Спорт • 25 Ақпан, 2025

«Төрт құрлықтың» жеңімпазы

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде өткен «Төрт құрлық біріншілігінде» Михаил Шайдоров алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Кезінде аталған жарыста еліміздің спорт­шылары арасынан тек Денис Тен ғана топ жарған еді. Енді міне, араға 10 жыл салып, дәл сол қалада алматылық өрен даңқты жерлесінің жетістігін қай­та­лады.

«Төрт құрлықтың» жеңімпазы

Сеул шаһарында Михаил Шайдоров «шу» дегеннен-ақ тізгінді қолға алды. Әуе­лі қысқы бағдарламаның қорытындысы бо­йынша көш бастады. Одан кейін еркін сайыста да жасындай жарқылдап, жалпы есепте 285,10 ұпай жиды. Бұл отан­дасымыздың жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуіне жеткілікті болды. Күміс медальды Чха Джунхван иеленді. Әлем чем­пионатының күміс жүлдегері, Азия ойын­дарының жеңімпазы деген атағы бар Оңтүстік Кореяның оғыланы 265,02 ұпай жинады. Қола медаль америкалық Джимми Маға бұйырды. Ол  245,01 ұпайды еншіледі.

Әйелдер арасындағы жарыста Софья Самоделкина жетінші орынға табан тіре­ді. Былтыр ғана еліміздің азаматтығын ал­ған спортшының өнері 193,37 ұпаймен баға­ланды. Бұл бәсекеде алтын медальды Оңтүстік Корея өкілі Ким Чхэ Ён (222,38 ұпай) жеңіп алса, америкалық Брэдди Тэннел (204,38 ұпай) мен Сара Эверхард (200,03 ұпай) күміс пен қола медальды иеленді. Сондай-ақ турнир­де Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Бойсангур Датиев пен Гауһар Наурызова жұбы өнер көрсетті. Бірақ олар үздіктер қатарына жақындай алмай, қалың топтың арасында қалып қойды.

Мәнерлеп сырғанауға қатысты айта ке­терлік тағы бір маңызды оқиға, 25 ақпан – 2 наурыз аралығында Мажарстанның Дебрецен қаласында жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл бәсекеде Никита Кривошеев, Артур Смағұлов, Вероника Ким, Сафия Абаева бақ сынайды. 

Соңғы жаңалықтар

Самокат мінгендерге айыппұл салынады

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 14:05