«Таза Қазақстан» • 02 Сәуір, 2025

Аулалар абаттана бастады

31 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында да «Таза Қазақстан» жал­пы­ұлттық эколо­гия­лық акциясы жақсы нәтиже беріп келеді. Жүйелі жобаның маусымдық іс-шара­лар­мен, сенбіліктермен шек­теліп қалмай, әлеуметтік нормаға айналып, халық сана­сын­да орнығып, жалғасын тауып келе жат­қанына қалың бұқара куә болып отыр.

Аулалар абаттана бастады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биылғы жылдың бірінші тоқса­нын­да облыста акция аясында шамамен      90-ға жуық іс-шара өткізілді. Соның бәрі дерлік, жастардың баста­ма­сымен, түрлі форматта ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 38 тазалық марафоны, 5 экофес­тиваль, 8 конкурс, 8 чел­лендж, 5 жабық орындарда көгал­дандыру акциясы, 15 тренинг, 9 вандализмнің алдын алу іс-шарасы болды.

Петропавл қаласының мек­тептерінде белсенділер мен волонтерлер оқушылар арасында қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде қызықты акциялар өткізді. «Қоршаған орта – ол да сенің үйің сияқты, үйіңнің ішін қалай таза ұстасаң, есік алдын, аула­ны, көшені де солай таза ұстау керек. Өйткені бұл сенің өмір сүру, өсу аумағың, қуанышпен күлетін, жадырап-жайнап жүре­тін­ ортаң» деген ұғымдарды бала­лардың қалай түсінгені туралы конкурс­тар ұйымдастырылды, оқу­шылардың экологияны таза сақтау, қоршаған ортаны қор­ғау бағытындағы шығар­ма­шы­лықтары сараланды. Оған талапкерлер салған суреттерімен, жазған өлеңдерімен, көркем шығармаларымен қатысты. Үздік шыққан оқушыларға сыйлықтар мен Алғысхаттар табыс етілді.

«Осы іс-шараның бәрі жас жеткін­шектердің бойында эколо­гиялық тазалықты сақтау ұғымын қалыптастыру, дамыту мақсатында өткізілді. Сайып келгенде, бұл жұмыстар жастардың патриоттық сезімін оятып, өз еліне, өз жеріне деген махаббатының жандануына әсер етеді. Оқушылардың іске деген ынталылығы біздің де құлшынысымызды арттырды», дейді Петропавл қалалық жас­тар ресурстық орталығы­ның жетекшісі Дамир Әбдин.

«Наурызнама – 2025» он­күн­дігі аясында аулаларды тазарту, жал­ғыз­ілікті қарт адам­дарға ­кө­мек­тесу жөнінде қырыққа жуық іс-шара ұйымдастырылды. Былтыр жыл бойы осындай қамқорлық іс-шарасы, эко­ло­гиялық акция­ларға жастар ара­сынан 5 мыңдай волонтер қатысты. Тазалық сақ­тау акция­ларына 10 мыңнан артық адам тартылды. Биыл да 300-ден астам экологиялық акция­ мен іс-шара жос­парланып отыр. Соның ішін­­де тұрақты жүргізілетін­дер қатарында «Таза аула – таза Отан», «Табиғатты аяла!», тағы басқа да баталы бас­тамалар бар. Жастар ресурс­тық орта­лығы жалғызілікті қарттардың аулаларын тазарту, отынын дайындап беру, күл-қоқысын сырт­қа шығару жөніндегі «Қам­қор», «Көмек келіп қалды», «Қайы­рымдылық» акцияларын тұрақты жүргізеді.

Акциялар мен іс-шараларды ілгерілету мақсатында әлеу­меттік желілерде экотрендтер жасалып, оған аймақтық блогерлер, қоғам­дық пікірдің көшбас­шы­лары, депутаттар, ардагерлер, волон­терлер, танымал спорт­шы­лар тартылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы