Денсаулық • 26 Ақпан, 2025

Затты емес, сәтті сатып алыңыз

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында дәл бүгінгідей жалғыздық жайлаған заман болған жоқ шығар. Болашақ туралы ойлау тіпті де қорқынышты. АҚШ-тың бас хирургі Вивек Мерти әлемде жалғыздық эпидемиясы өршіп тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі күні әрбір екінші адам өзін жалғыз сезінеді. Ал зерттеулер көрсеткендей, жалғыздық жүрек ауруларын 29%-ға, инсульт қаупін 32%-ға арттырады.

Затты емес, сәтті сатып алыңыз

Аристотель «Адам – әлеуметтік жануар» деген анықтама берген. Бірақ бүгінгі цифрлық дәуірде адамдар бір-бірінен рухани тұрғыда алыс­тап барады. Жасанды интеллект, әлеу­меттік желі, виртуалды әлем – бәрі де бізді шынайы қарым-қатынас­тан алшақтатып жатыр. Ғалымдар адамның жалғыздыққа жұтылуы жан саулығына ғана емес, тән саулығына да зиян келтіретінін дәлелдеген. Әлеуметтік байланыстың жетіспеуі ағзадағы күйзеліс гормонын көбейтіп, иммундық жүйені әлсіретеді. Осыдан барып ұйқысыздық, қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары аурулары асқына түседі. Зерттеушілердің пайымынша, бұл мәселемен күресу­дің жолы – өмірдегі шынайы сәттерді бағалауды үйрену. Адамдар көбіне қымбат телефон, қымбат киім, соңғы үлгідегі көлік алып, тым құрығында дәмді тамақ ішіп көңілін көтеріп, өзін бақытты сезінгісі келеді. Бірақ оның қуанышы келте. Киім тозады, айфонның жаңа моделі, көліктің одан да күштісі шығады. Соны алғысы кеп көңіл тағы құлазиды. Сондықтан зерттеушілер адамды шын бақытқа жеткізетін – заттар емес, өмірден алған әсер дейді. Корнелл университетінің профессоры Томас Гилович жүргізген зерттеуде адамдар сатып алған заттың қуанышынан гөрі саяхаттағаннан, мәдени іс-шаралардан, достармен уақыт өткізуден алған қуаныш әсері ұзаққа жететіні анықталған. Уақыт өте келе заттардың мәні жоғалады, ал ерекше сәттер естелікке айналып, адамға бақыт сыйлайды. АҚШ ғалымдары адамдарға «заттарды емес, сәттерді сатып алыңыз» деген кеңес береді. Өйткені ортақ әңгіме қарым-қатынасты нығайтып, шынайы байланысты күшейтеді.

Жалғыздық – қазіргі заманның індеті. Бірақ біз бір-бірімізге рухани жақын болуға ұмтылсақ, бұл дерттің алдын алуға болады.