
Соңғы 37 жылда алғаш рет бір жыл ішнде келушілер саны 1 097 236 адамға жеткен. Бүгінде қалалық хайуанаттар бағында 361 түрге жататын 3 838 жануар бар. Олардың күтімімен 223 қызметкер айналысады.
2024 жылы 250 мың адам зообақты тегін тамашалаған. Бұл – 6 жасқа дейінгі балалар, балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, көпбалалы және аз қамтылған отбасындғы балалар, сондай-ақ зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар.
Хайуанаттар бағы әкімшілігінің айтуынша, мұндағы билет бағасы да қолжетімді болып қала бермек. Атап айтқанда, ересектер үшін – 800 теңге, ал балалар үшін – 300 теңге. Келушілер санының жаңа рекордына хайуанаттар бағының артып келе жатқан танымалдығы себеп болған. Ол табиғатты сүйетіндер мен отбасылық демалысты қалайтын адамдар үшін тартымды орынға айналып отыр.
Алдағы уақытта хайуанаттар бағын халықаралық стандартқа сәйкес жаңғырту жоспарланған. Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау жарияланады. Кейін кезең-кезеңімен реконструкция жұмыстары басталып, 2028 жылға дейін жалғасады.
«Келушілердің, әсіресе балалардың, қызығушылығын арттыру және танымдық деңгейін көтеру мақсатында хайуанаттар бағында әр жануар бойынша аннотациялық тақтайшалар әзірленген. Онда жануардың атауы, таралу аймағы, биологиялық ерекшеліктері мен қызықты фактілер көрсетілген. Барлық ақпарат келушілерге ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Сонымен қатар, хайуанаттар бағында навигациялық және ақпараттық стендтер мен интерактивті элементтер орнатылған. Біз балаларға арналған түрлі үйірмелер мен зоомектеп жұмысын да ұйымдастырып келеміз», дейді хайуанаттар бағының әкімшілігі.