
«Мансап» орталығының директоры Ернұр Абдалиевтің айтуынша, қазірде облыс орталығында іс жүргізуші, экономист, есепші, IT мамандары, зауыттарда оператор мамандары тапшы. «Жыл соңына дейін қалада уақытша жұмыс орындарымен 956 адамды, тұрақты жұмыспен 980 адамды қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биыл «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары да жалғасын табады. Бүгінде 457 адам жұмыссыз ретінде тіркелген», деді орталық директоры.
Іс-шара барысында көпсалалы колледждің мұғалімдері жоғары сынып оқушыларына техникалық мамандықтар жөнінде ақпарат беріп, шеберлік сағаттарын өткізді. Қазір колледжде тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі, токарьлық іс, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тағам өндірісінің технологиясы, есептеу техникасы және ақпараттық желілер сынды 7 мамандық оқытылады. Білім алушылардың саны – 462. Былтырғы түлектердің 76%-ы жұмысқа орналасқан.
Іс-шараның ашылуына қала әкімі Асхат Бердіханов қатысып, Жұмысшы мамандықтары жылының маңыздылығына тоқталды. HR мамандары жастарға ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ өкілдері «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы туралы ақпарат берді.
Алматы облысы