыты бойынша саяси диалогтің арнасы кеңейгенін, бұл кездейсоқ үрдіс емес екенін, сәйкесінше Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен сенімді серіктестіктің рәмізіне айналғанын жазды.
Автор Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің кездесуінде айтылған негізгі мәселелерді сөз етіпті. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы серіктестіктің болашағына сенім білдіріп, энергетика, логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект секілді төрт іргелі бағытты ұсынғанын атап өтсе, Урсула фон дер Ляйеннің Транскаспий көлік дәлізінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Қазақстан Президентін сирек кездесетін металдардың ірі кен орнының табылуымен құттықтағанын жазған.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы қуатты, саясаты ашық, табиғи ресурстары бай ел ретінде Еуропаға маңызды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Еуропаға өзінің энергетикалық болашағын қайта қарауға түрткі болды. Бұрынғыдай Ресей газы мәселені түбегейлі шешпейді. Енді көзқарас өзгерді. Қазақстан – Еуропа үшін балама әрі сенімді энергетикалық әріптес. Уран, мұнай, сирек кездесетін металдар – бәрі де Еуроодақ үшін стратегиялық салмағы басым ресурс. Қазақстан Еуроодақпен жасыл энергия саласында да серіктестік орнатып отыр. Тіпті жаңартылатын сутек пен аккумулятор өндірісі бойынша бірлескен жобалар іске қосыла бастады. Бұл – тек экономикалық емес, экологиялық жауапкершілікті де бөлісе білудің көрінісі.
«Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы экономикалық қарым-қатынастар айтарлықтай жақсарып келеді. Әсіресе энергетикалық саладағы әріптестік ерекше маңызға ие. Бүгінде ЕО – Қазақстан мұнайының негізгі тұтынушысы: мұнай экспортының 70 пайызы осы елге тиесілі. Бұл көрсеткіш Еуроодақтың жалпы мұнай импортының 6 пайызына тең. Қазақстан OPEC құрамына кірмейтін елдердің арасында ЕО-ға мұнай жеткізетін үшінші ірі мемлекет саналады. 2022 жылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 40,2 млрд еуроға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 74 пайызға өсті. Оның ішінде ЕО-дан Қазақстанға жасалған экспорт көлемі 89 пайызға артып, 10,4 млрд еуроға жетсе, Қазақстаннан ЕО-ға бағытталған импорт 70 пайызға өсіп, 29,8 млрд еуроны құрады. Қазақстанның Еуроодаққа экспорттайтын негізгі өнімдері – минералды шикізат, яғни мұнай мен газ. 2022 жылы олардың жалпы құны 26 млрд еуроны құрап, экспорттың 88 пайызын иеленді», делінген мақалада.
Сонымен қатар беделді басылымда Қазақстанда саяси реформалар белсенді жүріп жатқаны, адам құқықтары, сот жүйесін жаңғырту, өлім жазасынан бас тарту секілді нақты өзгерістер халықаралық қауымдастықтың назарынан тыс қалмағаны, Еуроодақтың бұл үдерісті қолдайтынын бірнеше мәрте мәлімдегені атап көрсетілді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстанның төңірегіндегі бауырлас елдермен бірге Еуропа Одағымен тиімді серіктес құруын экономика мен саясаттың, экология мен технологияның, қауіпсіздік пен өркендеудің тоғысқан тұсы деп бағалаймыз. «Алаған қолым – береген» дегендей, алыс-берісті арттырған осындай байыпты байланыс берекелі алып алақан – Орталық Азияның құтын ортайтпай, несібесінің еселенуіне қызмет ете берсе, игі.