Аймақтар • 18 Наурыз, 2025

Ұйқысыз түндер басталды

41 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында күн күрт жылынып, қар еріп, көк­темгі су тасқынының қарбаласы басталды. Өңірде облыс­тық маңызы бар бір жолды, аудандық маңызы бар алты жолды су басып, қатынас уақытша тоқтады.

Ұйқысыз түндер басталды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті кеше бірнеше елді мекенмен арадағы жол бүлініп, қатынас тоқтағанын хабарлады. Теректі ауданында Сарыөмір мен Дуана арасындағы дала жолын үш жерден қар суы басып өткен. Осы аудандағы Қандық, Құмақсай, Төң­керіс ауылдарына баратын жолға да су толып, қозғалысқа бөгет жасады. Қаратөбе ауданындағы Ақтайсай ауылына, Шыңғырлау ауданындағы Ардақ, Ақтау ауылдарына да баратын жол уақытша жабылды. «Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар 5 жолдың 8 бөлігі қалпына келтірілді, қалған бір бөлікте әлі су өтіп жатыр», деп ха­бар­лады департаменттің баспасөз қызметі.

Облыстық маңызы бар «Бөрлі–Ақсай–Жымпиты» автожолының 134-шақырымында, Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылының маңында Шідерті өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, уақытша көпірдің кіреберіс жолдарын су шайып кеткен. Бұл жерде қазір арнайы техника мен мамандар кезекшілікте тұр. Қажетті материалдар, құм мен қиыршық тас дайындалған, қапшықтар құммен толтырылып жатыр. Су саябыр тапса, жол қатынасы қалпына келтіріледі.

Премьер-министр Олжас Бек­тенов су тасқынына қарсы іс-ша­раларды үйлестіру жөніндегі рес­публикалық штаб отырысын өткізіп, жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде көктемгі су тас­қынының алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралар туралы есеп берген еді.

«Ұзындығы 143 шақырым болатын 81 қорғаныс бөгеті салынды, 9 шақырым су бұру арнасы, 93 шақырым арық қазылды, елді мекендерге 582 метрлік су өткізу құбыры орнатылды, 74 шақырым магистральдық канал тазартылды. Облыстағы барлық суқоймасы транзиттік режімде жұмыс істеп тұр», деп мәлім етті Н.Төреғалиев.

Өңірде материалдық-тех­ни­калық ресурс қоры жасақталған. 1,8 мың арнайы техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа, 4 мыңнан астам қызметкер бір тәулікте іске қосыла алады. Сонымен қатар 12 мың тоннадан астам инертті материал, 413 мың қап, 423 тонна жанар-жағармай қоры дайын тұр. 95 мыңнан астам құм салынған қап әзірленген. 32 мың адам орналаса алатын 317 уақытша эвакуациялық бекет дайындалды. Сондай-ақ төрт түлік малды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін 195 арнайы орын белгіленді.

Облыстық су тасқынына қарсы штаб жұмысын 10 наурызда бас­тап кеткен. Қазір су тасқынына дайындық жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 27 шақырым су бұру арнасы, 62 шақырым арық, 1 200-ден астам су өткізу құбыры тазартылды.

Орал қаласында көктемгі су тас­қы­нының алдын алу, мұз кеп­телістерін болдырмау мақ­са­тын­да өзендердің мұзын жару бас­тал­ды. Шаған, Деркөл өзендері жа­йыл­маларының 10 бөлігінде, барлығы 10 мың шаршы метр аумақта мұз жарылады. Бұдан бөлек, 5200 ойық ойылып, 13 мың шаршы метр­ден астам мұз кесілген. «Жағдай толық бақылауда. Қажет жағ­дайда тәулік бойы кезек­шілік ұй­­ымдастырамыз», дейді Орал қа­ла­­лық ТЖБ бастығының мінде­тін уа­қытша атқарушы Олжас Әбді­рахман.

«Қазгидромет» мекемесі қазір өңірдегі өзендердің күнделікті су деңгейін мұқият қадағалап отыр. Кейінгі тәулікте Жайық өзеніндегі су деңгейі Жарсуат ауылының тұсында +13, Январцев ауылы маңында +46, Орал қаласында +46, Көшім ауылында +24 см көтерілген. Көп жерде мұз қозғала бастаған, өзеннің жие­гіне су толған. Орал қаласы тұсында өзеннің қауіпті деңгейі 850 см болса, қазір 301 см-ге жетті. Яғни дабыл қағуға әлі ерте. Ресей аумағындағы Иреклі суқоймасынан секундына 201 текше метр су түсіп жатыр.

Өңірдегі Шаған, Деркөл, Шың­ғырлау, Шідерті, Өлеңті, Бұл­дырты, Қалдығайты секілді шағын өзендерден де әзірге қауіп жоқ. Деркөл өзені Тасқала, Зеленов, Бе­лес ауылдары тұсында тәулік ішінде төмен түсті, Шежін өзенінің су деңгейі де азайды, Көпіраң­қаты өзені Алғабас ауылы тұсында бір тәулікте 63 см төмен түсті. Мамандар бірнеше өзен бойынша қауіпті кезең артта қалды деп отыр.

«Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, облыс аумағының басым бөлігінде қар толық еріп кеткен. 15-18 наурыз аралығында Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Сы­рым, Қаратөбе аудандарындағы өзен­дерде су деңгейі ең жоғарғы ме­жесінен өтіп, сабасына түсуі керек. Жайық өзеніне осы көктемде келетін су көлемі 3,2-5,2 млрд текше метрден аспайды дейді мамандар. Салыстырар болсақ, былтыр көктемде Жайыққа 11 млрд текше метрден астам су келген екен. Биыл су 2-2,5 есеге аз болады деп болжанып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы