
Мәскеуде 28 жастағы қазақстан азаматы қолға түсті. Ол Алматы тұрғындарын алдап, олардың қымбат смартфондарын сату үшін алып, ізін суытқан. Бұл қылмысты ол 2023 жылдың сәуірі мен қазаны аралығында жасаған.
«Оның алаяқтық әрекеттерінің салдарынан жеті адам зардап шекті. Келтірілген материалдық шығын 32 миллион теңгеден асады», деп мәлімдеді ІІМ өкілдері.
Ресейдің Люберцы қаласында Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері мен Ресей құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде 36 жастағы әйел ұсталды.
«Тергеу барысында анықталғандай, бұл азаматша – Өзбекстан азаматы. Ол 2014 жылы біреудің жер телімін өз атынан сатып, иесін алдап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын – 14 мың АҚШ доллары», деп хабарлады ведомство.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстаннан қашып кеткен 11 қылмыскер шетелде ұсталды. Сонымен қатар ел аумағында шетелдік құқық қорғау органдары іздеген 44 қылмыскер анықталды.