Сұхбат • 04 Наурыз, 2025

Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық.

Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

– Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды?

– Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

– Қазақ хандығы дәуірі шетелде аз зерттелген тақы­рып екені анық. Біз сөз етіп отырған кітабыңызда Абы­лай ханға қатысты хаттардың мәтін­де­рін жария­ладыңыз. Бұл мұраның сол тұс­тағы әлеуметтік маңызы қандай?

– «Әлеуметтік маңызы» деген ұғым маған онша түсінікті емес, бірақ сұрақ­қа жауап беруге тырысайын. Бір жағы­нан, бұл хаттар қазақтар үшін маңызды, өйткені олар қазақтардың Цинь әулетімен қарым-қатынасының дәлелі бола алады. Екінші жа­ғынан, хаттардың биліктік ма­ңызы бар деп есептейміз. Яғни Абылай хан бұл хаттарды жіберу арқылы өз беделін көрсетіп, Цинь императорымен тікелей байланыс орнатқанын айқындайды.

– Кітабыңызда қамтылған қазақ сұлтандарының Цинь императорына жазған хаттары түпнұсқа ма? Оларды салыс­тырып зерттеуде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Мен бұл хаттардың тек Пекиндегі Бірінші тарихи архивте сақталған микрофильм нұсқасын ғана зерттей алдым. Құжаттардың сапасыз түсірілуіне байланысты оларды оқу өте қиын болды. Нәтижесінде, кейбір мәтіндер мүлде оқылмады.

– Қытай дереккөздеріне қанша­лықты сүйендіңіз және ондағы тарихи деректердің сенімділігі қай деңгейде?

– Мен өзімнің докторлық диссертациям мен кітабымда манчжур құжаттарын қолдану ар­қылы зерттеуімді жаңа дең­гейге көтеруге тырыстым. Бұл құжаттардың өзінде белгілі бір дәрежеде біржақтылық болуы мүмкін екенін білемін, бірақ олардың қазақтар туралы көп­­теген жаңа мәліметті қамтитыны да анық. Сондықтан мен оларды Ресей құжаттарымен салыс­тыра отырып пайдаландым.

– Жапонияда қазақтар туралы тарихи деректер көп пе? Олар қалай зерт­телуі керек?

– Жапониядағы жазбаларда Шың­жаң қазақтары туралы деректерді қы­зығушылықпен қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Жапон әскери қыз­меткерлері мен зерттеушілері орыс-жапон соғысынан кейін Шыңжаң қазақтары туралы деректер жинаған. Ал кезіндегі Ресей билігіндегі қазақтарға қатысты мәліметтер өте сирек кездеседі. Бір қы­зығы, революция кезеңінде қазақ сая­саткері Мәрсеков Жапония үкіметінен көмек сұрап, хат жолдаған. Бұл хаттың жапон тіліндегі аудармасы Жапония архивінде сақтаулы және оны жақында профессор Уяма мен Онолар зерттеді.

– Ғұбайдолла сұлтанның хаты өз заманында өте маңызды болғанын бі­леміз. Оған қатысты басқа қандай тарихи дереккөздер таптыңыз?

– Мен 1824 жылдардағы оның қыз­ме­тіне қатысты Қазақстан және Ресей архив­те­рінен, атап айтқанда, Алматы мен Омбыда сақ­тал­ған құжаттарды жинадым. Сондай-ақ оның Ресей отаршылдығына қарсы кү­ресте белгілі бір рөл атқарғанын бі­лемін.

– Шетелдік зерттеуші ретінде сіз Қазақ-Цинь саяси қа­рым-қатынасын қалай баға­лайсыз?

– Қытай империясының дәстүрлі дис­курсындағы мәлі­меттерге сүйенсек, қазақтар тек басқаларға бағынышты халық ретінде қарастырылған. Дегенмен, Цинь көзқарасы тұрғысынан алғанда, қазақтар моңғолдар мен торғауыттарға ұқсас, империяға жақын халық саналған. Қазақ хандары да Циньмен қарым-қатынасындағы ерекшеліктерді терең түсінді деп есептеймін. Сондықтан олардың саяси байланыстары тек қа­зақтар үшін ғана емес, Цинь импера­торлық сарайы үшін де маңызды
болды.

– Сіз манчжур архивтерін де зерттедіңіз. Бұл туралы толығырақ айтып бересіз бе?

– Бұл архивтік құжаттар көп­теген маңызды мәліметті қамтиды. Себебі манчжур құжаттары көбіне Шың­жаң­дағы жергілікті шенеуніктердің им­ператорға тікелей жолдаған есеп­тері түрінде сақталған. Әри­не, мұндай баянхаттарда ав­торлардың жеке мүдделері кө­рініс табуы мүмкін, бірақ олар Цинь әкімшілігімен байланысқан қазақтардың шынайы бейнесін де көрсетеді.

– Қазақ-Цинь қарым-қа­тынастары туралы кіта­быңызды қазақ тіліне ауда­ру туралы ұсыныстар болды ма?

– Жақында бұл еңбекті орыс тіліне аудару туралы ұсыныс түсті. Егер аудар­ма Қазақстандағы оқырмандар үшін қызықты болса, оны қазақ тіліне аудару туралы да ұсыныс түсе жатар.

 

Әңгімелескен –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»