Сұхбат • 05 Ақпан, 2025

Джабер әл-ТЕМИМИ: Экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор

125 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Тигр мен Евфрат өзендері аумағын алып жатқан тарихи­ Месопотамия мекенінің бүгінгі мұрагері – Ирак мемлекетімен қарым-қаты­на­сымыз жан-жақты жанданып келеді. Әсіресе сауда-экономика, мәдени және туристік салаларға айрықша көңіл бөлініп отыр. Ирактың Қазақ­­стан­дағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажм Абдолла әл-Темими мырза­мен болған сұхбатта осы байланыстардың бүгіні мен келешегі жайын­да кеңінен әңгіме өрбіді.

Джабер әл-ТЕМИМИ: Экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор

– Джабер мырза, әңгімемізді Ирактың бүгінгі саяси-эко­но­микалық жай-күйінен бастасақ. 2003 жылғы соғыстан кейін елде қандай өзгеріс болды?

– Біздің еліміз адамзат тарихында өзіндік орны бар Шумер, Аккад, Бабыл (Вавилон), Ассирия және Араб-ислам өркениеттері қанат жайған тарихи өлке саналады. Бастауы біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта жатқан Месопотамияда адамзат тарихындағы алғашқы жазу-сызу – бабыл сына жазуы пайда болған. Дөңгелек те алғаш рет осы жерде ойлап табылған. Ал Бабыл патшасы Хаммурапидің заңдар жинағы қоғам өмірін реттеген алғашқы жазбаша құқықтық құжат болған еді. Сондай-ақ месо­по­тамиялықтар егіншілікпен ай­на­лысқан алғашқы қауымның бірі саналады.

Кейінгі ғасырда біздің еліміз жақсы кезеңді де, қиын шақ­ты да бастан кешті. Соның ішінде 2003 жылы 30 жылдан аса елді билеп-төстеп, халықты көп қиыншылық пен қасіретке душар еткен Саддам Хусейн режімі құлаған соң, ел өмірінде үлкен өзгеріс орын алып, демо­кратиялық реформа жүзеге асты. Бірпартиялық жүйеден сая­си плюрализмге көштік. Қазір Иракта бірнеше саяси партия жұмыс істейді.

Экономика жайында айт­сақ, қазіргі таңда Премьер-министр Мұхаммед Шиа әл-Су­дани басқаратын үкіметіміз ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Соның қатарында құны 6 млрд долларды құрайтын «әл-Фау» портының құрылысы мен құны 14 млрд долларға баға­ланған «Даму жолы» жобасы бар. Оның аясында ұзындығы ­1 200 шақырым жол салынып, ол Ирак­тың Араб шығанағындағы порт­тарын Түркиямен жалғап, сол арқылы Азия мен Еуропа нарық­тарын Ирак арқылы байла­ныс­тырады.

– Біздің білуімізше, Ирак мұнай өндіруден әлемде 4-орын алады. Сіз айтып отырған іргелі жобалар мен мұнай өндірудегі табыс ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр?

– Иә, Ирак – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдің бірі. Нақтырақ айтқанда, күніне шамамен 4,3 млн баррель мұнай өндіріледі. Алдағы уақытта 6 млн баррельге жеткізу жос­парда бар. Ал жер астындағы барланған мұнайдың жалпы қоры – 145 млрд баррель. Қазір көптеген халықаралық мұнай компаниясы Ирактың кен орындарын игеріп жатыр. Мұның бәрі, әлбетте, Иракты қуатты әрі тұрақты экономикасы бар елге айналдырып отыр. Ал мұнайдан түсетін табыс түрлі сервистік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ ирак­тықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмсалып келеді. Был­тыр ел бюджеті 153 млрд доллардан асқанын айта кету керек.

– Қазақстан мен Ирактың өзара сауда-экономикалық бай­ланысы қандай деңгейде? Біз сіздерге қандай тауар түрін экспорттаймыз, сіздер бізге не жеткізесіздер?

– Екі ел арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастықтың ора­сан зор әлеуеті тұрғысынан қара­сақ, қазіргі өзара алыс-беріс көлемі өз деңгейінен төмен екенін айтқым келеді. Қазақстанда Ирак­қа қажетті көптеген ресурс бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы ­өнім­дері, соның ішінде бидай мен арпа сияқты дәнді дақылдар, мал шаруа­шылығы өнімдері, т.б. Жа­қында Ирак кәсіпкерлері Қазақстанға келіп, мұндағы ет пен тірі малдың бағасы Иракқа экспорттауға өте қолайлы екеніне көз жеткізді. Атап айтсақ, сіздерде бір кило еттің құны Ирактағы ба­ға­ның жартысынан азын құрайды.

