Жұмысшы мамандықтар жылы • 13 Ақпан, 2025

Ақжайықтағы еңбек форумы

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Бүгінгі еңбек – ертеңгі табыс» деген тақырыппен жұмысшы мамандықтар көшбасшыларының форумы өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен іс-шараға Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, облыстық кәсіптік-техникалық білім бөлімінің жетекшілері, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті өкілдері, еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандар қатысты.

Ақжайықтағы еңбек форумы

Суреттерді түсірген – Нұрбек ИХСАН

«Жұмыстың жаманы жоқ, түптеп келгенде, барлық еңбек қадірлі. Өз ісін жетік мең­гер­гендер ұлт сапасын арттырады. Елімізде еңбек адамының мәртебесі әрқашан өзгелерден биік тұрады. Атаулы жыл осы мақсатты көздейді. Кәсіптік-техникалық оқу орындары білікті кадрлар даярлауы қажет. Бұл ретте аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледж­ге зор міндет жүктеледі. Түлеп ұшқан мамандардың жұмыс­­қа орналасуы, біліктілігі, өңір­­де сұранысқа ие мамандық­­тар­ға талдау жүргізу – осы­ның бәрі бір сәтке де бақылау­дан түсіруге болмайтын жұмыс», деді өз сөзінде аудан басшысы М.Сердалин.

Ақжайық аграрлық-техни­калық колледжінің директо­ры Жарас Сағындықовтың айтуын­ша, білім ордасы түлек­те­рі­­нің еңбек нарығындағы бәсе­келестігін арттыруға басым­­­дық беріліп отыр. Қазір колледж­де 166 студент 5 түрлі маман­дық бойынша білім алып жатыр. Газ-электрмен дәнекерлеуші, есептеу техникасы, бағдарла­малық қамтамасыз ету, тамақ­тандыруды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын механика­ландыру, ветеринария – сұра­нысқа ие мамандықтар. Аудан орталығындағы мекеме, бизнес өкілдерімен меморандум жа­салып, қазірде ветеринария технигі, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары­на оқитын студенттер тео­рия­лық білімді колледжден алып, шеберлігін жергілікті кәсіпорындарда шыңдап жүр.

ап

Алдағы оқу жылынан бас­тап еліміздің 10-11 сынып оқу­шылары мектеппен қатар кол­леджде оқып, кәсіптік-тех­никалық мамандық ала алады. Сөйтіп, 17-18 жастағы жасөспі­рім арнайы орта білім алып, еңбек нарығына ерте қадам басады. Колледж түлектерін оқы­туға арналған қаражат екі есеге, 437 мың теңгеден 912 теңгеге өседі. Бұл оқу орындары­ның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға да оң әсер етеді.

Аудандық мансап орталығының директоры Орын­бек Жапашев жұмысшы маман­дықтарына қысқамерзімді курс­тарда оқыту жөніндегі ахуал­ды баяндап берді. Бүгінде аудан­да аспаздар мен кондитерге, кө­лік жүргізушілеріне, сантех­ник, слесарь, электрик, дәне­кер­леуші мамандарға, механик пен тракторшыларға қажетті­лік бар. Былтыр ауданда 1 134 адам тұрақты жұмысқа орналасса, соның 80%-ы жұмыс­шы мамандар болған.

Ақжайық ауданының ғана емес, таяу болашақта облыстың экономикасына үлкен үлес қосқалы отырған «Сәтимола» кен орны туралы жаңалықты халық ықыласпен тыңдады. «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясының бас экономисі Тілеуберген Ғабдоллин жаңа кәсіпорын­ның калий тыңайтқыштарын өндірудегі мүмкіндігі жөнінде айтып, компания жоспарын жария етті. Компания БҚО-дағы алғашқы калий тау-кен өнді­рі­сін дамытуға 2,4 млрд АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция құйғалы отыр.

«2024 жылы әлемде калий хлоридіне қажеттілік 86 млн тонна болды. 2035 жылға қарай бұл қажеттілік 97 млн тоннаға жетеді дейді мамандар. Қазір бұл шикізаттың 26%-ын – Қытай, 17%-ын – АҚШ, 15%-ын – Бразилия, 8%-ын – Үндістан, 9%-ын Оңтүстік Шығыс Азия елдері өндіріп келеді. 2030 жылға дейін әлемдік қажеттіліктің 8%-ын өндіруге қол жеткізсек, осы минералды әлемге экспорттайтын 5 үздік елдің қатарына енеміз», деді Т.Ғабдоллин.

Әлбетте, мұндай нәтижеге жету жолында кәсіпорынға білікті мамандар, оның ішінде қарапайым жұмыскерлер, кен­шілер керек. Қажетті мамандар тізімінде 60–70-ке жуық түрлі сала өкілі бар. Қазірдің өзінде жеке компанияға қажет мамандарды даярлау мәселесі қолға алынған. Кәсіпорында 2025 жылы – 500, 2026 жылы – 2000, 2027 жылы – 2500, 2028 жылы – 3000, 2029 жылы – 3500, ал 2030 жылы 4000 маман қызмет етпек.

«Жұмысқа ең алдымен жер­гілікті тұрғындарды, со­ның ішінде Базаршолан, Тай­пақ, Сарытоғай, Базартөбе ауыл­дарының өкілдерін аламыз. Олар жерасты шахтасында, өңдеу зауытында, қосалқы өндіріс цехтарында жұмыс істейді», деді Т.Ғабдоллин.

 

Батыс Қазақстан облысы