
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алдағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1 231 мектепті жаңарту жоспарланып отыр. Оның 820-сы ауылдық жерде орналасқан. Мұндай басымдықтың болу себебі аталған жоба аясында қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтық азаяды. Осы орайда «жөндеу жұмыстарының нақты бағдарламасы қандай?» деген заңды сұрақ туындайды.
Енді соны ашып айтайық. Күрделі жөндеу барысында мектептер ең әуелі заманауи пән кабинеттерімен жабдықталып, жиһаздар толығымен жаңарады. Сонымен қатар кітапханалар мен асханаларды модернизациялау, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, спорт залдар жаңартылады, тым ескірген болса жаңадан салынады. 2025–2027 жылдарға арналған жаңғырту жоспары осындай. Бұл шаралар білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, инновациялық технологияларды еркін енгізуге, ең бастысы сапалы білім алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, елімізде кейінгі екі жылда 32 апатты және 71 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілген, сондай-ақ өңірлердегі 200 мектепте оқушы орындарының тапшылығы жойылған. Бұл көрсеткіштер осы кезеңде жарты миллион оқушыға арналған 422 жаңа мектептің салынуымен байланысты.
«Мектеп инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2023–2024 жылдары 464 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар былтырғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 35 нысан қалпына келтірілді. 2039 мектепте 3130 заманауи пән кабинеттері (роботтехника, химия, биология, физика, STEM) жабдықталды. Ал енді, алдағы мақсатымызға тоқталсақ, әртүрлі қаржыландыру бағдарламаларын, яғни мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және демеушілік көмектерді біріктіру арқылы мектептерді кешенді жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Мұндағы мақсат – елдегі 1231 мектептің оқу кабинеттерін, асханаларды, спорт алаңдарын және кітапханаларды жаңарту. Аталған жоспар тек жөндеу жұмыстарын ғана емес, мектептердің материалдық-техөникалық базасын толық жаңартуды да қамтиды. Әсіресе ауыл мектептерінің деңгейін көтеруге, олардың материалдық-техникалық базасын жақсартып, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударамыз. Өйткені білім беру ұйымдарының 67 пайызын, яғни 5745 мектепті аудандық және ауылдық мектептер құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының Петерфельд ауылындағы мектепке жасалған жөндеу жұмысы кешенді тәсілдің тиімділігін көрсетті. Яғни инвесторлар қаржы құюының нәтижесінде сол ауылдағы мектеп еліміздегі ең заманауи білім беру мекемелерінің біріне айналды», дейді Еділ Сабырұлы.
Жобаны жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, 2025 жылы – 262 мектеп, 2026 жылы – 436 мектеп, 2027 жылы 466 мектеп жаңғыртылмақ. Бұдан бөлек, Жамбыл облысында 2028–2029 жылдары 67 мектеп жаңартылады.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аяқталатынын да айрықша атап өтті. Аталған бағдарлама аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 заманауи мектеп салу жоспарланған, олардың 105-і 2024 жылы бой көтерді. Бұл ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай, сапалы және тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бастама тек жайлы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуды ғана емес, сонымен қатар балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Қысқасы, «жайлы» деген мектептердің жай мектептерден артықшылығы көп.
«Жайлы мектептердің аумағы типтік мектептерге қарағанда 15–20 пайызға үлкен болады, ал техникалық жабдықталуы 4 есеге артады. Жаңа мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залы, коворкинг аймақтары, ойын және ашық ауада жаттығу алаңдары, сондай-ақ алғашқы әскери дайындық плацы қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Көптеген орта мектептен айырмашылығы, жаңа мектептерде 3-4 спорт залы болады. Сонымен қатар мектеп аумағында әртүрлі іс-шара мен ұлттық дамыту ойындарын өткізуге арналған алаңдар жасалады», деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Мақсұтов.
Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының сөзі ойға оралады. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ». Сондықтан қыруар қаржыға салынған «Жайлы мектепке» педагог те сай болуға тиіс. Вице-министр Еділ Оспанның айтуынша, өткен жылы орта буын білім беру ұйымдарының 80 мыңнан астам педагогі тегін біліктілікті арттырудың курстарынан өткен. Сонымен қатар «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында директорлар корпусын дайындау жүргізілуде. Қабылдау комиссиясының ұсынуы бойынша кадр резервіне енгізілгендер мемлекеттік білім беру ұйымдарының директоры лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Бүгінгі таңда іріктеу мен оқытудың барлық кезеңдерінен өткен 179 бағдарлама қатысушысы директор болып тағайындалды. Олардың ішінде 20-дан астамы жайлы мектептерді басқарды.
«Жаңа мектептерде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылады. Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлама, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет қарастырылған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жақсы жағдай жасалғанын да атап өткен жөн. Бұл – логопед, психолог, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері мен арнайы техникалық құралдар. Тағы бір айта кетерлігі, мектептер аймақтардың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жобаланған», дейді вице-министр.