Ал Ирак Қазақстанға экспорт­тауға болатын көптеген тауар мен азық-түлікке, әсіресе жеміс-жидекке бай. Оның ішінде құрма, апельсин, анар, жүзім, сондай-ақ көкөністің көптеген түрі бар.

Қазіргі таңда Қазақстан Ирак­қа бидай, арпа, ұн және ет ­экспорттаса, Ирак Қазақстанға құр­­ма түрлерін жеткізіп беріп отыр. Дегенмен өзара сауданың көбі тікелей емес, үшінші елдер арқылы жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде тауар бағасының қымбаттауына әсер етіп тұр. Сол себепті біздің алдымызда тұрған басым міндет – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты тікелей, үшінші тарапсыз жүзеге асыруға күш-жігер жұмсау.

– Оған қандай кедергілер бар?­

– Экономикалық байланыс­­ты арттыруға екі тарап та мүдделі. Алайда арамызда құрлықпен де, теңізбен де тікелей көлік бағытының болмауы, сондай-ақ сауда-экономикалық және ин­вес­тициялық ынтымақтастықты реттейтін құқықтық базаның жоқтығы біраз қиындық туғызып тұр. Сол себепті біздің елшілік Қазақстанның министрліктерімен, өзге де жауапты салалық ведомст­во­лармен белсенді жұмыс жүр­гі­зіп жатыр.

Тағы бір айта кетер жайт – Ирак кәсіпкерлеріне Қазақстандағы қолжетімді экономикалық мүм­кін­діктер жайында ақпарат жете бермейді. Бұл – бизнес сала­сын­дағы қарым-қатынастың болмауы­нан туындап отырған жағдай. Осыған орай біз мүдделі тара­п­тарға екі елдегі тиімді мүм­кін­діктер туралы ақпарат беру үшін байыпты жұмыс істеп, өзара бай­ланыстарды орнатуға және кез­десулер өткізуге атсалысып жатырмыз.

Иракта Қазақстан елшілігінің болмауы да біздің ел азаматтары үшін қиындық тудыратынын айта кету керек. Олар виза алу үшін Аммандағы (Иордания) Қазақстан елшілігіне жүгінуге мәжбүр. Егер Бағдадта сіздердің елшіліктеріңіз ашылса, екі ел арасындағы эко­но­микалық қатынастар мен бас­қа да саладағы барыс-келісті жан­дандыруға ықпал етер еді.

– Қазақстан мен Ирак – тарихы тамырлас, мәдени-діни салада ортақ құндылықтары көп елдер. Қазіргі таңда бұл бағытта қандай байланыс бар?

– Иә, біздің халықтарымызды көп нәрсе байланыстырады және өзара ынтымақтастық тарихы тым тереңде жатыр. Ең алдымен қазақ пен арабты ата-баба­дан қалған салт-дәстүр мен құн­ды­­лықтарды құрметтеу мен сақтау, қонақжайлылық пен жомарт­тық секілді қасиеттер жақын­дастыратынын айтар едім. Қазақ жерінен шыққан ұлы философ ғалым Әбу Насыр әл-Фараби ғы­лым іздену жолында Бағдадта он жыл өмір сүрген. Ол араб тілін жетік меңгеріп, өнер, музыка, медицина, физика салаларында көптеген еңбек жазып қалдырды. Бұл ғұлама ирактықтардың жүре­гі­н­ен ерекше орын алады. Бағдадта әл-Фарабидің зәулім ескерткіші, сон­дай-ақ оның атында университет бар.

Ислам дінін тарату үшін Орталық Азия елдеріне аттанған мұсылман қолбасшылары­ның көбі Иракта дүниеге келген. Мысалы, Мәуреннаһр аймағына дін таратуға ықпалы тиген белгілі қолбасшы Құтайба ибн Муслим әл-Бахили – біздің өлкенің тумасы. Ислам халифаты кезінде Орталық Азия халықтарынан шыққан көптеген мұсылман ғұламасы мен имамдары Бағдадта оқып, ислам құқығын меңгеріп, әлемнің түк­пір-түкпіріне дін ілімінің жетуіне атсалысты. Осындай қоян-қолтық қарым-қатынастың арқасында қазіргі таңда араб пен қазақ ха­лық­­­тарының тілдерінде терең лин­­г­вистикалық байланыстар бар.

