
Іс-шараға полиция ардагерлерінің төрағасы Қалижан Алпысбаев пен облыстық Полиция департаменті және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанар Көптілеуова қатысып, оқушылармен ашық әңгіме жүргізді.
Сала мамандарының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі үш есеге төмендеген. Десе де қылмыс азайғанмен, құқық бұзушылықтың саны артқан. Сол себепті профилактикалық шараларды күшейту күн тәртібінде тұр. Кездесуде полиция өкілдері оқушыларға заңды біліп, тәртіпке бағыну жамандыққа жол бермеудің кепілі болатынын түсіндірді. Ал заңды бұзу түрлі келеңсіздіктерге соқтыратынын атап айтты.
«Жыл басынан бері ата-аналар комитетінің қатысуымен 90 кездесу, 60 рейдтік шара өткізілді. Жалпы, 500-ден аса әкімшілік-құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмаған баланы түнгі уақытта қадағалаусыз қалдырғаны үшін 14 ата-ана жауапкершілікке тартылып жатыр. Сондай-ақ ойын-сауық орталықтарында жүретін балалардың ата-аналарына да шаралар қолданылып жатыр», дейді Ж.Көптілеуова.
Алайда құқық бұзушылық мұнымен шектелмеген. Келелі кездесуде қоғамда белең алған киберқылмыстың 90 пайызы жастардың қатысуымен жасалатыны тілге тиек болды. Оған интернеттің кең таралуы мен әлеуметтік желіні жиі қолданудың салдары кері әсерін тигізуде деген пайым бар. Киберқылмыстың арасында онлайн алаяқтық, ақпараттық қауіпсіздік бұзушылықтары, жеке мәліметтерді ұрлау және кибербуллинг сияқты әрекеттердің жиі кездесетіні әңгіме арқауына айналды. Осыған орай жастарды дұрыс ақпараттық ортада тәрбиелеу, интернеттің қауіп-қатерлері мен құқықтық жауапкершіліктерін түсіндіру сала мамандарының басты міндетіне айналған. Сондай-ақ бұл қылмыс түрін жою үшін мектепте IT саласын дамытуды қолға алу керектігі қалыс қалмады. Бұған мектеп оқушылары да қызығушылық танытып отыр.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу үшін заң мен тәртіпті сақтау қажеттігін, бұл орайда әрбір азаматтың белсенділігі аса маңызды екенін оқушылар санасына сіңірді. Жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға ықпал еткен кездесу барысында полиция қызметінің маңыздылығы, заң үстемдігі және тұрақтылықтың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғалды. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша жан-жақты жауап алды.
Оқушылармен кездесуде Қонаев қаласының құрметті азаматы, Ішкі істер саласының ардагері Қалижан Алпысбайұлы өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Құқық қорғау саласында 30 жылға жуық қызмет еткен ардагер Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген аталы сөзін алға тартып, жас өскіннің тәртіп бұзбай, адамгершілік атты асыл қасиетті аяқасты етпей, ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтау қажеттігін қадап айтты. Аталы сөзге ден қойған оқушылар басқосудан айрықша әсер алып, тарқасты.
Алматы облысы