Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2025

Батыр ана, бақытты әже

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тағдырдың тартуы солай болған шығар, ол арқа сүйер азаматынан ерте айырылды. Шиеттей он баламен жалғыз қалған Мейізкүл Мұздыбаева белін бекем буып, өзі еркек, өзі әйел болып әрекет етуден басқа амалы қалмағанын түсінді. Ол кезде кенжесі – небәрі бір жаста еді.

Батыр ана, бақытты әже

Нәпақасын адалынан тауып, ұрпағына дұрыс тәрбие беруді мақсат еткен ана ұл-қыздың болашағын ойлап тынымсыз еңбек етті. Отағасы денсаулық саласында фельдшер еді. Мейізкүл оның көмекшісі ретінде Қазығұрт, Төле би аудандарында бірнеше жыл мейірбике болып халыққа қызмет етті. Кейіннен уақыт талабына сай саудамен де айналысты, «Бірінші мамыр» ұжымшары фермасында сауыншы болды. Қай салада болсын еңбекқорлығымен ел алғысына бөленген, бес ұл, бес қыз тәрбиелеген Мейізкүл Мұздыбаева «Батыр Ана» атанды, «Ана даңқы»  орденімен наградталды. Бүгінде 28 немере, 18 шөбере сүйіп әже атанған Мейізкүл Мұздыбаева сол бір күндері бар қиындықты сәбидің күлкісі ұмыттырып жіберетінін айтады. Өткенді еске алғаннан гөрі немере-шөберелерінің тәтті қылығын әңгімелеуді жөн көреді.

«Ол кезде ешкім баланың бетіне қарап отырмайтын. Күй талғамай-ақ, үйдің де, түз­дің де шаруасына үлгере жү­ріп өсірдік. Бес ұл, бес қызға дана Абай айтқандай, «бейнет көр­мей, дәулет жоқ» екенін ұғын­дырдық. Бел жазбай еңбек етіп, үлгі көрсеттім. Қиындыққа мойы­май, алдыма бір ғана мақсат пен міндет қойдым. Ол – балаларымды аяққа тұр­ғы­зу, соларды адам ету. Осы ойдың жетегінде жүріп, аянбай еңбек етіп, ең­серуге тырыстым. Бүгінде заман басқа, дегенмен немере-шө­бе­релеріме Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген, нақылға айналған өлең жолдарын жиі қайталап отырамын. Олар да ақынның жы­рын жатқа айтып, терең түсіне­тінін білдіріп жатады. Қазір 1-2 бала туып, үй-күй іздейтін жастардың да аз емес екені рас. Бүгінде сол көп баланы берген жаратқанға шүкір етемін. Барлығының қатардан қалмай, таршылық көрмей, жоғары білім алып, өмірден өз орнын та­буын мақсат еттім, осы жол­да қолымнан келгенше көмек­тестім, қолдадым. Соның рахатын бүгінде көріп келемін. Қолым­ды жылы суға малып отыр. Қартайғанда бейнетімнің зейнетін көрудемін. Он баланың басы қосылып, немере-шөбере­лерім жиналып жан-жақтан қаумалағанда айтып жеткісіз бақытты күй кешемін. Шүкір, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасымыз. Ел тыныш, жұрт аман, ауылда халыққа барлық жағ­дай жасалып жатыр, ұзағы­нан болғай», дейді алтын құр­сақты ана.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дүниеге келген Мейізкүл 16 жасында Төле би бабаның тікелей жетінші ұрпағына келін болып түскен. Яғни Төле бидің алтыншы ұрпағы Нұртай, жетінші ұрпағы Мұздыбай бабалардың тәрбиесін алған келін. Немерелері әжелері қазіргі күнге дейін «Ұлы дала заңы» мен «Қазақтың аталы сөзін», ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп отыратынын айтады. 82 жасқа толған Мейізкүл әже ширақ, ауыл-аймақта өтетін іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Мектепте «Қыз әдебі анаға сын» тақырыбында өтетін, ұрпақты ұлттық құндылықтар шеңберінде тәрбиелеу мақса­тындағы іс-шарада белсенді.

«Ұлдың үлкені алпысқа келді. Ұл-қыздарымның бар­лы­ғы жоғары білім алды. Өз білімімен, өз күштерімен оқы­ды. Бәрі адал еңбегімен ұрпақ тәрбиелеп, үлкен отбасы­на айналып отыр. Отағасы мәңгілік мекеніне қайтқанда бесікте жатқан кенже қызым қазір 41 жаста, сот жүйесіндегі бас­ты тұлға саналатын судья болып еңбек етеді. Немеремнің үлкені орда бұзар отыздан асып қалды. Ең кішкентай шөберем 6 айлық. Наурыздағы мейрамымызбен барлығы құттықтап, қуантып тұрады. Ұл-қыздарым, немерелерім менің жылдар бойғы еңбегімнің бір өтеуі ретінде десем де болар, екі рет Меккеге қажылыққа жіберді. Ризамын. Ауылдың әкімі де, аудан басшылары да ұмытқан емес, жыл сайын құрмет көрсе­тіп отырады. Мен үшін барлық ұл-қызым, келіндерім, күйеу балаларым бірдей, жақын, ыстық, бәрін жақсы көремін. Бөле-жарған емеспін. Немере-шөберелерімнің арасында өнерге жақыны да аз емес. Мысалы, екінші ұлдың немересі, яғни шөберем Дінмұхаммед Қайратбекұлы  домбыра тартады, түрлі додада жеңімпаз атанып та жүр. Қолымдағы немерем Еңлік Шымкенттегі жоғары оқу орнында, үшінші курста оқиды, домбыра тартады, ән шырқайды. Маған тарт­қан-ау деп топшылап қоямын. Менің де ән айтатын өнерім бар, – деді де Мейізкүл әже бізге халық әнін айтып берді.

Он сегіз шөберенің қолынан май жалаған бақытты әже шырқаған әннің әдемі әуеніне елітіп, жанымыз жадырады.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15