– Қателеспесем, Ирактың Нау­­рызды ресми мереке ретін­де атап өтетін санаулы араб елі­нің бірі екені рас па?

– Иә, 21 наурыз – біздің елдегі айтулы мейрамның бірі. Әсіресе, елдің солтүстігіндегі Күрдістан аймағында кең көлемде тойланады. Наурыз көктемнің шығуымен тұспа-тұс келіп, ауа райы жылып, табиғат қайта туғандай құл­пы­ратын жаймашуақ мезгіл бол­ған­дықтан, адамдар бұл мерекені тауда, табиғи саябақтарда отбасымен, достарымен бірге, жаппай ұлттық киім киіп, әртүрлі тағам әзірлеп, ерекше қуанышпен қарсы алады. Бұл мереке, әсіресе, күрд халқының фольклоры мен әдеби мұрасында терең орын алған діни, саяси және мәдени мәнге ие.

– Ирактың ежелгі өркениет ошағы болғанын айтып жатырсыз. Туризм үшін мұның маңызы айрықша. Осы орайда Ирак қазақ саяхатшыларын қандай тарихи-мәдени жер­ле­рімен қызықтыра алады?

– Иә, біздің еліміз бай мәде­ние­тімен, терең тарихымен және көрікті туристік орындарымен ерек­шеленеді. Көне өркениет орта­лықтары саналатын Бабыл, Ур және Самарра қалалары, сон­дай-ақ Бағдадтағы тарихи орындар қазақ саяхатшыларының на­за­рын аударарына күмәнім жоқ. Дін тұрғысынан алғанда, Ирак – пайғамбарлар бесігі. Пайғамбарлардың атасы Ибраһим (ғ.с.) Бабыл қаласында дүниеге келіп, Ирактың оңтүстігіндегі Ур қаласында өмір сүрген. Сонымен қатар Ирак жерінде имамдар мен әулиелердің кесенелері сақталған. Атап айтсақ, Бағдад қаласында ұлы имам Әбу Ханифа мен Абдул-Қадір Гилани кесенелері бар.

– Бір жылдары ИШИМ тер­ро­ристік ұйымы (Ирак пен Шам ислам мемлекеті – Қазақстанда тыйым салынған) Ирактың бір бөлігінде лаң салғанын білеміз. Қазір елдегі діни ахуал қалай?

– 2014 жылы бұл террористік ұйым Ирак аумағының үштен бір бөлігін өз бақылауында ұста­ған еді. Алайда 2017 жылы елі­міздің қауіпсіздік күштері халықаралық коалиция және дос­тас елдердің көмегімен «Ислам мемлекетін» құрамыз» деп талпынған тер­рористік топтарды толығымен жеңіп, ел аумағын лаңкестерден біржола тазартты. Бүгінгі таңда Иракта діни ахуал тұрақты. Ел іші қауіпсіз. Соның арқасында экономикамыз да қалпына келіп, дамып жатыр. Мен көршілес мемлекеттермен шекаралық қауіпсіздіктің маңызын ерекше атап өткім келеді. Себебі Ирак­қа іргелес ел­дер­­дегі кез келген жағымсыз оқи­ға біздің елге де теріс ықпал етуі мүмкін. Алайда Ирак осы мәселеге ерекше мән беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап отыр.

– Жуырда әлеуметтік желіде Иракқа қатысты бір жағымсыз видео тараған еді. Ол жерде 35 жастағы еркек пен 9 жасар қыз баланың үйлену тойы көр­сетіліп, Ирактың заңы бо­йынша қыздарды 9 жасынан бастап тұрмысқа береді екен деген ақпарат айтылды. Бұл қаншалықты рас, соның ақ-қарасын өз аузыңыздан білсек?

– Иә, біз де бұл видеоны кө­ріп, арнайы тексердік. Оны ең алғаш болып бір британдық сайт таратқан. Бірақ ол жердегі адам­дардың киімдері, той рәсім­дері, тіпті адамдардың түрлері де ирак­тық­тарға мүлдем ұқсамайды. Тек­се­ре келе оның Иракқа еш­қандай қатысы жоқ екеніне көз жеткіздік.

Ал некеге қатысты заңға келсек, бізде үйленуге 18 жастан бас­тап қана рұқсат етіледі. 9 жастан тұрмысқа шығу – біздің қоғам үшін жат. Ондай жабайылықты ирактықтар қабылдай алмайды. Мен журналистер мен блогер­лерге осы секілді күмәнді ақпараттар­ды тек­серіп барып қана таратқан ­абзал екенін ескерткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»