
Биатлоннан әйелдер арасында 7,5 шақырым спринтте бақ сынаған Арина Крюкова Азиаданы 4 - сатыда түйіндеді. Оның уақыт көрсеткіші - 23:06.5 секунд. Осы бәсекеде өнер көрсеткен өзге отандастарымыз Ольга Полторанина 23 минут, 17.8 секундта жүріп өтіп, бестікке кірді. Дарья Климина 23 минут, 30.7 секундта мәреге жетіп, 7-орынды місе тұтты, Полина Егорова 13-сатыға табан тіреді.
Сайыстың алтын жүлдесін Оңтүстік Корея спортшысы Екатерина Аввакумова еншіледі. Күміс пен қола медаль жергілікті спортшылардың қоржынында қалды.
Фристайл-акробатикадан синхронды секіруде жүлдеге таласқан Ардана Маханова мен Аяна Жолдас қола медальға қол жеткізді.
Кёрлингтен әйелдер құрамасы Филиппинге қарсы кезекті кездесуін өткізді. Тартысты матчта 5-4 есебі ел құрамасының пайдасына тіркелді. Команда сапында Тылсымай Аллиярова, Мерей Тастемір, Ангелина Эбауер, Екатерина Колыхалова, резервтегі ойыншы Регина Эбауер өнер көрсетті.
Құрама бүгін Қатар спортшыларымен шеберлік байқасады. Жартылай финалға шыққан құрамалар ертеңгі 2 ойыннан соң анықталады.