
Қазіргі таңда өңірдегі 26 колледжде 22012 студент білім алады. Соның ішінде 89 мамандық, 129 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті мамандар білім алса, 15 колледжде 3 955 студенттен 24 мамандық, 29 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлары даярланып жатыр.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Жания Оңалбаеваның айтуынша, жұмысшы, еңбек адамын дәріптеу мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспары облыс әкімінің өкімімен бекітілді. Сондай-ақ жоспарға мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен білім беру мекемелері арасында өткізілетін 112 іс-шара енгізілді.
Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін жұмысшы тобы құрылып, медиа-жоспар жасалды.
– Осы бағытта кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Жоспарда 2025–2026 жылдары оқу-зертханалық ғимарат, ІТ hub ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, жұмыс беруші қаражаты есебінен құзыреттік орталықтарын ашу, жұмыс берушілердің нақты тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, «Су мен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», «Гидрогеология және инженерлік геология» сынды екі жаңа мамандық ашу, көлік, қызмет көрсету, құрылыс салалары бойынша студенттік жасақ құру іс-шаралары жоспарланды, – деді Ж.Оңалбаева.
Жақында өңірде «Адал еңбек – адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтары жылы» салтанатты түрде ашылды. Енді жұмысшы мамандығын қолдауға қатысты іс-шаралар түрлі деңгейдегі ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырады. Бұл – жастардың және азаматтардың барлық мүдделі санаттарының жұмысқа орналасу, біліктілігін арттыру және кәсіби өсу үшін қолжетімді мүмкіндіктер туралы кеңінен хабардар болуын қамтамасыз етеді.
– Орта мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттері жасақталады. Соның аясында колледждер тарапынан жаңа жобалар іске асады. Осы іс-шаралардың барлығы жұмыс берушілер, білім беру мекемелері мен жастар арасында берік байланыс орнатуға, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, сондай-ақ Маңғыстау облысында жастардың жұмысқа орналасуы мен мансаптық өсуі үшін мүмкіндіктерді жақсартуға көмектеседі, – деді Ж.Оңалбаева.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» тек әдемі іс-шаралардың емес, жұмысшылар мен студенттер үшін, сондай-ақ жұмысқа орналасамын, біліктілігімді арттырамын дегендер үшін шын мәнінде табысты болады деп сенеміз.
Маңғыстау облысы