
Президент Қ.Тоқаевтың ішкі туризмді, жолаушылар әуе тасымалын дамыту, әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында бірқатар маңызды жаңғыру жүрді. 2024 жылы ірі хабтарды дамыту мақсатында Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті ұлғайды. Сондай-ақ 2025 жылы Зайсан, Катонқарағай курорттық аймақтарымен бірге Кендірліде жаңа әуежай салу туралы тапсырма беруі де аймақтың аса маңыздылығын білдіреді. Сөйтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Кендірлі курорттық аймағынан 13 шақырым жерден жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Көлік министрлігінің айтуынша, жобаның іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына тың серпін беріп, отандық, шетелдік туристер ағынын арттыруға, жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізетін болады.
Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы Кендірлі жері – Каспий теңізінің жайдақ жағалауы. Туризмді дамытуды басты бағдар еткен өңірде Кендірлінің географиялық орналасуы мен ақ құм, алтын жағалаулы табиғаты курорттық, туристік қызығушылыққа ие болатыны анық. Кендірліде халықаралық курорт ашу мақсатында арнайы бағдарлама жасақталып, 40 мың тұрғынға мекен болатын жаңа қаланың Бас жоспары жасалды. Жоба бойынша қону жолағы бар әуежай, су тұшытатын зауыт, электр стансасы, тазалау қондырғылары, жылыжайлар, әкімшілік, сауда-саттық ғимараттары, сондай-ақ жол, газ құбыры, электр желісі сынды инфрақұрылымдық қажеттіліктерді толыққанды тартып, Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан тас жолын қайта құрылымдау, жол бойы сервистік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар орнату жоспарланған. Аймақта балық шаруашылығы жолға қойылады. 4, 5 жұлдызды қонақүйлер, шипажайлар мен сауықтыру лагерьлері, аквапарктер, айлақтар, халықаралық деңгейде спорттық іс-шаралар өткізуге ыңғайлы стадион, мәдени кешендер мен тұрғын үйлер салынатын болады.
Жаңаөзен қаласымен бірге Кендірлі туристік аймағын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Тоқмақ мүйісінде тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын зауыт құрылысы мен 14 қосалқы ғимарат құрылысы жүріп жатыр. Жоспарланған барлық жобалар жүзеге асқан кезде Кендірлі келешегі келісті шаһарға айналмақ.
Маңғыстау облысы